Артезиян

Бұл Жуантөбедегі ескі артизан (біздің ауылда артезиянды «артизан» не «әртизан» деп атайды). Әйтеуір, мен есімді білгенде ауылдың қақ ортасындағы осы артизанның суы сарылдап ағып тұратын. Мұқым ауыл ауыз суды осы артизанның басынан таситын.

Бұл артизанның басында жеңгелеріміз кілем жуатын, бала-шаға арыққа ши тастап ат жарыстырып ойнайтын, майда қыздар балшықтан бәліш, пәтір нан жасап шүйіркелесіп отыратын. Ал бір-біріне ғашық қыз-жігіттердің алғашқы таныстығы осы артизанның басынан бастау алатын. Бұл артизан неге куә болмады десеңші?. Ең алғаш Марат пен Гүлнардың кездесуі де осы артизан басында орын алған. Ауылға қаладан келген Гүлнар ең алғаш екі шелегін көтеріп суға келгенде, көршісі Марат үйіндегі құты тола суды есіктің алдына шашып жіберіп, Гүлнармен қатарласа жүріп: «тоқтаңыз, сұлу қыз, су іздеген, танысқым келеді менің сізбен», – деп әндетіп, қаладан келген қыздың ізіне түсіп, ақыры танысып алды. Сол таныстықтың арты үлкен махаббатқа ұласып, көп ұзамай үйленіп шаңырақ көтерді. Әйтеуір, біздің ауылға бетінің қызылы бар бір қыз келсе, Жуантөбенің күллі қара сирақтарының үйінде су сарқылып, құтылары қаңырсып, босап қала беретін еді. Ауылдағы ірілі-ұсақты проблемалар осы артизан басында шешілетін. Кімнің қызы, кімнің ұлымен сөз байласқаны, кімнің баласы кімге көз қысқаны, кімнің қатыны үйінен кетіп қалды, кімнің қызы байдан қайтып келді, барлығы осы артизан басында сөз болып, үйді-үйге тарайтын.

Бұл артизанның қашан пайда болғанын өз басым білмеймін. Бәлкім, сонау 46-жылдары Жуантөбенің ірге тасы қаланғаннан бері бар болуы мүмкін. Әйтеуір, мен есімді біліп, алтыға толған шағымда шешем арбаға құты жегіп суға жұмсап жіберді. Өзім жердің құртындай-ақпын, тірсегім-тірсегіме соғылып құты жегілген арбамды салдырлатып артизан басына жеткенімде жасы мен шамалас көздері алақандай, бір бұйра бас қара қыз артизанның мойнына жабысып алып, суды ерсілі-қарсылы шашып отыр екен. Байқаймын, маған су беретін емес, қайта суды шашып ойнай бастайды. Су алайын деп құтымды тақасам, артизанның үстіне жатып алып сумен шаптырып үсті-басымды малмандай қылды. Бір ойым әлгі бұйра шашынан шап беріп ұстап алып, артизанның басынан сүйреп түсірсем бе деймін, бірақ бар сықпытым мынау, әлім жете қояр ма, одан да әліптің артын бағып күтейін, ойнап болған соң үйіне кетер деймін. Әрі күтем, бері күтем, әлгі бұйра бас қыз артизанның мойнына жабысып алған, түсетін ойы жоқ, қайта бетіме қарап арбасып, сақ-сақ күліп су шашып-шашып қояды, түріне қарасаң құдды бір шайтанның баласы дерсің, үсті-басы өрім-өрім, кір-қожалақ. Ебедейсіздеу өскен бұйра шаштарына ешуақытта тарақтың тісі тимеген тәрізді. Менің де ашуым келе бастады. Күннің ыстығында арбаға құты жегіп, тілім салақтап артизан басына зорға жеткеніммен қоймай, мына бір бұйрабас қыз мені мазақ қылып, су бермей күйдіреді.

– Ээээ, шайтанбас, құры былай әлгі жерден, – деп өзімше көзімді ежірейтіп, жұдырығымды түйем. Ол да бір кәззәп неме екен.

