Депутат сауалы

«Ауыл» ХДПП Төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев ауыл шаруашылығын білімді, білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалдың толық мәтінін назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Экономикадағы қай саланың болмасын дамуы кадрларға, соның ішінде әр бағыт бойынша жұмыс жасайтын мамандарға тікелей байланысты. Аграрлық сектордың қарқынды өсуі де сала мамандарының қолында екендігі белгілі.

Өкінішке орай, мыңдаған түлектер арнаулы оқу орындарын бітіргенімен ауылшаруашылығының білімді және білікті мамандармен қамтылуы әлі де төмен, бұл тұрғыда қабылданған шаралар мардымсыз.

Бүгінгі таңда ауылдағы мамандардың орта жасы 50-ден асқан, ал ветеринарлар бойынша 58-60 жасты құрайды. Аграрлық секторда 2500-ден астам мамандар жетіспейді. Жыл сайын оқу бітірген 5000-ға жуық түлектердің көпшілігі ауылға бармай, өз мамандығына сай келмейтін түрлі жұмыстарда жүр, болмаса жұмыссыз. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, аграрлық мамандықтар бойынша білім алғандардың тек 68% ғана жұмысқа орналасады екен, яғни жыл сайын мемлекет есебінен мамандық алған 670-тен астам түлектер жұмыссыз қалады. Ауылшаруашылығы мамандықтарын жастардың көпшілігі әйтеуір бір диплом алу үшін таңдайтын сияқты. Сараптамалар көрсеткендей, аграрлық жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің 40%-ға жуығы қалалықтар, ал 70%-дайы қыз-балалар. Бұл ретте қалалық жастар мен қыздардың мәртебесін төмендеткіміз келмейді.

Бірақ ертең олардың басым бөлігі егіс алқаптарында егін егуге, қорада мал баптауға бармайтыны айдан анық. Оның үстіне ауылдағы мамандардың жалақысы мардымсыз, әлеуметтік мәселелері шешілмеген. Жас мамандарды ауылда тұрақтандыру мақсатында жасалған “Дипломмен ауылға” бағдарламасы шеңберінде аграрлық оқу орындарынан ауылды жерлерге соңғы үш жылда тек 56 маман ғана жіберілген.

Елімізде ауылшаруашылығы мамандықтарының гранттарын бөлу дұрыс жолға қойылмаған. Аграрлық университеттер ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты болғанымен, оларға мемлекеттік тапсырысты ҚР Білім және ғылым министрлігі бөледі. Гранттарды бөлу кезінде мамандарға қажеттілік, оқу орындардың материалдық базасы, педагогтардың біліктілігі ескерілмейді. Мәселен аграрлық мамандықтар бойынша 2018-2019 оқу жылына қарастырылған 2077 мемлекеттік гранттың жартысына жуығы негізінен гуманитарлық, құрылыс, байланыс, техникалық жоғарғы оқу орындарына бөлінген. Олардың арасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де бар.

Жоғарғы оқу орындардың көпшілігі ескі құрылғылар мен технологияларды пайдаланады, ауылшаруашылығы бойынша тәжірбиелік алаңдары жоқ, ал оқытушылардың басым бөлігі өндірісте бір күн де жұмыс істемегендер.

Осы салада диплом алғандардың тұрақты жұмысқа орналаса алмауының негізгі себебі де осында жатыр. Мысалы, 2018 жылы С. Баишев атындағы Ақтөбе университетінде аграрлық мамандық бойынша 4-ақ студент бітірген. Х. Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген 13 маманның 8-і жұмыспен қамтылған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіргендердің түлектердің 49%, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті түлектерінің 66%, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті түлектерінің 67%-ғана жұмысқа орналасқан.

Мемлекеттік грантты есепсіз бөлудің тағы да бір мысалы ретінде, ауылшаруашылығына бакалавр мамандықтарын дайындауға бар-жоғы 1515 грант бөлінсе, әлеуметтік, мәдени-демалыс жұмыстары, мейрамхана және қонақ үй бизнесі сияқты т.б. қызмет көрсету салаларына 2330 грант бөлінгендігін айтуға болады.

Үлкен мәселелердің бірі – ауыл жастарының әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарына кем тартылуы. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен іске асып жатқан, әлемдегі теңдессіз жобалардың бірі “Болашақ” бағдарламасы бойынша 25 жылдың көлемінде 10 400-ден астам жастар шетелдегі озық оқу орындарын бітіріп, түрлі салаларда қызмет жасауда. Сөз жоқ, бұл біздің мемлекетіміздің алтын қоры, болашағы және үлкен жетістігі. Бірақ, “Болашақ” бағдарламасы бойынша осыған дейінгі оқытылған барлық стипендияттарының 21%-ы ғана – ауыл жастары. Ал ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша 102 жас қана оқу бітірген, 16 стипендиант қана бүгінгі таңда білім алуда. Аграрлық секторды заманауи технологиялармен, инновациялық жетістіктер арқылы қарқынды дамыту үшін әлемдегі озық білімді меңгерген жастар бұл салада да жұмыс істеуі керек. Ауылдағы жастардың бір-ақ кемшілігі бар – ол шет тілін жетік меңгермеуі. Бірақ оның өзін кемшілік деп айтуға болмайды, онда жастардың кінәсі де жоқ. Қайта ауыл жастарының талпынысы, еңбекқорлығы жоғары, отбасыға, туған жерге, отанға деген сезімі ерекше, патриотизмі басым. Сондықтан оларға тілді тереңдетіп үйрету үшін мемлекет тарапынан қосымша шаралар қарастырылуы керек.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, төмендегі ұсыныстарды Сіздің қарауыңызға жолдаймын:

1. Аграрлық мамандықтарды мемлекеттік тапсырыс арқылы Қазақстандық жоғарғы оқу орындарына орналастыру, мемлекеттік гранттарды бөлу құқығын ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне беру;

2. Еліміздегі аграрлық секторға мамандар дайындайтын барлық жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының материалдық базасын, ондағы оқыту құрал-жабдықтарының жағдайын терең сараптамадан өткізіп, заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету, ал студенттерді практикамен қамту үшін оқу орындарын ірі агрокомпанияларға бекіту;

3. Ауылшаруашылық мамандықтарына ауыл мектептерінің түлектерін көптеп тарту мақсатында оларға жеңілдіктер берудің қосымша шараларын қарастыру, ол үшін ауыл жастарына бөлінетін квотаның көлемін 50%-ға дейін жеткізу;

4. Мемлекеттік грант есебінен аграрлық жоғарғы оқу орындарын бітірген түлектерге ауылшаруашылығы кәсіпорындарында кем дегенде үш жыл үздіксіз қызмет етуді заң жүзінде міндеттеу, оған “Дипломмен ауылға” бағдарламасының мүмкіндіктерін бағыттау және аграрлық кәсіпорындарда жас мамандар үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу;

5. “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелдегі және Қазақстандағы алдынғы қатарлы оқу орындарына іріктеу барысында ауыл жастарына қосымша квоталар бөлу, бір жыл көлемінде шет тілдерін тереңдетіп оқыту үшін мемлекет есебінен дайындық курстарын ашу, оларды жатақ орынмен, тамақпен, жолақымен қамтамасыз етудің қосымша шараларын қарастыру қажет деп санаймыз.

Аталған шаралар жүзеге асып жатса, Елбасы жариялаған «Жастар жылындағы» ауыл жастарына жасалынған қомақты қамқорлық болар еді деп есептейміз.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес заңнамамен белгіленген мерзімдерде жазбаша түрде жауап қайтаруыңызды сұраймыз.

Құрметпен, Ә. БЕКТАЕВ!