Касса тонамақ болып ұсталды

Теміртауда шағын несие берумен айналысатын ұйымға қарақшылық шабуыл жасалған сәт видеобақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.  Камерадағы көріністе қылмыскер алғашқыда есікті ашпақшы болғандығы байқалады.

Алайда ол кілттеніп тұрған. Кассирмен сөйлескеннен кейін ол жұдырығымен витринаны ұрып сындырып, қызметтік кеңседегі үстелге мініп алады. Бойжеткен үрейі қашып есікке қарай жүгіргенде, ол оның жейдесінен ұстап, пышақпен қорқытып, кеңсеге қарай сүйреген.

Кассадан 170 мың теңгені алып, жұмысын жалғастыруға мәжбүрлеген. Қолына қайта пышақ алып, оны қорқыта бастаған. Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жол-патрульдік полициясының батальон жасағы тез арада 30 жастағы ер адамды ұстаған.

«Ол қылмыс жасағанын мойындады, оны зардап шегуші таныды. Ұсталған күдікті қамауға алынды. ҚР ҚК 192-бабы 2-тармағы «Қарақшылық» әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде», – деп хабарлады ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.