Дау тудырған ақылы тұрақ мәселесінің нүктесі қойылды ма?

 «20 нақты бастама» жобасы аясында енгізіліп жатқан жаңалықтар тұрғындар мен билік өкілдері арасында келіспеушілік туындатып отыр. Осы және өзге де көптеген мәселелердің басын шалып, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарды «Astana lrt» жшс басқарма төрағасының көлік жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Бейбіт Есжановқа жолдадық.

Ақылы тұрақ қауіпсіздікті қамтамасыз етеді

– Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежа­йындағы көлік тұрағының құны халық арасында наразылық тудыртып, қоғам пікірін екіге жарды. Осы мәселенің басын ашып алып, түсіндірме жұмыс­тар жүргізу аса маңызды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылғанын тізбектеп, тұрақта қандай тәртіп орнатылғанын баяндап берсеңіз. Әуежайда тегін автотұрақтар бар ма? Халықтың көкейінде жүрген сауалдардың бірі – әуе­жайдағы тарифтер қалай қалыптасады? Әуежайдағы тарифтер мен теміржол вокзалындағы тарифтер бірдей ме?

– Әуелі әуежай аумағындағы жүйені іске қоспас бұрын автотұрақты ұйымдас­тыру бойынша жұмыстар жүргізілгенін түсіну керек. Атап айтсақ, жаңа автотұрақ құрылғысы орнатылып, тұрақ орны қайта белгіленді. Ақпараттық тақталар ілініп, әуежай маңындағы көлік жүргізушілеріне тұрақ құны жазылған үлестірме материалдар таратылды. Тұрақ аймағына түсетін жүктемеге талдау жүргізіліп, сараптама жасалды. Тұрақ орындарының айналымы анықталды.

Біз халықаралық тәжірибеге сүйеніп, халықаралық кеңесшілердің сын-ескертпесін негізге алып, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежай маңындағы алаңда автотұрақтың бірнеше түрін ұсынып отырмыз. Мәселен, (P-1) автотұрағы жолау­шыларды отырғызу мен түсіруге немесе ұшып келген қонақтарды қарсы алуға арналған. Барлық іркілістерді есепке алсақ та, бұл үдеріс 2 сағаттан көп уақыт алмайды. Осы жайттың негізінде (P-1) автотұрағында келесідегідей тарифтер орнатылды:

Бұл тарифтік кесте әуежай маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында белгіленді. Әлемдегі террористік актілердің жиілеп кетуіне байланысты елорда тұрғындары мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші орында тұр. Егер көлік ашық автотұрақта әуежайдағы кіріп шығатын адамдардың маңында бір тәуліктен астам уақыт тұрса, көлік адамдардың қауіпсіздігіне төнетін қауіп ретінде бағалануы мүмкін. Тағы бір айтатын жайт, (P-1) тұрағында бір тәуліктен астам уақыт тұрған көлік басқарушы компанияның операциялық жұмыстарын атқаруға кедергі келтіріп қана қоймай, оны шығынға батырады.

Тұрақтың санатыАялдау уақытыТариф
1Р1 ортақ иеліктегі ақылы тұрақ30 минутке дейін —
30 минуттан бастап, 1 сағатқа дейін 300
2 сағатқа дейін 400
екінші сағаттан бастап, 24 сағатқа дейін (әрбір сағатына) 1 500
24 сағат уақыт өткеннен кейін әрбір келесі сағаты үшін 2 500

Ұзақ уақытқа қалдырылған көлік автотұрақ маңындағы арнайы техникамен тазалау жұмыстарын жасауға мүмкіндік бермейді. Тарифтер осындай бірқатар маңызды мәселелердің салдарынан туындап отыр. Бірақ әуежай маңында көліктерді ұзақ мерзімге қойып кетуге арналған 266 тұрақ орынға шақталған паркинг барын еске саламыз. Бұл паркингтің тарифтері көлік иесіне тиімді:

Тұрақ санатыАялдау уақытыТариф
Р3 Паркингі3 сағатқа дейін1000
3 сағаттан бастап, 12 сағатқа дейін1 500
12 сағаттан бастап, 24 сағатқа дейін2 000
әрбір келесі тәулігі үшін1 800

Халықаралық әуежай маңында P-6 тұрақ орындары қарастырылған, мұнда көлік иелері өз көліктерін тегін қо­йып кете алады.Ал Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы және ескі теміржол вокзалы маңындағы көліктерге арналған тұрақтың тарифтік кестесі әртүрлі.