– Құрысаң құры, – деп, тілін салаң еткізіп суды шашып-шашып қалды. Бұл жолы ашуым шындап келіп, жан-жағыма қарап, қолға ілігетін тас іздей бастадым.

Жарықтық Жуантөбеде ақшаңғыл құмнан басқа не болушы еді, майда қиыршықтан өзге қолға ештеңе ілікпеген соң, жан-жағымнан таяқ іздей бастаймын. Таяу маңнан таяқта таптырмай қояды. Сосын аяғымдағы резеңке сүйретпемді лақтырамын. Ол да сүйтеді. Сол уақытта суға бос құтыларын салдырлатып, ауыл әйелдері келе бастады. Арасында Мықтыбайдың кер ауыз қатыны Салтанат та бар,анадайдан дауысы қарлығып:

– Өй, жаныңшыққыр-ой, күннің ыстығында бала боп үйінде жатпайтын недеген бәле өзі? Әй, Мақаш, неғып жүрсің күннің ыстығында? Құры бар үйіңе, сені әжең жер-көктен іздеп таба алмай жүр, құры әйдә! – деп бұйра бас қызды артизанның басынан сыпырып алып, май құйрығынан бір-екі салып-салып жіберді. Аты Мақаш екен.

– Сені әжеме айтам, «Мықтыбайдың қатыны ұрды деп», албасты! Үйге жарты таба нан сұрап келсең ғой осыдан, –деп Мақаш маңқа аралас көз жасымен бетін жуып ойбайын сап жыласын.

Мықтыбайдың қатыны Мақаштың тілін қызық көретін болуы керек:

– Құре, еее, кет сайтанның сапалағы құсамай. Қорықпаймын мен сенің әжеңнен, – деп шаптығады.

Онысына қасындағы басқа әйелдер ду-ду күледі. Мақаш ызаланып, қолына майда қиыршық тастарды жинап, әлгі әйелдерді атқылай бастады. Осы сәтті пайдаланып, мен де мықшыңдап жүріп, құтыма су толтырып аламын. Онымды байқаған Мақаш көздері едіреңдеп, кетіп бара жатып маған да жұдырығын түйіп, доқ көрсетіп кетеді.

– Сауап! Өзіңе де сол керек, – деп, менің де аузым жайылықтай болып күліп, оны әбден мазақтаймын.

Әлгі Мақашпен иттей ырылдасып жүріп, зорға деген де құтыма су толтырамын. Су толған құтының салмағы арта түседі. Бар күшіммен ышқынып арбаны тартқылаймын кеп. Құтының салмағымен арбаның бір дөңгелегі жұмсақтау құмға түсіп кетіп, жүрмей тұрып алады, ауыр арбаны мықшыңдап тартқан сайын шекем шытынап, пыш-пыш терлеймін. Ондайда көшеден әрі-бері өткен үлкендер миығынан мырс етіп күліп, арбамды құмнан шығарып, тақыр жолға салып жібереді. Енді шамалы жүрсем үйге де жетем. Әне, біздің үйдің де шатры көрінді деп қуанып келемін. Қазір үйге барып, «мен су әкелдім» деп мақтанамын, әке-шешем, жер-көкке сыйғызбай мақтап маңдайымнан, бетімнен, қала берді бәшпәйімнан сүйеді. Шешем қолыма «қораз кәмрит ал деп тиын-тебен ұстады-ау» деп дәмем дамбалдай болады. Міне, дәл сол уақытта алдымнан Еркін шығады. Бұл өзі – 3 не 4-сыныпта оқитын біздің көшенің ең бұзақы баласы. Қолынан үнемі рагаткасы түспейді, көздеген дүниесін қалт жібермейтін мергендігімен аты шыққан. Оны көргенде торғайлар иманын үйіре бастайды. Ит-мысықтар көзге түспей зым-зия жоқ болады. Жарықтықтың жыбырлығанның бәріне өштігі бар еді. Ондайда көршілер:

– Сорлы-ау, өз бетімен жүрген тіршілік иесіне тыныштық берсеңші, қарғысына қаласың ғой, – деп зар қақсайтын.

