Шаһкәрімнің жеті жасында шығарған өлеңі

Шаһкәрім 1858 жылы, ескіше 11 шілдеде дүниеге келген. Бес жасында оқуға беріліп, жеті жасына шейін оқу оқиды. Әкесі Құдайберді 1866 жылы 37 жасында дүниеден өтіп, Шаһкәрім жеті жасында жетім қалады.

Шаһкәрім жеті жасында өлең шығарып жаза бастайды. Ол өзінің бір әңгімесінде былай дейді:

Жазғытұрым әкем өліп, ауылға ат қойып келіп жатқан адам көп болды. Мен осы кезде есік алдындағы төбешікте отыр едім, тасқа өрмелеп бара жатқан жұлдызды құртты көріп, оны езіп өлтірдім. Әлден соң, өлген құртқа жаным ашып, аядым. Сонда жылап отырып, құрт болып өлең айтқаным бар. Содан ойымда қалғаны:

Өлтірдің, не таптың сен онан пайда,

Өмір сүріп жүруші ем жазда, сайда.

Өлімнің қандайлығын көзің көрді,

Кешегі тірі жүрген әкең қайда?

 

Менің де жетім қалды балаларым,

Оларда жылайды іздеп аналарын.

Өзің жетім, жетімді аясаңшы.

Жоқ екен басыңда ми, саналарың….

 

Сонда жазған өлеңімді шешелеріме оқып беріп, олар жылап, өлең жазба дегені есімде,-дейді.

Қайым Мұхаметқанұлының «Шаһкәрім» атты мақаласынан үзінді.