Вокзал маңындағы жүктеме 42 пайызға дейін төмендеді.

– Ескі теміржол вокзалындағы тұрақ орындары да көптеген сұрақ тудырып отыр. Көлік жүргізушілері ақылы тұрақты төлеуге арналған автоматтың тұрған жері ыңғайсыз дейді. Соманы анықтап беретін терминалдан өткеннен кейін, төлемақыны вокзалдың ішінде жасау керек екен. Тұрғындардың айтуынша, бұл – өте қолайсыз жүйе. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Ескі вокзалда тұрақ орындарының тапшылығы байқалмай ма? Жолаушыларды қалааралық тасымалдаумен заңсыз айналысып жүрген жүргізушілермен күрес жүргізіліп жатыр ма?

– Бүгінде ескі теміржол вокзалының маңында 251 тұрақ орны бар, оның 7-уі халықтың мамандандырылған тобына арналады. Ақылы тұрақты енгізгеннен кейін, вокзал маңындағы жүктеме 42 пайызға дейін төмендеген. Ал оның алдында бұл көрсеткіш 156 пайызға тең болатын. Міне, сол себепті қосымша тұрақ орындарын жасаудың қажеті жоқ. Осы уақытқа дейін аймақта тұрақ орнына төлеуге арналған екі терминал және бір касса болатын. Көлік жүргізушілердің өтініші бо­йынша қосымша паркоматтар орнатылып, олармен жұмыс істеудің тәртібі түсіндірілді. Осылайша, ақылы тұрақтың маңында төлемақы жасауға арналған 4 паркомат пен 1 касса орнатылды.

«Астана» теміржол вокзалы маңында осы жылдың 17 маусымынан бастап заңдас­тырылмаған коммерциялық жұмыспен айналысуға тыйым салынды. Бұл вокзал маңындағы алаңда орналасқан ақылы тұрақтың жұмысына да өзгеріс енгізді.

Заңсыз таксистермен күресу мақсатында сегіз немесе одан көп орынға арналған көлік құралдарына шектеу қойылды. Белгілі болғандай, қалааралық жолаушылар тасымалымен заңсыз айналысатындар сегіз немесе одан көп орынға шақталған минивенмен жолға шығады. Заңсыз таксистер рейс алдында ресми тіркелген тасымалдау­шылар сияқты медициналық куәландырудан өтпейді. Олардың көліктерінің техникалық жағдайын ешкім тексермейді, осылайша жолаушылардың өміріне қауіп төнеді.

Сондай-ақ, вокзал маңындағы жүргізушілердің көптігі соншалық, вокзалға, мәселен, жарты сағатқа ғана келген тұрғындар көліктерін қоятын жер таппайтын. Сол себепті 24 сағаттан астам уақыт бойы ақылы автотұрақта көліктерді қалдырып кетуге рұқсат берілмейтін болды. Биылғы жылдың 17 маусымынан бастап тұрақта бір сағат аялдаудың құны – 100 теңге, екі сағатқа 200 теңге болып бекітілсе, одан кейінгі сағатта тұрақ құны белгіленген тарифтік кестеге сәйкес төленеді. Ал алғашқы 30 минут – тегін.

Теміржол вокзалында және ақылы автотұрақ орындарының жұмысын өзгерту қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жасалынып отыр. Қабылданған шараларға дейін астаналықтар мазаларын алған таксистер мен бос тұрақ орындарының болмауын сөз етіп, шағымданған болатын.

