Шылым шеккен шырайлым

Анам екеуміз күнделікті баратын дүкеннің бұрышынан бірде шылым шегіп тұрған қазақ қызын көзім шалды. Тілдесіп көруге тырысқанымда: «Әрі жүр, шаруаң қанша?» деп қысқа қайырды.

Қазіргі технологияның дамыған заманында бұл тәуелділіктен арылтатын әртүрлі дәрі-дәрмектер, психологиялық жаттығулар бар. Тек оны дұрыс насихаттау керек екенін түсіндім. Қаракөздеріміздің бұл індетке душар болуларының себебі неде? Қыз өсіріп отырған ата-аналардың тәрбиеге немқұрайлы қарауында ма, әлде болашағына алаңдамай, сән қуған қыздардың ақымақтығы ма?

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 2007 жылдары орта есеппен бір аптада 4 қыз 1 қорап темекі шегетін болса, 10 жыл өте бұл көрсеткіш бір аптада 6 қыз 4 қорап темекі шегетін деңгейге көтерілген. Мұндағы қорап санының да, адам санының да өскені қынжылтады.

Құрамында отыздан астам улы заттар бар, былайша айтқанда, заңды түрде қолданылатын есірткі түрі Еуропа мен Азияға 15-ғасырда келген екен. Алғашқы кезде темекі тіс ауруына қарсы пайдаланылатын дәрі ретінде қолданылса, кейіннен бұл Ресейде кең етек жайып, Петр І патшалық еткен кезде дағдыға айналып кеткен деседі.

Ал біздің елімізге темекінің қашан келгенін айту қиын, бірі «15-ғасырдың аяғында жәрмеңкелерде сатылған» десе, енді бірі «бұл ежелден бар зиянды әдет» дейді. Алайда Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романынан мынадай үзінді келтірсек болады: «Бұл қалада бәрі де әдеттегідей, анау бөдене соғыстырған топ та, әне, анау қорқор тартып, геджак тыңдап отырған мырзалар да… Бәрі де күндегі салтында». Үзіндіге қарасақ, қорқор, темекі аттас зиянды заттар халқымызда ежелден бар дегенге саяды. Алайда ер адамдардың аузынан көк түтіннің еркін тарағаны көзге үйреншікті болғанымен, қыз баласына жат әдет екені анық. Ал өзіміздің қазақ қыздарына шылым шеккен мүлдем ерсі көрінеді. Көріп, біліп жүрсек те, «ұятсыз» деп балағаттаудан әрі асып, еш шара қолданбаймыз.

Осыған орай тұрғындар арасында «Қазіргі таңда қыз балалардың неліктен ерлерге қарағанда жиі темекі шегетіні жайлы сұрап көрдіңіз бе?» деген сұрақ төңірегінде сауалнама жүргіздік.

Маржан, студент, 21 жаста:

– Негізі қалада көретіндерім орыс немесе өзге ұлттың қыздары еді. Қазір қазақ қыздарының саны сол межеден аспаса, кем түспей тұр. Сұрауға тырысып көрмеппін, бірақ сол қыздар шылым шегетіндей асып-тасып жатқан мәселе жоқ, жай ғана ақымақтық деп білемін.

Нәбира апа, зейнеткер, 65 жаста:

– Барлығы тәрбиеден деп жатамыз. Алайда қазір кей үлгілі отбасылардан да тәрбиесіз ұрпақ өсіп келеді. Адамды орта тәрбиелейді, көретіндері мен тыңдайтындары дұрыс емес.

Біразы: «Тәрбиенің жоқтығынан, сән ретінде, еліктеу нәтижесінде жасайды» деп жауап берді.

Қалалық студенттер емханасы мамандарының айтуынша, шылым шегетін әйелдер ер адамдарға қарағанда 5 есе жиі ауырады. Өкпенің қабынуы, көз алмасының тамырларының қабынуы, жүрек соғысының жиілеуі мен жұмысының әлсізденуі, ана болу мүмкіндігінің азаюы сияқты бір шылымнан шығатын көп шырмауық пайда болады. Өкініштісі сол, жас қыздарға болашақ ана ретінде, саналы ұрпақ тәрбиелейтін әйел ретінде өз денсаулықтарын өздері құртып жатқандарын түсіндіре алмай әлекпіз.

Райхан БАЛТАБАЙ

  1. Сурет: ғаламтордан