Қыстау қарлығаштарының құпия-қызықтары

«Халықаралық құстар күні» бірінші сәуір. Бұл айда жылы жақтан  құстар оралады. Жыл құстарының соңына қарай көкек деген құс та келеді. Ол қашанда көзге түспеуге тырысады, жасырынып жүреді. Дыбыссыз ұшады. Ол өзге құстардың ұяларын аңдиды. Көзді ала бере, бар жоғы 10 секундтың арасында жат ұяға өз жұмыртқасын қалдырып, лып етіп жоғалады. Жәй кетпей, ұядағы өзге жұмыртқаларды өзімен бірге ұрлап кетеді. Бір қызығы оның жұмыртқалары сол ұядағы жұмыртқалардан аумайтыны. Балапан болып шыққан соң жем іздейді. Жем іздегені былай тұрсын торғайдың өз балапандарын тістелеп, ұядан құлатып жібереді. Басқыншылық демей не дейміз? Мұны Есенғали Раушановтың «Қазақ әдебиеті» газетіндегі мақаласынан оқып-білген едім.

Бала күннен бірге өскен досым Бейсекеқажыұлы Қасқырбаймен бәйбішесі Құрманбекқызы Рәзия екеуінің қарлығаштар туралы айтқан, өздері көздерімен көрген қызықты оқиғаларын, іздеп барып, сұрап жазып алдым. Барсам немерелері Бақдәулет, Ақкербез, Айзада мектепте өткен «Құстар біздің досымыз» деген ашық сабақты айтып, әңгіме болып, қызықтап отыр.

Досым әңгімесін әріден бастады:

– Таскескенде 1972 жылы ауылдың оңтүстігіндегі Бұқпанда жаңа үйлер салынып, соның ең жоғарғы, шеттегі үйдің біреуіне қоныс аудардық. Көп жылдан көрінбей кеткен қыстау қарлығаштары келіп, қораға, кіре беріс үйге ұя салып, балапан басып шығара бастады. Жаңа өзің айтқан басқыншылықты біз де көріп, қайран қалдық. Бірде ұя салып болған қарлығаш ұясына, бір торғай келіп ұяда жатып алды. Екі қарлығаш қанша әрекет жасаса да, кетіре алмады. Амалы таусылған олар біршама уақыт көрінбей кетті.

Бір уақытта топ қарлығаштар қаптап келіп, әлгі ұяны жабылып, әп-сәтте толығымен бітеп, қалап тастады. Әлгі торғай соның ішінде тұншығып, сазайын тартып өлді.

Ұясыз қалған оларға қайтадан бәрі жабылып ұя салып берді. Міне, бұлардың бірлігі қандай десеңші, құпия емей немене! Тағы бір жылы мамыр айында, терезедегі форточка ашық қалып, үйдің ішіне ұя сала бастады. Еріксіз кіретін жерін ашып қойдық. Бірде үйдегі мысықтан жасқанып балапанына тисе ме деген ниетпен жанай ұшып, қағып өтемін дегенде мысық қағып, қашып кеткен. Жалғыз қалған қарлығашқа 6 балапанды тамақтандыру қиынға түсе бастады. Біршама уақыт көрінбей кетіп, оншақты қарлығашты ертіп келді, олар қайта ұшып кетіп, тамақ тасып көмекке келді. Олар күнделікті таңертеңгі сағат 11-ге таман және түстен кейін 4-5 шамасында жаппай келіп тамақтандырып, балапандарды өсіруге қолғабыс етті. Үй ішінде ұя болғандықтан балапанды екеуі кезек басып шығаратынын байқадық. Қаншама рет оларды көріп жүріп, жерде аяғымен жүргенін көрген емеспіз,- деп әңгімесін аяқтады.

Қарлығаш торғайлар отрядына жатады. Басқа құстардан ерекшелігі жемін ұшып жүріп ұстайды, суды да ұшып жүріп ішеді. Екі-екіден жұп құрады. Тау қарлығашы, қыстау қарлығашы, сарбел қарлығашы, ін қарлығашы болып бөлінеді. Қарлығаш сазды сілекейімен біріктіріп, жіңішке шөп, қыл, қылшық қосып, жарты тостаған тәрізді, жоғары жағын ашық етіп ұя жасайды. Ішіне майда шөп, қауырсын, мамық төсейді. Бұл құстың ерекшелігі, балапандарын құлап кетпесін деп аяқтарынан аттың қылымен байлап қояды. Халық арасында айтылатын әңгіменің бірі қарлығаштың бұзық ниетті, арам ойлы адамдардың үйіне ұя салмайтыны қайран қалдырады екен. Аяқтары қысқа, жіңішке болғандықтан жерде жүре алмайды деуге болады.

Жерге тек ұя басуға керекті заттарды алуға ғана қонады. Аспанда ұшып жүріп, қанша қашықтықта болса да қорегін анық көретінін ғалымдар жазады. Шөп басында отырған маса-сонаны ұстай алмайтын қопалдығына таңғаласың. Оларды үркітіп, ұшқанда қағып түседі. Адам баласы үй салуды қарлығаштан, өрмек тоқуды өрмекшіден үйренген (Демократ).

Қарлығаштың оралуы-қай заманда да, көктемнің оралуы, құт-береке, той-думанның оралуы. Қарлығаш-қайырымды құс. Қазақ баласы қарлығаштың ұясын бұзбайды. Ұя басатын қарлығаштың бәрі жыл құсы. Олар зиянды насекомдарды жеп, үлкен пайда келтіреді, сондықтан оны қорғау керек.

Көкенай Кәкібаланов,

«Мөлдір сана» газеті