Санамда сап-сары сағыныш

Санамда сап-сары сағыныш,
Жүректе өзгеше бір ұшқын,
Есіме салады кəрі қыс,
Ұмытуға өзімше тырыстым.

Тұлпардың тебінді жүрісі;
Анамның мейірі;
Балалық,
Тауымның аңқыған иісі,
Қаперсіз дəурен – шалалық…

Əкемнің əуелгі ақылы,
Кірмейтін тіптен құлаққа,
Ғұмырдың балалық ғасыры,
Арманы қалған жырақта…

Қозы-лақ қуған бала мұң,
Тайдың сөккен көбесін,
Шалшығын кешкен даланың,
Басына ұйықтап төбенің.

Бəрі де қазір ертегі,
Ғұмыры секілді басқаның,
Есею үлкен дерт еді,
Өзгеріп кеткендей аспаным.
Болар ма еді кешегі…

Бұзау тіс қамшы қолдағы,
Кедергілері көп кеселді,
Өтейін тіліп жолдағы….
Тынығайын сосын бір,
Сағынышымды құшақтап.
Жазайын сосын тосын жыр,
Шабытты жатпай тұсап қап…

Аятжан Ахметжанұлы