Бір қанден қаншық төбет тұқымын тұздай құртты

Бала кезімде ауылымыздағы иттің бәрі – кәдімгі қазақы төбет болатын. Қайтпас, Таймас атты ұялас қос төбетіміз болды. Қайтпас жуастау еді, сондықтан мен оны шанаға жегетінмін.

1974 жылдың қысы қарлы болды. Қалада тұратын ағам келіншегі шақалағы үшеуі машина боран үрген қардан жүре алмай ауылға 2-3 км жерде қалып қояды. Алай-дүлей боран. Ол кезде қазіргідей емес, көлік кем. Түннің жарымында бензин таусылады. Пеш өшеді. Жаурай бастайды.. Ағам ауылға жаяу барып, трактор тауып келейін десе қасқырдан сескенеді. Таңға дейін отырса бәрі үсіп қатып қалуы мүмкін.

Бір кезде үрген иттердің дауысы естіледі. Ағам бажайлап қараса, әлгі 2 төбет машинаны айнала үріп жүр дейді. Қуаныштан жүрегі жарылардай болған ағам сол иттермен бірге ауылға келіп, трактор тауып апарып машинасын сүйреп келді. Иттердің қалада тұратын ағамның дәл сол күні келерін қайдан сезгені біз үшін жұмбақ болып қалды.

1969 жылы болу керек. Керім деген көкеміз үлкен үй салып бастады. Қаладан Димка деген ұста орыс тауып әкелді. Димканың «Кобра» атты қанден иті болды. Қанден деген итті біздің ауыл сонда көрді.

Әлгі «Кобра» қаншық болып шықты. «Кобра» ұйыққан кезде ауылдың байлауынан босанған еңгезердей төбеттері құртақандай ит аты бар қаншықтың соңында шұбырып жүретін.

Айналасы оншақты жылда ауылымызда бір таза төбет қалмады. Бір қанден қаншық тұқымын тұздай құртты.

Ал мынау фотодағы төбетті тауда қандан-пәнденнің аяғы жете қоймаған жерде түсіргем.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