Жастарда жаңалық көп

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қарауына берілді. Бұған дейін орталық Білім және ғылым министрлігінің қарамағында болған еді.

Әрине бұл шешім жастарға ашылған жол деп білеміз. Себебі, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру тиімділігін, жастармен жұмыс жасайтын мамандардың құзірет деңгейін арттырады, сондай-ақ жастар арасындағы тәуекелді анықтау және алдын алу бойынша жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 2013 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің  жанында құрылды. Орталық ерекше мәртебеге ие. Оның қызметі «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен бекітілген. Орталық ғылыми зерттеулер жүргізеді және мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

Орталық жыл сайын жастар арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізеді, «Қазақстан Жастары» Ұлттық баяндамасын, жастар саясатының институттарына арналған әдістемелік құралдар мен ұсынымдарды әзірлейді. Сондай-ақ жүйелі түрде жастармен жұмыс жасайтын мамандардың құзіретін арттыру бойынша іс-шаралар жиынын өткізіп тұрады.