Демалыстан келген депутаттардан не жаңалық күтеміз?

 

Депутаттар демалыстан келді. Бүгін Парламенттің үшінші сессиясы ашылды. Өткен сессияда жүзден аса заң қаралып, оның сексен төрті қабылданған болатын. Палатаның алдағы уақытта өтетін отырысында қаралатын мәселелер де белгілі болды. Мәселен, «Мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне бірыңғай стандартын енгізу» мәселесі қаралмақ.  Бұл да күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.

Алайда, екі ай ішінде ел аралаған депутат болды ма екен?  Өздерін сайлаған өңірлерге барып, халықтың мұң-мұқтажымен танысқандары бар ма? Халық қалаулылары халықтан алыстап кеткен жоқ па? Бірен-сараны болмаса ауыл аралап жүрген депутат көрмедік, естімедік. Әрине,  заңды демалысында олар да демалуы  керек шығар, дегенмен…

Біз сайлаған депутат,
Өжет жанды, өрт қайрат.
Қызметкері халықтың,
Болжайтұғын алды ойлап.
Біз сайлаған депутат,
Кетсе-дағы тау құлап.
Тартынбайды жолынан,
Отырмайды тұнжырап,-деп жырлады ақын Мәриям Хакімжанова. Ақын апамыз айтқандай, біз сайлаған депутаттар биыл білек сыбанып іске кірісетін шығар. Каникулға кетер алдында жалақылары  көтерілді. Бәлкім аймақтарға барып, арқалап келген күрделі мәселелері де бар шығар. Оны алдағы палата отырыстары  көрсете жатар.

Санат НҰРБАЙ