Дамуға кедергі келтіретін себептің бірегейі – бюрократия

«Кеше бір досым жағасын ұстап келді. Бір әріптесінің әкесі қайтыс болып, жерлеуіне қатысыпты. Қабіршілер оралған соң дәмханадағы жұртты сағаттап ұзақ күттіріп қойыпты. Әкесі қайтқан жігіт біреуге телефон соғып, елдің бәрі соны күтіп отырғанын, әлі бастамағанын айтып жалынып-жалпайған көрінеді. Молда төзімі таусылып, өлімде де бастыққа жағынуды ойлаған не сұмдық екенін сұраған. Сөйтсе ел болып күткен адам әлгі жігіттің бастығы екен». Бұл атақты жазушы Қуандық Шамахайұлының аузынан естілген, болған оқиға болса керек.

Тал жанасар жағынып терекке кеп, 

Тамыры әлсіз тал байғұс…

Терек бөлек…

Терек байғұс несіне жағынады?

Жағынатын нәрсе іздеп аңырады…

Мұқағали жырлаған жағымпаздық – әлсіз теректің жағдайы емес, әкесі қайтқанда бастығын ойлаған байғұс жігіттің жағдайы. Қазіргі қоғамда біз үшін архаизмге айналып кеткен, айтылуы жиілегенімен, жасалуы көп – бюрократия. Жекелеген сөздің қолданысы жоғалғанымен, қоғам оны қуана-қуана жемқорлық, жағымпаздық, мансапқорлықпен алмастырып алғаны тайға таңба басқандай.

Бюрократияның басты екі ерекшелігінің бірі – биліктің халықтан шеттелуі, ал екіншісі – биліктің тек шенеуніктердің қолында болуы. Бұған арнайы талдау жасаған Гегель, кейін оның теориясын дамытқан Маркс, Вебер, Веблен еңбектерінде де кеңінен зерттеді.

Бюрократия жер-жерде өмір сүреді. Онымен күреспейтін адам, бюрократтарды сынап-сөкпейтін қоғам жоқ. Алайда ауызбен айтқанымызбен, ісімізбен әрқайсымыз мұны еркін қабылдап, норма ретінде көретінімізді өзіміз де мойындамаймыз.

Көпшілігі бюрократия қазақ қоғамында бұрыннан бар деседі. Бірақ бұл сөз дәлелді болуы үшін алдымен бюрократия мен мадақ жырлардың аражігін ажырата білу қажет. Әйтпегенде, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ деген Асан Қайғы, Шалкиіз, Марқасқа, Жиембет, Тәтіқара, Жанақ, Дулат, Махамбет, Сүйінбай, Қашағандар қазір қайда? Себебі «социалистік реализм» деп аталатын қағиданың жадыда қалғаны соншалық, әлі күнге айыра алмай жүргеніміз тағы бар.

Сонымен, қазаққа бюрократия қашан келді? 18-19 ғасырға дейін басын кесіп алса да, ақын шындығын, жыршы айқайын ұйып тыңдайтын еді. Ресей империясына қосылу басталғалы ғалым да, суретші де, сәулетші де, мұғалім де шенеунік қатарына ене бастады. Қазынадан жалақы алып, шендері болды. Алайда мақтан мен мадаққа жақын қазақ жас шағынан қызметке тіркелу үрдісіне тез үйренсе де, білім алу керектігін, билік ету үшін сауат керек екенін жете түсінбеді.

Лениннің өзі шенеуніктерді қарапайым адам жете де, өте де алмайтын ну орманға теңеді. Осы кездің өзінде-ақ «Болыс болдым, мінекей, бар малымды шығындап» дегеннің көкесі басталды. Бірақ «анау үйретті, мынау үйретті, заман сондай болды» деп ақтала алмаймыз.
Абай 3-қара сөзінде былай дейді: «Болыс болғандар өзі қулық, жағымпаздықпен болыстыққа жеткен соң, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, «өзіме дос болып, жәрдемі тиеді, егер қас болса, өзіме де залал жасау қолынан келеді» деп».

Иә, директорға ақша беріп мұғалім болу, кейін оған жалынып меңгеруші болу, облыс әкіміне жалпақтап, ауыл әкімі болу, ректорға жағынып декан болу, бастыққа жағынып, бөлім бастығы болу, продюссерге жалпақтап, басты рөлге ие болу, тексеріс келсе, бар тәттіні аузына тосып, жоғары нәтиже көрсету, осылай кете беретін күнделікті күйбің тіршіліктегі жағымпаздықтың көрнісі бұлармен тоқтап қалмайды.

«Ә» есімді студент, 19 жаста:

– Мен мұны жағымпаздық дей алмаймын, өмір сүру үшін, алға жылжу үшін жасалатын пысықтық дер едім. Жатақханаға кешігіп бара жатсақ, тәттілеріміз бен шайымызды ала барамыз.

Билікке жағынсақ болды, қалғаны бос әурешілік деген теория – ел дамуын бәсеңдететін басты факторлардың бірі. Осыған орай Қазақстандағы Ұлыбритания елшісі қызметін атқарған Кэролин Браун ханымның айтуынша, біздің дамыған елдер қатарына қосылуымызға кедергі келтіретін себептің бірегейі – бюрократия. Бұл жердегі сынның садағы шенеуніктерге тиетіні анық. Алайда нәтиже байқалмайды.

Сымбат Айдарқызы, психолог:

– Жағымпаздық – туа біте болатын қасиет емес. Оның адам бойында дамуы адамның өзін жақсы көру деңгейіне, эгоизміне байланысты. Егер бір нәрсе қатты керек болса, өзімшіл адам өзі үшін бәріне дайын болады. Сол кезде біреуге пара беріп, жағымпазданып, кейін ол адамды сатып та кетіп жатады.

Төлен Әбдіктің: «Жағымпаздық тоталитарлық жүйе мен дара биліктің тұсында дамиды» дегені бар. Қазақстан демократиялы ел, ал бюрократия қалай дамып жатыр екен сонда? Гете министр болған, Абай болыс болған, Қонаев та ел билеген, Тәшенов те мансап құрған, алайда оларға кім мін таға алады?

Иә, бұрын Ленин мен Сталинді жырламасаң, өнерің өнер болмайтын, мемлекет басшысын мақтау міндет ауыр заман болды. Ал қазір басшыны былай қойып, мекеме директорының өзіне жағыну – парыз сияқты. Хакім Абай: «Шайыр бұзылса, құрады шайтан өрмек» дегеннің жаны бар, сірә.

Тіпті, Қонаев орнына түскенде де маңайындағылар жаппай Колбинге жағымпазданғаны өтірік емес. Белгілі бір жазушы кезінде Қонаевқа «қазақтың ұлы тұлғасына» деп әспеттеп, кітап сыйлап, кейін жайсаң Дінмұхаммед Ахметұлы өзі тұрған үйін сыйға тартып риза болған екен. Колбин келгенде әлгі жазушының: «Мен сізді 25 жыл күттім» демесі бар ма? Сондағы Қонаевтың «Бірлесу» журналына берген сұхбатында: «Айналаңа өзіңе табынушыларды емес, идея беретін ақыл-парасат иелерін жинау керек» депті.

Қорытындылай айтсақ, жағымпаздық пен мансапқорлық басшыны да, бағыныштыны да алысқа апармайды. Бюрократияға құрылған билік сатқындыққа, екіжүзділікке толы болады.

Райхан БАЛТАБАЙ

Сурет: ғаламтордан