Дарымаған оқтар

Даңқты партизан Қасым Қайсеновтің сыйлас інілерінің бірі – өзі де майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев. Бір күні Қалекең Қаскеңе сәлем бере келіп, әңгімелесіп отырып қалады. Бір кезде Қаскең:

– Қалмұқан, сен осы соғыста жараландың ба? – деп сұрайды.

– Пәле, жараланғанда қандай… – деп, даусын кере созып, аузын толтыра жауап береді Қалекең. – Басымнан.

– Ой, сенің басыңда оқ паналайтындай жер жоқ қой, қалай жараланып жүрсің? – деп ағасы әзілге бұрады Қалмұқанның тақыр, жылтыр басына көз жүгірте қарап.

Әзілге жүйрік Қалекең де іркілместен басын сипап өтіп:

– Бәсе, Қаске, немістің оқтары ұшып келіп менің басыма тиюі тиіп жататын да, ылғи қасымдағылар не өліп, не жараланып қалушы еді. Сөйтсе, менің басымнан тайып кеткен оқтар ылғи соларға тиген екен ғой… – деген екен майдангер жазушы.

«…деген екен» кітабынан (құрастырған Еркін Нұразхан, «Аударма» баспасы, Астана, 2003 жыл)

Сурет ғаламтордан