Венесуэладағы көтеріліс

Венесуэлада жұрт ел президенті Николас Мадуроға қарсылық танытып, жаппай көтеріліске шықты. Халық мемлекет басшысының биліктен кетуін талап етіп жатыр.

Шеру осы аптаның басынан бері жалғасып келе жатыр. VTV8 телеарнасының хабарлауынша, оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо жұрт алдында өзін уақытша президент міндетін атқаратынын мәлімдеген. Ол елде уақытша үкімет құруға және әділ сайлау өткізуге уәде берді. Оны АҚШ және бірнеше мемлекет президент ретінде мойындап үлгерді. Алайда Венесуэланың қорғаныс министрі Владимир Падрино Лопес елдің қарулы күштері Гуайдоны немесе өзін-өзі сайлап алған адамды президент ретінде мойындамайтынын жеткізді. Ал Мадуро өз қызметінен кетуден бас тартып отыр.

Николас Мадуро 2018 жылы мамырда өткен сайлауда жеңіске жеткен. Алайда оппозиция өкілдері мен бақылаушылар сайлауда заң бұзу оқиғалары көп болғанын, оны президент ретінде мойындаудан бас тартқан болатын.

Дереккөз: Риа новости