Бес күн оқып білімді бола аламыз ба?

Енді оқушы бес күн оқиды. Бұл жүйеге көшсек оқушының бос уақыты ұлғаяды. Тек, сенбі күні оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мақсатында  қосымша білім берілуі қажет. Министрлік мұғалімдердің бос уақытын және потенциалын ұтымды пайдалануды ұсынып отыр.

Бес күндік оқуда мұғалімдер босайды, бірақ сағат саны жеткіліксіз болады. Сондықтан, олар өз  бейіні бойынша мектептен кейін қосымша сабақтар жүргізуі мүмкін. Мысалы, физика пәнінің мұғалімі «Қызықты физика», «Робототехника» үйірмелерін, техникалық шығармашылық үйірмелерін жүргізе алады.

Бес күндік оқу аптасын енгізудің негізгі мақсаты – балаларымызға екі күндік демалыс беру. Бұл үшін барлық қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктерді қарастыруда. Министрлік әр мектептің сабақ кестесін белгілеп, бекітуге араласпайды. Бұл мәселені әрбір мектеп өздігінен шешеді. Үш ауысымда оқитын мектептер және гимназиялар мен лицейлерде 5 күндік оқу аптасын енгізу күрделірек мәселе. Еліміздегі 7100 мектептің 300-ге жуығы гимназия мен лицейлер.  Бұл тұста ерекше атап өтер жайт – оқу жылының ұзақтығы өзгермей, үйреншікті тәртіп сақталып отыр. Оқу жылы еш өзгеріссіз, қыркүйекте басталып, әдеттегідей 25 мамыр күні аяқталмақ.