Қара нарлармен қаламдас

Дария көңілді қарияларды қадірлеу – қазақ халқының қанына әлімсақтан сіңген қасиет. Сондай көпті көрген көне көздердің бірі – сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер журналист, КСРО-ның «Құрмет белгісі» орденінің (1981), түрлі төс белгілер мен бірқатар медальдардың иегері, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі, Павлодар облысына қарасты Май ауданының құрметті азаматы Төлеубек Қоңыр.

Бөкей ханның ұрпағы, Абылай ханның жиені

Сәті түскенде көсем сөзді қариямен сұхбат құрып, оның ұлағаты мол әңгімесіне құлақ түрген едік. Төлеубек Қоңырұлы 1939 жылы 4 қаңтарда Кереку өңіріндегі Төребұлақ деген елдімекенде дүниеге келіпті. Ақсақал әңгіменің әлқиссасын туған жерінен бастады.

– Төребұлақтың бастауындағы еңселі бір үйде туған екенмін. Ауылымның солтүстігінде Қарқаралы, Егіндібұлақ (Қазбек би ауданы), Семей жағында Абыралы, Шұбартау, Дегелең, Павлодардың бір шетінен әрі созылған Аршалы тауы. Қазан төңкерісіне дейін Семей уезі, Айғыржал болысы, Төребұлақ атанған. Бұл үш жүз түтіннен құралған ауыл Айғыржал болысының әкімшілік орталығы болыпты. Төребұлақтың айналасында орныққан ел қомақты болған көрінеді, – дейді ол. – Әкем – қазақтың Кенесарыдан кейінгі ханы Бөкейдің Әлі деген баласының ұрпағы. Яғни мен – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның немере інісі Арын төренің шөбересімін. Ал анам әулиелі Қызыл таудан, Әлдекей – Әуез төреден, Абылай ханнан тарайды. Қоңырдан 8 баламыз (5 ұл, 3 қыз). Мен үйдің кенжесімін. 1924 жылғы ең үлкен ағам Қалел 18-ге толмастан соғысқа аттанып, Мәскеу түбін жаудан қорғауға қатысқан. Соғыстан кейін тәртіп сақшысы болып, подполковник шеніне жетіп, 45 жасында дүние салды. Ал Қалелден кейінгі ортадағы 6 бала әр жылдары шетінеген. Мен әкеден ерте, небәрі 6 айымда ғана қалыппын.

Әуезовтің бөлтіріктері

1956 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, журналист-аудармашы мамандығы бойынша білім алған Төлеубек Қоңыр оқу бітірген соң Түрікменстанда әскери міндетін атқарған. 1961 жылы тарих пен журналистикадан емтихан тапсырған ол Павлодар облыстық газетінде еңбек жолын бастаған.

– 1957 жылдың қыркүйегінен бастап университеттің филология факультетінде «Абайтану» курсы өте бастады. Онда заңғар жазушы Мұхтар Әуезов дәріс оқыды. Оған филология факультетінің І курс студенттері Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дүкенбай Досжанов, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков пен Қабдеш Жұмаділов, Болат Бодаубаевтар белсене қатысып жүрді. Бірде Әбіш қазақ поэзиясы туралы баяндама жасап, жарқ етіп көрінді. Көп ұзамай ол «Әуезов бөлтіріктерінің басы» болып танылды. Заңғар жазушыдан дәріс алған «бөлтіріктер» кейін классиктер атанып, қазақ әдебиетінің алтын тобын құрды, – дейді Төлеубек Қоңыр. – Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің бас редакторы болып жүрген кезінде Әзілхан Нұршайықов 1955 жылдың жазында Мұхтар Әуезовті Павлодарға шақырды. Жазушы қаланың зиялы қауымымен кездесіп, Үнді сапары туралы кеңінен әңгімеледі. Көп ұзамай қалаға Сәбит Мұқанов та жетті. Содан Әзілхан Нұршайықов «Екі кездесу» атты шағын кітап шығарды. Бұл кітап сол кезде Мәскеуде Орталық комитетте қызметте жүрген Павлодардың бұрынғы бірінші хатшысы В.Сумочкинге де жетіпті. Ол Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевқа қолқа салып, кітаптың өзіне қатысты тарауын аудартып, жолдауын сұрапты. Махмет аға аударуды маған жүктеді. Риза болған Сумочкин аударманы «Ауэзов в Павлодаре» деген атаумен «Дружба народов» журналына беріпті. Бұл менің алғашқы аудармам еді. Осыдан кейін Мәскеудегі орталық газеттерге жолым ашылды.

