Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Жастар жылын» қолдау мақсатында жиналыс өтті

Жаңа кіріп келген жылдың ең басты жаңалығы Елбасымыздың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауымен басталды. 23 қаңтар күні ресми түрде «Жастар жылы» деп қадам алған жиынға Қазақстан Республикасының Президенті, жоғары өкілетті билік өкілдері, мәдениет саласының үздіктері, сонымен қатар жастар қауымы қатысып, жастар жылының салтанатты түрде ашылуына куә болды.

Еліміз егемендік алғаннан бастап жастарды қолдау мақсатында түрлі іс-шаралар, бағдарламалар мен бастамалар қолға алынып келді. Қазақ елінің болашағы – жастардың қолында екендігіне мән беріліп, қоғамның әр түрлі саласында өскелең ұрпақты жан-жақты демеу негізінде тыңғылықты жұмыстар жасалды. Соның айқын дәлелінің бірі ретінде тәуелсіздік алған кезеңнің басында, яғни 1993 жылдан бастап қазақ жастарын шетелде оқытуды көздейтін «Болашақ» халықаралық бағдарламасын мысалға келтіре аламыз. Бұдан бөлек қаншама идеялар жүзеге асып келеді.

Осы негізде 24 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жылды «Жастар жылы» деп бекітуіне орай жиналыс өткізілді. Жиналысқа ҚР Ұлттық музейінің директоры міндетін атқарушы А.Ш.Нұразхан және музей жастары қатысты. 2019 жыл Қазақстан жастарын қолдау барысында білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үймен қамтамасыз ету мен жұмыспен қамту, спорт, мәдениет және тағы басқа да салалар бойынша өзекті мәселелер көтерілуіне байланысты талдау жасалынып, үстіміздегі жылдың жастарды жаңа серпінге жетелейтініне сенім білдірілді. Жиын барысында музей қызметкерлері баяндамалар оқып, өзіндік ой-пікірлерін ортаға тастады.

Сондай-ақ, музей басшысымен аталған бастама негізінде және Ұлттық музейдің ішкі жұмыстары бойынша сұрақ-жауап жүргізіліп, көптеген мәселелер көтерілді. Жиналыс соңында 2019 жылды «Жастар жылы» деп атауды толыққанды мақұлдау үшін және мемлекетіміздің даму жолында жас буынның міндеттері мен мүмкіндіктеріне тоқтала отырып, еліміздің болашақтағы жарқын бейнесін биік ұстауға өз үлестерін қосуды көздеген музей жастары ҚР Президентіне хат жазып, қол қойды.

Элмира Қанайбекова,
ҚР Ұлттық музейі, Ғылыми-әдістемелік жұмыс бөлімі, Жазба ескерткіштерді зерттеу секторының сарапшысы