Шер-ағаммен сұхбат (немесе жан-дүниемізде өмір бойы жүріп жататын сұхбат)

Бір жолы Шерхан Мұртаза ағаммен сұхбат алып отырғам. Ол кезде жастау, аңғалдау едім (Қазір де сондайым бар). Шер-аға сұраққа жауап беріп отырып, Абыл мен Қабылды еске алды. Жалпы жақсылық пен жамандық үнемі қатар жүретінін сөз қылды. Біреу жақсы жұмыс істесе, әдемірек болса немесе үнемі жолы болып келе жатса, айналасынан міндетті түрде қызғаныш білдіретін адам табылатынын айтты. Сөйтіп, маған мейірлене қарап:

– Өзіңде де сондай болатын шығар? – деді.

Мен маған «сенің де кейде қызғанып қалатын кездерің болатын шығар» деп отыр екен» деп түсіндім. Соның алдында ғана Алматыда Иманғали Тасмағамбетов біраз ақындарға үй беріп, сонда бірі алып, бірі ала алмай қалған қатар жүрген достардың әңгімесін естігем. Үй алғаны ала алмаған досынан «шыныңды айтшы, сен сәл болса да қызғандың ғой?» деп сұрағанда, екіншісі «иә» деп ақтарылған екен. Бұл ақтарылу, бұл мойындау достықты ұзартпаса, кемітпеген еді… Іштей өзіме сын көзбен қарап көрдім. «Біреулерді менің де қызғанып қалатын кездерім болатыны рас қой. Мен де адаммын ғой, періште емеспін». Содан соң:

– Иә, менде де болады, бірақ оған берілмеуге, сезімді ақылға жеңдіруге тырысам, – дедім шынымды айтып.

Яғни, қызғаныш ойымды, бойымды билеп кетуіне жол бермей, қызғаныш оты тұтанса да, тез сөндіріп тастауға тырысатынымды айттым. Шер-ағам қарқылдай күлді.

– Жоқ, сені қызғанатындар болатын шығар дегем… Ештеме етпес, – деді.

Одан әрі жалпы адам болған соң, оның бойында неше түрлі сезімдер болатынын, өмір деген күрес екенін айтып, әңгімесін жалғады…
Иә, менің осындай «қожанасырлығым» бар.

Қазір кейде Шер-ағамен арадағы әңгіме есіме түсіп, жымиып күліп қоям. Сол сұхбат үстінде өзімнің қате түсініп, өз «ұрлығымды» өзім жайып салғаныма ұялғаным рас еді. Бірақ қазір ұялмаймын. Осыны ойлаған сайын менің ойыма бір ғұламаның сөзі оралады.

«Адамның болмысы ішінде әртүрлі аңдар мекендейтін орманға ұқсас. Біздің бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-хайуани мыңдаған қасиеттер бар. Егер ішкі жан шаһарыңызда қасқыр үстемдік ете бастаса, адамның қасқырға айналғаны… Жақсылық пен жамандық та жасырын жолдармен жүрекке кеп құйылып тұрады. Сәт сайын адамның жүрегінде бір нәрсе бой көтереді. Сол себепті, адам кейде періште сипатқа, ал кейде шайтани сипатқа енеді» деген екен Жалал ад дин Руми…

Ал сіз ішіңіздегі орманда қандай аң жортып, қандай аң үстемдік етіп жатқанын бақылап отырасыз ба?

Нәзира Байырбек

Фейсбуктегі парақшасынан

Сурет: Stan.kz