Журналистикадағы жарқын жылдар

1963 жылы сәуірде қазақ тіліндегі облыстық газеттер жабылған соң Целиноградтағы «Тың өлкесі» газетіне келіп, онда 3 жыл жұмыс істеген Төлеубек Қоңыр 1966 жылы Павлодарға қайтып барыпты.

– Мен еңбек жолымда мықты редакторларға кез болдым. Әуелі Әзілхан Нұршайықов, одан кейін Омарғали Құдышев, содан соң Сұбықан Шошанов пен Сафаржан Қайдаров. Осындағы өлкелік газеттің бас редакторы Сафаржан Қайдаровтың ең бірінші тапсырмасы бойынша Ерейментауға барып, «Тергеушілер тер төкпеген» деген мақала жаздым. Мұны оқырмандар да, редактор да жылы қабылдады. Тағы бірде АҚШ пен КСРО арасында бокстан кездесу өтті. Онда қазақ елінің екі боксшысы – Жандос Көкімов пен Рәшит Әбдрахманов жеңіске жетті. Газет күні еді. Кезекшілікте отырғанымда Сафаржан аға үйінен телефон соғып, маған соңғы беттегі кез келген материалды алып тастап, орнына боксшылар туралы ақпаратты салуымды тапсырды. Содан жалма-жан нөмірге «Жарайсың, Жандос! Рахмет, Рәшит!» деген тақырыппен хабар дайындап, оны редакторға телефонмен оқып бердім. «Хабарға дұрыс тақырып беріпсің. Сен де жарайсың!» деді ол. Газеттің одан кейінгі санына «Америкадан хабар» деген айдармен ақпаратым шықты. Сол үшін таңертеңгі лездемеде редактордан мақтау сөз естідім. Сафаржан Қайдаров тағы бір тапсырмасында Никита Хрущевтің осында жасаған жұмыс сапарына жіберді. Содан Хрущевтың соңына ілесіп, Атбасарға бардық. Ол сол жақтан әрі қарай Қырғызстанға ұшып кетті. Бұл – Хрущевтің Қазақстанға жасаған соңғы сапары, – дейді Т.Қоңыр. – Украинаның Бабый Яр деген елдімекенінде бейбіт азаматтарды атуға қатысқан украин-палицайы қазіргі Астана іргесіндегі Рождественка ауылында бас сауғалап, тыңгер болып елдің сеніміне кіріпті. Бір күні оның ізіне түсіп, КГБ офицерлерімен бірге тұтқындауға бардық. Содан сол туралы «Жендет» деген мақалам шықты. Ал «Мать» деп аталатын жетім балаларды тәрбиелеп өсірген актриса Халима Бекова туралы материалым «Труд», «Имя моей республики – Казахстан», «Сельская жизнь» газеттеріне және «Огонек» журналына басылды. Содан Социалистік елдерінен шығатын «Польша», «Венгрия», «Болгария», «Чехословакия» журналдарына сол елдерді азат етуге қатысқан қазақтар туралы дүниелерім жарық көріп жүрді. «Жат жерде жүріп жасқанбай» деген айдармен очерктер беріп тұрдым. Берлиннен әрі Торгау қаласында Эльба өзені жағасында одақтастар әскерлерімен кездесіп, американ генералы Эйзен Хауэрдің Маршал Жуковтың құрметіне берген қонақасына қатысқан Май ауданы Қызыл еңбек ауылының тумасы, гвардия ефрейторы Кабен Қаужапаров пен Жаңа тұрмыс ауылының тумасы, ефрейтор Қани Есентаев туралы қалам тарттым. Берлин түбіндегі Потсдам қалашығында төрт держава басшыларының конференциясын күзеткен қазақтар да қаламыма ілінді. Сол сияқты Иосип Броз Митонның қолынан «Ерлігі үшін» медалін алған Ертіс ауылының тумасы Қабыкен Ахметов, 1944 жылы маусымда генерал де Голь басқарған шайқасушы Франция әскерлерінің қатарында Парижді азат етуге қатысқан қазақтар (капитан Қадым Жұманиязов бастаған қазақ батальоны) туралы деректі мақала жаздым.

