Сөйлеудегі ұқыпсыздықтар

Іргелі елдігіміз бен өскен мәдениетімізді танытатын тамаша байлығымыз — тілді қадір тұту, оның қоғамдық қызметінің мінсіз де жемісті болуына нақты көңіл бөліп, қамқорлық жасап отыру — үнемі назарда ұстарлық мәселенің бірі. Мұның ақиқаттығына, әріге бармай-ақ соңғы уақыттарда «Тіл мәдениеті және баспасөз» деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция (1968 ж.), мектептердегі қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің оқытылу жайын сарапқа салған келелі кеңес (1970 ж.) өткізілуі, «Ара», «Жұлдыз» журналдары мен «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттері беттерінде «Сөлпекбайдың сөз қоймасы», «Сын-сықақ», «Мысқыл», «Сүзеген сөз» бұрыштарының, «Жаңа кітап жайлы», «Тілстанға саяхат», «Тураби трибунасы» рубрикаларының тұрақты орын алып отырғандығын, мерзімді баспасөз бетінде тілге қатысты мақалалардың жиі жарияланып тұратындығын атау да жеткілікті.

Дегенмен, күн сайынғы ауызекі не жазбаша сөз қолданысымызда жатық стиль, тіл нормасы мен тіл мәдениеті талаптарын мұқият ескеріп отыру, оларға үлкен жауапкершілікпен қарау әлі де онша көңілдегідей емес. Енді соларға бірді-екілі мысал келтірейік:

«Папасы, Сәулешканы поздравить еттің бе день рождениесімен? Берікжан, бедіре түбіндегі кәресіне мына жаңқаны батырып әкеле қойшы». (Ата-ананың сөзінен).

«Понедельник, вторниктің бірінде контрольный жазып қалармыз, дайындалыңдар. Сөйлем артына қандай белгі қоямыэ? Тақтаға кім шығады?» (Мұғалімнің сөзінен).

«Менің хатымды почтовой ящикке лақтыра кетші. Қалтаңыздан орамалыңыз құлап қалды. Столоваядан сразу библиотекаға барсам, уже очередь. Жаңағы қазақ тілі төл сөздері яғни не бірыңғай жаңағы жуан, не жіңішке келеді». (Студенттің сөзінен).

«Сүтпен кофе ішесіз бе или лимонмен шай ішесіз бе?» (Даяшының сөзінен).

«Алдымен, озат сауыншыларымызды атайық:  Валентина Циммерман, Ира

Корш… Бригаданың негізгі көрсеткіштеріне тоқтасақ. Одан қай адамның қандай міндеттемесі барын сұрадық» (Радио хабарларынан).

«Б. э. дейінгі V ғасырда жоғарғы өкімет билігі халық ЖИНАЛЫСЬІНА ТИЕСІЛІ болды. АФИНЫНЫҢ азаматы… АФИНДАҒЫДАЙ мемлекет… Бәйгеге қосылған Құлагердің БАСЫНА МІНГЕН — осы бала». (Мектеп оқулықтарынан).

Бұлардағы ақау, мін тәптіштеп талдаусыз, өздері-ақ көзге ұрып тұр. Сондықтан олардың тек кейбірі туралы ғана түсінік берейік. «Афины» орысша көптік жалғаулы («Заводы, шахты» дегендей). Оған аудармашылар ілік септігінің қосымшасын үстеген, сонымен АФИНЫНЫҢ болып тұр. Мұны ауыздан шығармас бұрын іштей 6-7 рет қайталап алмаса, 5-класс оқушысы түгіл, сауатты ересек адамның өзінің мүдіріссіз оқып, айта қоюға шамасы келе бермейді. Гәп сөздің тілімізге жат тұлғада тұрғандығында, дұрысы — «Афиннің» («Қарпаттың» деген тәрізді).

Ал радио хабарларынан келтірілген мысалдардағы белгіленген сөздердің біреуі теріс ұғым туғызғандай ыңғайда тұрса, өзге екеуі (тоқтасақ, қай адам) тіпті анайы естіледі. Бұл жерде бір ескеретін жай — ҚАЙ деген сұрау есімдігінен кейін «а», «ә» дыбыстарынан басталатын сөздерді (АҢЫЗ, АҢДЫ, АСАУ, АСУ, АМАЛ, АРТИСТ, ӘНШІ) айтқанда аралық «и», «а», «ө» өріптері қосылып кетеді де, «я» дифтонгісі тәрізді естіледі. Сондықтан сөйлеу тілінде мұндай сөздердің тіркесін сақтықпен пайдалану дұрыс.