Жыл соңына дейін 9 мың ақылы тұрақ пайда болады

 

– Қала аумағында қосымша тұрақ орындарын жасау жоспарда бар ма?
– Иә, «Астананың тұрақ кеңістігін басқару» жобасы аясында қала көшелерінде 9 мыңға жуық тұрақ орнын белгілеу жоспарланып отыр. Бұл жобаның басты мақсаты – жолдың жүретін бөлігінде ұзақ уақытқа қойылған көліктердің санын қысқарта отырып, көше-жол желісіне түсетін жүктемені 20-30 па­йызға және тұрақ аймағының жүктемесін 40-50 пайызға дейін азайту, қоғамдық көліктерге деген сұранысты 15-20 пайызға көбейту, қала орталығында көлік құралдарының жылдамдығын арттыру, жол-көлік оқиғаларын 70-80 пайызға азайту, тұрақ орнының айналымын 30-40 пайызға көбейту, жаяу жүргіншілердің, қоғамдық көліктер мен автомобильдердің қозғалысын жеңілдету.

Осы жылдың соңына дейін енгізілетін 9 мыңдай тұрақ ақылы түрде болмақ. Бірінші аймаққа Тұран – Сарайшық – Мәңгілік ел – Сығанақ көшелерінің қиылысында, ал екінші аймақтағы тұрақтар Сарыарқа – Бөгенбай батыр даңғылы – Республика даңғылы – Есіл өзенінің жағалауы шегінде орналаспақ.

– Таяу жылдарда қалалық қоғамдық көліктердің бағыты ұзара ма?
– Бағытжол желісінің ұзындығы адам көп қатынайтын орындардың пайда болуымен байланысты. Әзірге болжам бойынша бағыт желісі 10-15 пайызға көбейеді.
– Мектеп автобустарындағы жолақы қалай қалыптасады? Жол қозғалысында оларға басымдылық беріле ме?

– Қазіргі таңда оқушыларды мектепке тасымалдаумен қалалық Білім беру басқармасы айналысуда. Әр мектеп мемлекеттік сатып алушылар арасында ашық түрде байқау ұйымдастырады. Нәтижесінде жеңімпаз анықталып, балаларды мектепке тасымалдаумен сол кәсіпорын айналысады. Мектепке тасымалдауға арналған арнайы тариф енгізілмеген. Ал артықшылыққа келетін болсақ, мектеп автобустары белгіленген Bus Lane жолақшаларымен жүруге құқылы.

1Ортақ иеліктегі ақылы тұрақ 806 орын 

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы жолаушылары мен қонақтарының көліктерін қысқа уақытқа қалдырып кетуге арналған орын

 

2Бірінші сызық 

Астана халықаралық әуежайының жолаушылары 10 минуттан аспайтын уақытта отырғызу мен түсіруге арналған орын

 

3Жабық ақылы паркинг 266 орынКөлік түрлерінің ұзақ мерзімді уақытқа аялдауына арналған

 

4VIP-жолаушыларға арналған ақылы тұрақVIP-жолаушылар көліктерін қысқамерзімді уақытта күтуіне арналған

 

5Қызметтік тұрақАстана халықаралық әуежайының қызметкерлеріне арналған

 

6Тегін тұрақ 543 орынАстана халықаралық әуежайының жолаушылары мен қонақтарына арналған түнгі және күндізгі уақытта минималды тарифпен өлшенетін тегін тұрақ

 

– Экспресс автобустардың санын көбейтуді қолға аласыздар ма? Ондағы жолақы қымбаттамай ма?

– Иә, бұл жоспарда бар. ЭКСПО көрмесі аяқталғаннан ке­йін сұранысқа ие шаттл-бастар экспресс автобусқа айналмақ. Ал тариф сол қалпы қалады.
– Жақын арада «Астана LRT» жаңа жобаларды ұсына ма?
– Қоғамдық көлікті дамыту біздің ең басты мақсатымыз болып қала бермек. Bus Lane қосымша жолақтарын салу, кейбір көше тораптарында бір бағыттағы қозғалыс жасау, сондай-ақ қалаға ақылы кіруді енгізуді жоспарлап отыр­мыз.
– Астаналықтар мен қала тұрғындары пікірі мен ұсыныстарын, наразылығы мен алғыстарын жолдай алатын бірыңғай жүйе бар ма?
– Тұрғындар 57-47-77 телефон нөміріне хабарласып, біздің мамандармен тілдесе алады. Ал Telegram желісінде @astrabus_bot логинімен тіркелген бот кез келген сұрақты назардан тыс қалдырмайды.

