Қағып кетіп қаза қылды, енді жаза қандай?

Шымкентте бүтіндей бір отбасыны көлігімен таптап өткен лауазымды полицей жазадан сытылып кетуі мүмкін деп,- хабарлайды ктк арнасы.

Тәртіпсіз сақшының кесірінен бір отбасының ойраны шықты. Шымкентте лауазымды полицей көлігімен қарсы бетке шығып, жаяу жолақта жөнімен кетіп бара жатқан ерлі-зайыптыларды кішкентай ұлымен таптап кеткен. Ауыр соққыдан 38 жастағы Ғалымжан оқиға орнында тіл тартпай кетсе, әйелі Бағила мен 9 жастағы жеткіншек хал үстінде жатыр.

Ал жол тәртібін өрескел бұзған 32 жастағы Жандос Оразәлиев Сайрам аудандық ішкі істер бөлімінде білдей бастық. Сондықтан, жапа шеккендердің ағайын-туысы шенді азамат әдеттегідей жазадан құтылып кете ме деп алаңдап отыр.

Кей мәлімет бойынша жол апатын жасаған БМВ ішінен бірнеше қару да табылыпты. Алайда, ішкі істер департаментіндегілер көліктен табылған қару-жараққа байланысты да жақ ашпай отыр. Әлдебір баппен іс қозғалып, күдікті қамауға алынды дегеннен ары асып ақпарат бере алмай отырған олар бірнеше сараптама тағайындапты. Әзірге бұл жағдаймен арнайы құрылған комиссия айналысып жатыр. Бірақ жапа шеккен жақ полицейлер әулетінің өкілі қатаң жаза аларына сенбей отыр.