«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерірек» әні қалай туды?

Бір күні әкей екеуміз «Үштас» деген таудың жотасына шығып отырдық. Бұл биіктің айналасы өте тамаша болады. Құз жартас, ағып жатқан өзен, тоғай тоғайда сайраған бұлбұл, байғыз, үкі, көкек, сарала қаз дауыстары, таулар жаңғырығы, баулар, сайдың жұпар иісі, бәрі адамның ойына-бойына сезім әсер беретін көріністер. Әкей жазу жазып отырды. Мен өзенге барып, жуындым.

Әлден уақытта қайттық. Жолда әкей дыбыстан, бір сарынды әуез айтып келе жатты. Үйге келдік. Әкей домбыра тартып отырды. Шай ішіп отырғанда әкей айтты: «Балам! Бүгін олжалы қайттық. Мен жаңа ән шығардым. Ол әнді жаратылыстың әнінен, бағанағы сайраған бұлбұл, шақырған көкек, таңдайын қаққан үкі, оларға қосылған таулар жаңғырығы, гүрілдеп аққан өзен дауыстары, осылар қосылғанда жаңалықтың әні боп шықпай ма?» -деп, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерірек» деген өлеңін жазып, әнін де шығарғанын айтып, маған үйретті.

Ахат Шәкәрімұлының күнделігінен алынды. «Шәкәрімтану мәселелері» 1-том.

Дайындаған: Санат НҰРБАЙ