Сәбит Мұқановтың ерлігі

60 жылын журналистикаға арнаған ақсақал 2014 жылы өзі бірер жыл еңбек еткен бұрынғы Целиноград, қазіргі Астана қаласына қайтадан қоныс аударды. Айтуынша, бұл қалаға ол ең алғаш рет 1956 жылы табан тіреген.

– 1956 жылы Алматыға оқуға тапсыруға бара жатқанымда Целиноградқа дейін билетсіз келдім. Әрі қарай Алматының пойызына билет алайын десем, таусылып қалғанын айтты. Не істерімді білмей тұрғанымда, темір жол бойында жүрген бір жұмысшыға жолығып, жағдайымды айттым. Үлкендеу кісі екен. «Сен сияқты менің де балам алыста жүр» деді де, ақшамды алып, кассаға қарай жүгіріп кетті. Әйтеуір, билет әкеп берді. Үйі сол маңайда екен, қазіргі Жастар театрының қасында. Бірер сағат пойыз күткен уақытта сол кісінің үйіне барып, дәм таттым. Содан 1963 жылы осында көшіп келіп, 3 айдан соң қазіргі Бейбітшілік көшесінің бойындағы бір бөлмелі пәтерге қоныстандық. Қазіргі Астананы, әрине, бұрынғы қаламен салыстыруға мүлде келмейді. Қазір елорда адам танымастай өзгерген. Ол кезде бұл шаһар сұрықсыз, көшесі батпақ, бұзақыға толы қала еді, – деген қария Целиноградтағы өткен күндерін де еске алды. – 1964 жылдың жазында Сәбит Мұқанов бастаған Жұбан Молдағалиев, Тұрсынбек Кәкішев сынды бір топ Жазушылар Одағының мүшесі Сәкен Сейфуллиннің 70 жылдығын тойлауға Целиноградқа келді. Содан ақынның мерейтойын атап өтуге өлкелік партия комитеті осындағы «Пункт П» деген ғимаратты ұсыныпты. Редактор қаланың жолын көрсету үшін мені Сәбеңнің қасына қосып жіберді. Меймандарды әлгі «Пункт П»-ға алып бардым. Оның айналасы шалшық су, батпақ, ғимаратқа өте алмадық. Бірақ Сәбең маған әрі қарай қалайда өтуімді қолқалады. Аяғым батпақ болып әрең өттім. Содан ол менен «бұл өзі не ғимарат?» деп сұрады. Оның казарма екенін айттым. «Иттің балалары», Сәкеңді мұнша қорлағандары несі?!» деп қалпағын жерге бірақ лақтырды. Артынша аяқ киімімді тазалатпастан, дереу көлікке отырғызып, шопыр жігітке: «өлкелік партия комитетіне тарт» деді. Ондағы бірінші хатшының кабинетіне батпақ күйімізде жетіп бардық. Былғанышты аяғыммен мекемеге кіруіме күзетшілер тыйым салса да, мені ішке ертіп кірген Сәбең ашулы күйі батпақ қалпағын шенеуніктің алдына бірақ лақтырып, айқайлай жөнелді. Даусын көтеріп, небір қатты-қатты сөздерді айтты. Соның нәтижесінде Сәкен Сейфуллиннің 70 жылдығы қазіргі «Астана» концерт залы, сол кездегі тыңгерлер сарайында кеңінен тойланды. Бұл Сәбит Мұқановтың ерлігі болды.

Ғибратты ғұмыр

1962 жылы Майра Біләлқызымен отбасын құрған Төлеубек Қоңырұлы ұлағатты ұрпақ өсіріп, 57 жылдан бері жұптарын жазбай, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған олар бүгінде Айша, Әлібек есімді шөбере сүйіп отыр. Әке жолын қуған үлкен қызы Күлпаш Қоңырова мен ұлы Баубек те журналистиканың жүгін арқалап жүр бүгінде. Ал екінші қызы Күлбаршын экономист болып қызмет етуде. Немерелері де – жоғары білімді, түрлі саланың маманы.

Сұхбат соңында сексеннің сеңгіріндегі ғибратты ғұмыр иесінің ағалық батасын алып, тоқсаныңызда да тап осылай тоқайласуға жазсын деп тіледік.

Нұрдәулет ТАЛҒАТҰЛЫ