Қазақ қазақты идеал етсін

Лев Толстой: «Идеал болу – баршаны жақсы көру және өзіміз қаламайтынды өзгеге жасамау» деген екен. Жалпы, идеал идеология бар жерде туындайды. Себебі бүгінде көп адам ешкімді идеал тұта бермейді. Қоғам мен адамның өзгеруі осыған себеп шығар. Адамдық кұндылықтар сынға ұшырап, жақсы мен жаманды айыра алмайтын немесе айырғымыз келмейтін заман болып тұр.

Көп адам өзінің бойында жоқ қасиетке ие, өзі сондай болғысы келетін, бірақ қолынан келмейтін, соған ұмтылатын тұлғадан идеал жасайды. Сонда қазіргі қазақ қоғамында, жалпы балалар мен жастар арасында бойында кілтипаны жоқ үздіктердің үлгісі, әсемпаздықтың биігі саналатын кімдер?

Әсем, студент, 20 жаста:

– Мен бір жетістікке жету үшін идеал етіп тұлға таңдаймын, бала кезімнен идеалдарым көп өзгеріп отыратын. Әр адамның бойындағы жақсы қасиеттерін сіңіріп, өзің идеал болатын жағдайға жету – менің басты мақсатым. Көбінесе, шетелдік жасөспірімдерге арналған хикаяларын көріп, өзіме нағыз идеалдың бейнесін жасайтынмын.

Шынымен адамның ойлау қабілеті, түсінігі, жақсы мен жаманды айыра білу қабілеті әр жаста әртүрлі болады. Сондықтан кішкене бүлдіршіндердің көретін мультфильмдеріне қарап, өсе келе олардың да ойларын өзгертетіне сеніп, әлі бала ғой дейтінмін. Бірақ психолог Айша Мұқанованың пікірі ойымды тағы өзгертті. Ол: «Балалардың не көріп, не тыңдайтынын кішкене кезінен қадағалауымыз керек. 3-5 жас аралығында бала идеал дегеннің не екенін де түсінбейтіні рас. Бірақ олар сол кейіпкерлердің бар іс-қимылын, мінезін бала кезінен бойларына сіңіреді. Ал балалық шақта қалыптасатын мінезді өзгерту өте қиын» деген пікір білдірді. Сол «фантастика» кейіпкерлері балаларға идеал бола ала ма? Одан да өзіміздің шын өмірде болған батырларымыз бар емес пе? Жоқтан бар жасап отырған батыстың жанында біз өзімізде шын өмірде барымызды дұрыс дәріптей алмай отырмыз. Сондықтан идеал таңдау бала тәрбиесінде, жастар тәрбиесінде үлкен маңызы бар. Жастарға келер болсақ, олардың толқынын ұстап қалу, түйсіктеріндегіні ұғыну мүлде қиын. Бір сарында, бір бағытта әрекет ететін жастар қазір жоқтың қасы.

Гаухар, студент, 18 жаста:

– Мен Анджелина Джолиды үлгі тұтамын. Сұлу, келбетті, мейірімді, талантты актриса.

Сұлу әрі талантты, талай қыздың бағын ашқан, тіпті, сол Анджелина сияқты күйеуінен де ажырасқан Баян өзімізде де бар емес пе деп ойлап, күліп алдым. Мәселе сұлулықта емес, мәселе ұлтжандылықта. Қазір, тіпті, ұлты түгіл, ата-анасын үлгі тұтатын жастар аз. Жастар креативтілікті алға тартып, отансүйгіштік дегенді ұмытып бара жатқандай. Әйтпесе, идеал боларлық талай тұлға шыққан халық қазақ емес пе? Мәселе тағы да келіп тәрбие мен дәріптеуге тіреледі.

Сондықтан қазақта идеал жоқ емес, оны жасай алмай отырғандар бар. Ол ақын болсын, әнші, актер болсын маңызды емес, маңыздысы – қазақ қазақты үлгі тұтуы қажет. Себебі болмысың бір, қаның бір, идеалыңа жақын келуге деген мүмкіндігің еңбек етсең, күн сайын артады.

Райхан БАЛТАБАЙ

Cурет ғаламтордан