Шәкерім қажылыққа қалай барды?

Шәкерім: – Жайлауда Абай ауылына бардым. Үйде Абай тұрғылас ақсақалдар толып отыр екен. Мен сәлем беріп кіргенде, Абай: «Кімді айтса, сол келеді дегендей, Шәкерім, келгенің жақсы болды. Мен мына ақсақалдарға айтып отыр едім. Мен етек басты болып, білім қуа алмай қалдым. Сол көксеген арманымды Шәкәрім арқылы орындаймын деп, саған білім қуғызатын болдым!

Адам қырық жасына дейін білім жинап, қырық жасында қамил толады, ақыл ойы, жігер қайраты жетіледі. Енді үш жылда сен қырыққа толасың. Шығыс тіліне жетік болдың. Енді үш жылға дейін орыс тіліне үйрене бер. Бар қаражатың менің мойнымда, сен осыған дайындал. Кәне осыған келісесің бе?» – деді. Мен: «Барлық қаражат сізден болса, білім алуға қалай бармайын? Бірақ қай жерге барамын?»-дедім. Абай: «Афин-Грек білімі Стамболға жиналған, содан табылады.

Араб білімі Меккеде, бірақ Меккеден гөрі Мединадан көбірек табылуың керек және Мысырдағы Александр атындағы кітапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап, керек кітаптарыңды алып, біліміңді толықтырып қайтасың. Сатып алатын кітаптарыңа, жол қаражатыңа жетерлік пұлды өзім берем. Осыған келіссең, қолыңды әкел»-деп қолын ұсынды.

Мен: «Қаражат сізден екен, мен білім аламын, барам»-деп қолымды бердім. Абай қолымды алып, кісілерге қарап: «Көрдіңдер ғой, Шәкерім уағдасын берді!» – деді. Отырған ақсақалдар «Көрдік» – десті.

(«Шәкәрімтану мәселелері» 1 – том.)