Жоқ, ол тыныштық бермейтін, көзі ежіреңдеп одан сайын құтырып, торғай біткеннің түгін қоймай қырып салатын, мысық біткенді мияулатып қапқа салып, допқып бір тебетін. Сол Еркін алдымнан шыққанда мен де кірпіше жиырыла қаламын. Ол болса жолымды кес-кестеп тұрып алады. Мен ызалана бастаймын, бұйрабас Мақаш аз болғандай енді мына сотқар шықты алдымнан.

– Кет былай жолымнан, нақұрыс, – деймін.

Ол үндемейді. Үндемененінде үлкен мән бар, көзі тесірейіп маған ұзақ қарап тұрады дағы, жерден бір уыс топырақ алып, бетіме қарата шашып қалды. Көздерімді топырақ жауып, мен жерге шөкелеп отырағап өкіремін. Ішімді ыза буып барады, төбелесейін десем, шамам жоқ, айтайын десем ағам жоқ. Ал кеп өкір! Еркін болса рахаттана күліп, тағы да құтырып құм шаша бастайды. Мен болсам бар ашу-ызамды жұдырығыма жинап, орнымнан ұшып түрегеп:

– Қазір сен албастыны Аят апаңа айтамын, жоныңнан таспа тіледі, сүмелек, – деп, Еркіннің кәрі әжесіне қарай шағымдануға тұра жүгіремін, ауласына кіре бар даусыммен, – Аят апаааааауу, Еркін маған тисіп қоймайды, бетіме құм шашты, – деймін жыларман боп.

Шүйкедей ғана Аят апа бетіме бедірейе қарап тұрып, әуелі қолына шыбығын алады, сон-соң екі жеңін түріп жіберіп:

– Ессіз ғана қалғырдың қатыны, әдрәм қал маған десе, о несі-ей! Осы көшенің күллі қағынған қатыны менің баламды мүйіздеуін қоймады-ау! Не істеп қойды сендерге Еркінжаным? Әйдә, кет жоғал пұшық неме! – деп өзімді шыбықпен айдап салады. Арбама қайтып келгенде, құтыдағы судың ақтарылып, көлшіктің ортасында жатқанын көремін. Еркіннің ісі. Одан өзге кім болушы еді? Содан өкіре жылап, бетім айғызданып, бос құтымды салдырлатып, үйіме қайтушы едім.

Кейіннен он үшке толған шағында Еркін жаман аурумен ауырып қайтыс болды. Үлкендер «мысықтың қарғысы тиді, торғайдың киесі ұрды» деп жататын. Ал әлгі бұйрабас қыз Мақаш менің сыныптасым болып шықты. Екеуміз иттей ырылдасып, он бір жыл бір сыныпта оқып шықтық.

Мынау – сол артизан. Бәріне куә кәрі артизан. Бүгінде жуантөбеліктердің әр үйінде су тартылған, жеке құбырлары бар. Сондықтан артизан басында да бұрынғыдай емес, адам аяғы саябырлаған. Кей-кейде ауыл арасынан бұзау іздеген бала-шаға әрі-бері өткенде таңдайларын жібітеді. Кербез түйелер ауызынан су ішеді. Бұрын сырт адамдар «осы артизанның суы ерекше тәтті» деп тамсанып жататын. Қайсыбірі «өзгеше дәмі, иісі бар» деп тыжырынып ішпей қоятын. Қайдам, өзіме бұл артизанның суы қашаннан бал татитын еді. Бетіңді жусаң, анау-мынау бөрткендер төгіліп түсетін, шашыңды жусаң, көпсіп жылтырайтын. Өткенде ауылға барғанда, ең алғаш іздегенім осы артизан болды. Әбден көнеріп, шөгіп қалыпты. Суының дәмі сол бала кезгідей бал татып тұр екен. Сол баяғыша ауылдың қақ ортасында сарылдап ағып, ауыл өмірін күзетіп қалқиып тұр. Бәріне өзі куә, бәріне өзі төреші ескі көз дерсің!

Жәудір НАРТАЙ

Сурет автордан