Кинолог сыры

«Ит – жеті қазынаның бірі». Бірақ иттің тұқымы да, мінез-құлқы да әртүрлі келеді. Қаладағы итқұмар жандардың бірі, 20 жылдық тәжірибесі бар кинолог Бибол Бегалин биылғы жыл иесінің психологиясы жайлы айтты. Оның тәрбиесін көрген иттер қызметтік жауапты тапсырмаларды да орындап, цирктегі трюктерді де көрсете алады екен.

Бибол Бегалин:

***Қатыгез немесе мейірімді ит болмайды, олар тек тәртіпті яки жабайы болады.

***Мен бала кезімнен итті жақсы көремін. Төрт аяқтылар туралы фильмдер де қатты ұнайды. Бұрын осы тақырыптағы телебағдарламаларды көп қарадым. Теледидардан жарнамасын көзім шалып қалса, соны апта бойы күтетінмін. Бір танысымның құқыққорғау саласында істейтін ағасында қызметтік овчаркасы болды. Өте ақылды-тұғын. Оны сыртынан бақылап жүретінмін. Содан менің де төрт аяқтыны асырауға, оны айтқаныңды орындайтындай тәртіпке үйретуге деген қызығушылығым күннен-күнге арта түсті. 9-сыныпта оқып жүргенімде үш айлық күшік асырадым. Сол күшіктен ақылды ит тәрбиелеп шығарамын деген алдыма мақсат қойдым. Атбасар қаласында тұратынбыз. Ол кезде ит үйретуге арналған әдбеиет те, интернет те болған жоқ. Оның үстіне теориялық білімім де болмады. Ал ит тәрбиелеуде бұлардың рөлі маңызды. Егер үй жануарының өз-өзін қалай ұстайтыны туралы психологиясынан хабардар болсаң, оны үйрету оңайға түседі. Сол кезде мен үйреткен уақытта иттің аш болуы керектігін ғана білетінмін. Тамаққа қол жеткізу үшін олар ынталана түседі екен. Мен оған нанның ортасындағы жұмсақ жерін ғана беретінмін. Ең қолжетімді деген тәтті тағам осы еді сол кезде. Сондықтан тәрбиеленушім менің командамды бар ынтасымен орындайтын. «Мұнда кел», «жанымда тұр», «отыр, тұр» деген сияқты қарапайым командаларды екі етпейтін. Содан төрт аяқты досым бір метрлік биіктіктегі шарбақтан секіретін болды. Оған адамның бас киімін шешуді де үйретіп қойдым. Осыны көргендер таң қалатын. Бір жағынан оның бұл қылығы адамның күлкісін де келтіретін.

*** Өзіне иелік ететін отбасында иттер жетекшіге ерекше мән береді. Үй қожайынының мінезі қандай болса, иттікі де сондай болып қалыптасады. Егер ит үй иелерінің ішінен жетекшіні көре алмаса, оның өзіне еріксіз көшбасшы болуға тура келеді-мыс.

*** Бастан өткен бір жайды айтайын. 1992 жыл болатын. Совхозда тұрып жатқанбыз. Ағам екеуміз Алматыға «Азия даусы» фестиваліне бардық. Қайтар жолда базарға соғып, отбасымызға сыйлық алдық. Келіншегім маған етік тапсырған еді. Жолға шығардың алдында қолымыздағы бір сиырды сатып, ақшасын өзіммен алып кеткенмін. Содан базарда кавказ овчаркасының күшігін көрдім де, ойланбастан сатып алдым. Сөйтіп, үйге келгенімізде жарым менен өзінің тапсырысын сұрады. Мен оған: «көлікте, орындықтың астында» дедім. Ол маған таңырқай қарап: «мұнда күшік жатыр, етік жоқ қой» деді. Содан маған қатты ренжіген зайыбым жарты жыл әлгі күшікке жоламады, ал менімен бір ай бойы сөйлеспеді. Ол ит өте жуас еді, ешкімге тиіспейтін. Қызым бала күнінде оның үстіне мініп алатын. Үй жануары да отбасы мүшелеріне тиісуге болмайтынын жақсы білетін. Оның тұқымынан тараған иттер қазір де үйімізде жүр.