Қоғамдық көлік жұмысын ұйымдастыру:

– Қоғамдық көліктердегі валидаторлардың істен шықпауына кім жауапты? Валидатор жұмыс істемеген жағдайда, не себепті жолау­шылар жолақыны ақшалай беруге міндетті?

– Валидаторлардың жұмыс істеп тұруына автопарктер жауапты. Ал оларға техникалық көмек беретін – «Технодата» компаниясы. Расымен, валидатор істен шықса, жолау­шылар жолақыны қолма-қол беруге міндетті. Бұл заң аясында қарастырылған.

– Қоғамдық көліктердегі жолақы көтерілмей ме? Жалпы, оның өзіндік құны қалай қалыптасады?

– Қазіргі таңда сараланған тарифті енгізу туралы ұсыныс­ты қарастырып жатырмыз. Бұл дегеніміз автобустағы қолма-қол төлем Astra plat карталарындағы жолақыға қарағанда қымбаттырақ болуы мүмкін.Қалалық және қала маңында жүретін автобустардағы тарифті Астана қаласының әкімдігі өзінің қаулысымен бекітеді. Ал тарифтерді жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар қояды. Оның құнына жанар-жағармай материалдарының бағасы, амортизация сияқты барлық экономикалық көрсеткіштер кіреді.

– Жеңілдікпен жүретін жолаушылардың санаты сол қалпы қала ма?
– Иә, жолаушылардың санаты өзгермейді.

– Қысқы уақытта автобус парктерінің саны көбейе ме?
– Тәжірибеге сүйенсек, қысқы уақытта жыл сайын сұранысқа ие деген авто­

бустардың саны 10 пайызға дейін көбейеді.

– Әлеуметтік желіде тұрғындар қоғамдық көліктегі бағыттарды өзгерту керек деген ұсыныстарын әрдайым айтып отырады. Бұл мәселенің шешімі бола ма?

– Әрине, көлік бағыты тұрғындардың қажеттілігіне сәйкес өзгеріп тұрады. Бұған бағытжол желісі де әсер етеді, халық көп шоғырланатын орын пайда болса, бірден өзгереді.

 – Жаз кезінде көптеген автобустарда салқындатқыш жұмыс істемейді, ал қыс айларында, керісінше, жылыту жүйесі жөнді істемейді. Бұл жөнінде не айта аласыз?

– Қыс мезгілінде тұрғындардың атынан жылыту жүйе­сіне шағымдар келіп түскен емес. Ал салқындатқышқа келетін болсақ, олар тек IVECO маркалы жаңа автобустарда ғана орнатылған. Бұл – барлық автобустардың 40 пайызы деген сөз. Шындап келгенде, жанармайды үнемдеу мақсатында ауа салқындатқыштарды өшіру фактілері бар. Оларды болдырмау мақсатында көлік құралдарын тексеру қызметі тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

– Осының алдында хабарлағаныңыздай, тиісті талдау жүргізіліп, нәтижесінде қоғамдық көліктегі кондукторлардың жұмысынан бас тартуымыз мүмкін деген едіңіз. Қазір қандай шешімге келіп отырсыздар?

– Автобустардағы жолақыны тек карта арқылы төлеу жүйесіне үйрену үшін халыққа біршама уақыт қажет болып шықты. Сондықтан кондукторлардан бас тартамыз деуге әлі ерте.

– Қоғамдық көліктерде жақсы жүргізуші тапшы. Жұмысқа орналасу үшін олар қандай талаптарға сай болуы керек?

– Қоғамдық көлік жүргізушісі міндетті түрде еңбек өтілімі 5 жылдан кем емес «D» категориялы жүргізуші және қоғамдық көлікте 3 жыл еңбек өтілімі болуы тиіс. Таңдап алынған жүргізушілер біліктілікті арттыратын орталықта оқиды. Жұмысқа орналасам деген үміткерлер қалалық автобус паркіне де, қалалық Көлік мамандарының біліктілік орталығына да түйіндемелерін қалдыра алады.

 Сұхбаттасқан 
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