Бұларға қоса қазіргі сөйлеу тілімізде байқалатын бір ұнамсыз көрініс — сөздік қорымызда ежелден бар бірқатар сөзді сирек қолдануға ойыса бастағанымыз. Олардың орнына ұзыннан-ұзақ түсіңдірмелерді не калька жолымен жасалған бір лайықсыз варианттарды көбірек жұмсайтын болғандығымыз. Мәселен, сөздік қорымызда ежелден бар ҚАЙЫН АТА, ҚАЙНАҒА, БАЖА, НЕМЕРЕ, ЖИЕНШАР тәрізді туыстық қатынасты білдіретін сөздерді, бір түрлі ескі салттың «исі шығып» тұратындай көреміз де, әйтеуір орағытып өтіп: «менің жолдасымның әкесі, ағасы», «Менің жолдасым мен бұл жігіттің келіншегі бірге туысады», «менің әкем мен бұл кісінің әкесі бірге туысады», «Менің апамның баласының баласы», — деп келіп ежелеуге барыңқыраймыз. Сол сияқты «Біздің тұңғышымыз, кенжзміз» деудің орнына, «бұл біздің бірінші баламыз, мынау — екіншіміз, деп реттік санмен белгілеп (номерлеп) айтқанды оңтайлы көріп жүрміз.

Сөйлеу тілімізде осылай дайын тұрған төл сөздерімізді ұқсатпай, олардың орнына көп сөзді, жасанды варианттарды жиі қолдануымыздың салқыны баспасөз бен көркем әдебиет лексикаларына да тимей жүрген жоқ. Мысалға «Леникшіл жас» (22 май, 1971, № 98) газетінде жарияланған «Қыз намысын кім қорғайды?» деген фельетондағы «Коминтерн» сегіз жылдық мектебінің директоры Сапарәлі Үкібаевтың туған қайнысы Құрал Қаттабеков алып қашып келген қыз жынды болып совхоз ауруханасына түсіпті» деген сөйлемді алайық. Осындағы «Үкібаевтың қайнысы» болып құрылған жат тіркес, жоғарыда айтқанымыздай, ҚАЙНЫ, БАЛДЫЗ сөздерінің де «менің жолдасымның інісі» (әйел адамның сөзі), «менің жолдасымның сіңлісі (інісі)» тәрізді шұбыртпалардан қағажу көріп, көп қолданылмай жүргендіктен, ұмытыла бастағанын, сол себепті оларды кейде орынсыз жұмсайтын да кездеріміз болып қалатынын аңғартады. Жасыратыны жоқ, мұндай қатені сөздің ысылған маманынан кездестірсеңіз, өз білгеніңізге өзіңіз сенбейді екенсіз. Сондықтан осы тіркеске байланысты: «ҚАЙНЫ сөзінің туыстықты білдіретін екінші бір мағынасы болып жүрмегей еді», — деп еріксіз тағы да сөздік бетін ашасыз. Одан оның «күйеудің інілері жеңгесіне қайны болады» деген өзіңіздің жадыңыздағы сөздің өзге мәнде жұмсалмайтынын тиянақтайсыз да, мұндай сөздердің қолданылуында осындай бір жағымсыз тенденцияның қабаттасып жүргеніне қатты қынжыласыз.

Сөз қолданысымыздағы мұндай құбылыс тек осы салада ғана емес, өзге атауларға байланысты да кездеседі. Мысалы, «Менде бір тарғыл мысық бар. Жүні салалы да емес, құйрығы өте түбітті де емес, Кәдімгі мысық КҮШІГІ» («Лениншіл жас» 3 январь 1974, № 2). «Едіге үшін бар қызығы тек білу ғана еді… Неғүрлым көбірек білген сайын, соғүрлым өзінің аз, өте аз білетініне… көзі жеттті… Әйткенмен ол осы азғана білімнің, ғылым мұхитымен салыстырғанда кішкене ғана көлшік, тіпті жауыннан соңғы іркінді су мөлшеріндей ғана білімнің өз тұстастарының ешқайсысында… жоғын… сезді (М. Мағауиннің «Көк мұнар» романынан).

Бұлардағы оқшау тіркестер: «МЫСЫҚ КҮШІГІ», «ЖАУЫННАН СОҢҒЫ ІРКІНДІ СУ». Олай дейтініміз — «күшік» — мысық баласы емес, ит баласы. Ал «жауыннан соңғы іркінді судың» шын аты — ҚАҚ. Сөздікте де Қақ І-қатты жауын-шашыннан кейінгі іркінді су» деген түсіндірмені оқисыз.

Осылай тілімізде бар ЖЕЗДЕ-ні «апамның жолдасы», «САУЛЫҚ-ты» «аналық қой», КӨЖЕК-ті «қоянның күшігі», «МҰРТ-ты» ер адамдардың жоғарғы ернінің үстіне шығатын түк», ҚОЛ-ды денеміздің затты ұстауға икемделген бөлігі», АТ-ты «піштірілген еркек жылқы», МАЙМЫЛ-ды ең үлкен атамыз» дейтін болсақ, Ғ.Мүсіреповше айтқандай, «ана тілімізге көрсеткен құрметіміз қайсы?», «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дегендей, асыл қазынамыздың тағдыры не болмақ.

Бұл ойландыратын жай. Дұрысында, әр нәрсені өз атауымен атағанымыз, тілбұзарлардың тілін жаттықтырып, құдіретті байлығымызды мінсіз пайдаланғанымыз лазым.

Хайролла НҰРМҰҚАНОВ,
Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті.

«Мәдениет және тұрмыс» журналы, 1976 жыл, № 7, шілде айы.