*** Биылғы жыл иесін де мінезіне қарай, сангвиник, холерик, флегмотик және меланхолик деп бөлуге болады. Бірақ кейде бір ғана ит бірнеше мінез түріне ие бола алады.

*** Кейбір иттің өз құйрығын тістеп, айнала қозғалып жатқанын байқаған боларсыз. Олардың қар ұшқынын ұстайтындары да бар. Бұл уақытта ол белгілі бір қызмет атқарып жүрмін деп ойлайды. Ондай итті шынжырлап, байлап қоюға болмайды. Онымен жұмыс істеу керек. Бірақ қора күзететін ит мүлде олай етпейді. Әдетте қора күзететіндерді қарнының тоқтығы мен үй қауіпсіздігінен басқа ештеңе қызықтырмайды. Олар аңқау, бейқам болып келеді. Егер мен алабай асырасам, «ол міндетті түрде үйді күзетеді» деу жаңсақ пікір. Иә, күзету, жетекшіні көру сияқты қасиет олардың қанында бар. Бірақ асыл тұқымды иттерді тәрбиелемесе, олардың түйсігі топастанып қалуы ықтимал. Сонымен қатар қожайынының бақылауында болмаған ит өзінің энергиясын басқа нәрселерге жұмсайды. Мысалы, өтіп бара жатқан адамдарға жүгіруі мүмкін.

*** Иттер туралы ескі фильмдерді қарағанды жақсы көремін. Егер бұл жануарлар жоғары деңгейде үйретілсе, олардың кинодағы рөлі көрерменді шын сендіре біледі. Ал кейде бір төрт аяқты кейіпкердің рөлін олардың бірнешеуі сомдайды. Команданы дұрыс түсінбесе, режиссерлер бір-біріне қатты ұқсайтын иттерді таңдап алады.

*** Итті белсенді түрде тәртіпке үйрететін уақыт – бар болғаны жарты сағат қана. Содан соң ол осыншама уақыт демалуы қажет. Адамдар иттерді күні бойы ойнай алады деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде олай емес. 20-30 минуттық жаттығудан кейін олар шаршап қалады да, айтқанды орындауға аса құлшынысы болмайды. Оларды бейімдеудің бір тәсілі – ойын әдістері арқылы үйрету. Ит неғұрлым көбірек команданы орындай білсе, соғұрлым жақсы дамып, әр нәрсеге машықтана түседі. Мұндай иттер көбіне орындықтан-орындыққа секіріп, өнер көрсету үшін циркке арналып үйретіледі. Менде адамдардың өтініші бойынша электр жарығын қосатын, баламен қыдырғанда бесік арбаны итеруге көмектесетін иттер бар.

*** Егер үйрету қажет болса, иттердің тұқымын талғамаймын. Біраз жыл бұрын кеден бекетінде жұмыс істедім. Сонда көзімнің жеткені, ондағы иттер іздеу қызметінде 8-10 жылға дейін мүлтіксіз еңбек ете алады. Бірақ итке тек бір ғана есірткі түрінің иісін сездіруді үйрету үшін жарты жыл уақытты сарп ету қажет. Ал ондағы төрт аяқтылар есірткінің бес түрін ажыратуға қауқарлы болады. Оларға жарылғыш заттарды анықтауды үйретуге де дәл осынша уақыт кетеді.

*** Иіс сезу жағынан иттер ерекше қабілетке ие. Олардың тағам қоспаларындағы бөгде дәмді де ажыратуға мүмкіндіктері бар. Тіпті ақшаның да өзіне тән иісі болады. Бұл – олардың табиғи қасиеті. Айтпақшы, қызмет барысында есірткіні тіміскілеп үйренген ит соған тәуелді болып қалады деген жай ғана дақпырт. Иттердің нашақоры жоқ. Өйткені оларда бір нәрсеге әдеттену деген болмайды.

Нұр ДӘУЛЕТ