Алматыда грантқа түскен талапкерлер үлкен шу шығарды

«Алтын белгі» иегерлері мүлдем грантсыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Алматыда бір топ талапкер ақысыз оқуға түскендер тізімінде болса да, сертификатын ала алмай жүр. Сондықтан, олар студенттік өмірге дайындалудың орнына, 10 күннен бері қабылдау комиссиясын айналшықтауда. Бірақ сертификат даулағандарға тұщымды жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Ал бүгін таңертең олардың кейбіріне көптен күткен қағаз берілгенімен, оның өзі де жарамсыз болып шыққан,- дейді КТК арнасы.

 

 

Ананың көңілі балада, баланың көңілі грантта. Ал сол гранттың берілетін түрі жоқ. Жабырқаған талапкерлер мен перзентін қалай жұбатарын білмеген ата-ананың медициналық университеттің қабылдау комиссиясын айналшықтап жүргеніне осымен 10 күн. Бар мақсаттары – өздеріне тиесілі сертификаттарын алу. Өйткені ақысыз оқуға түскендердің қос тізімінде де аты-жөндері тайға таңба басқандай жазылып тұр.

Сертификат даулағандардың дені – «Алтын белгі» иегерлері. Бәрі де ҰБТ кезінде өз білімдерін дәлелдеп, 100-ден аса балл алған. Бірақ одан пайда болмай тұр.