Суыққа сыр бермейтін сырбаз

Аязда шолақ жең көйлекпен жүрген адамды көрдіңіз бе?! Мұндай шыныққан азаматтар біздің қалада да тұрады екен. Солардың бірі – астаналық Қайырбек Аяшев. Магистратура, PHD докторантурада оқыған 38 жастағы жігіт – қазіргі уақытта елордадағы зерттеу институттарының бірінде ғылыми қызметкер. Сарышұнақ аязда аялдамадағы қалың киімді топтың арасынан еңсесін тік ұстап келе жатқан жейделі жігіт көзге оттай басылды. Ол Қайырбек екен. Суыққа сыр бермейтін сырбазды реті келгенде сұхбатқа тарттық.

– Қайырбек, далада 30-40 градус аяз ғой. Ал сіз көй¬лекшеңсіз. Тым жұқа жүрген жоқсыз ба?

– Жоқ. Мен осылай жүріп үйреніп қалдым.

– Сонда суықтан қалай қор¬ғанасыз? Жылы киім мүлде кимейсіз бе?

– Әрине, қорғанамын. Бірақ сыртқы киімді кимей жүргеніме он шақты жыл болды. Алайда үнемі ауа райын бақылап, суықта жұқа киіммен жүрудің уақытын өзгертіп тұрамын. Мысалы, –20 градус температурада далада бір сағаттан артық жүрмеймін. –30 градуста 30-40 минутқа, ал 40 градус аязда 15-20 минутқа ғана шамам жетеді. Дегенмен бұл уақыт маған аялдамада тұрып, автобусты күткенге жеткілікті. Бастысы, құлақ пен мұрнымды, саусақтарымның ұштарын үсіріп алмауға тырысамын.

– Жұқалтаң жүруді қашан бастадыңыз?

– Суықта жейдемен жүруді алғашында Франция астанасы Парижде бастадым. 2008 жылы сол қалада жарты жыл тұрғанмын. Алайда Париждің қысы бізге қарағанда әлдеқайда жылы. Мысалы, ондағы ауа температурасының –10 градус болғанын бір-ақ рет көргенмін. Ал суықтағы нағыз шынығуым 2009 жылдың күзінде Астанада басталды.

– Бұл денсаулыққа пайдалы ма?

– Өзім үшін ғана жауап бе¬рейін. Мен үшін жұқа жүру – денсаулықты күшейтетін тәжірибе емес, бар болғаны эксперимент пен хобби ғана. Бір жағынан бұлай жүрудегі мақсатым – жұртшылыққа адам¬ның қолынан біраз нәрсенің келетінін дәлелдеу. Алайда мен бұлай жұқа жүруді ешкімге ұсынбаймын. Әсіресе, Астананың қысында. Өйткені ол өте қауіпті. Олай жүру біраз дайындықты да қажет етеді.

– Айтыңызшы, суықта тоң¬бауы¬ңыздың сыры неде?

– Суықты бағындырып, тоң¬бау үшін көйлекшең жүрудің қажеті жоқ, спортпен айналысу жеткілікті. Себебі спортпен айналысқанда адамның қан айналымы жақсарады. Ал қан айналым жақсарғанда, ол суыққа төзімділікті арттырады. Өйткені суық қан айналымды бұзады. Мысалы, саусақтың үсуі қан жүретін тамырлардың қысылып қалуынан болады. Егер қан айналым жақсы болса, ол қысатын күшке қарсы әрекет жасайды.

– Жалпы, осылай шыны¬ғуыңызға не түрткі болды?

– 2006 жылы астан уланып қалдым. Алайда ауруды ұсақ-түйек деп қабыл-дап, дәрігерлер есігін қағуды жөн көрмедім. Бірақ осы салғырттықтың соңы аурудың асқынуына ұласып кетті. Басым, көзім қатты ауырып, компьютерде жұмыс істеуден қалдым. 2007 жылдың аяғында жағдайым тым нашарлай түсті. Тіпті мүгедектікке душар болудың аз-ақ алдында едім. Содан қатты қиналып кеткен соң көз жанарымның көру қабілетін қалай жақсартуға болатынын зерттеп, интернеттен түрлі әдістерді іздедім. Бірінші көрген әдісім, ол – көздің микрохирургиясы. Бірақ бұл маған ұнамады. Меніңше, ол – басқа амал қалмағандықтан, тек соңғы жағдайда ғана қолданатын әдіс. Тіпті, көру қабілетім қатты төмендеп кетсе де, ондайға барғым келмей, басқа жолын іздеп, ғаламтордан ресейлік профессор Ждановтың көз гимнастикасы туралы әдістемесін таптым. Осыны істеген кезде сол көзімнің шетінен басымның ми қабатының артқы жағына дейін тура шынтағыңды ұрып алғандағыдай ток жүріп өтті. Сол сәтте ішкі түйсігім санама иогамен айналысуға белгі бергендей болды. Содан көздің ғана емес, жалпы денсаулығым үшін 2008 жылдың қаңтарынан бастап иогамен айналысудамын.

– Сонда толығымен емделу үшін не істедіңіз?

– Қазіргі денсаулығымның формуласы – иога мен спорттан бөлек, антибиотик пен шөптерді қажетінше дұрыс пайдалана білу. Бала кезімде «Иогашылар – бүкіл денелерін меңгерген адамдар» дегенді кітаптан оқыған едім. Осы ойыма келген соң мен де бұлшық етімнің кез келген бөлшегін қозғалтуға әрекеттендім. Мәселен, құлақ, мұрын, қабақ сияқты басқа да барлық бұлшық етті қимылдата бастадым. Содан қыс жақындағанда «неге денеме суықпен эксперимент жасап көрмеске?» деген ойға келдім. Бір жылдың ішінде денеме көп эксперимент жасап, қашықтыққа жүгіріп те жаттықтым. Себебі жүгір¬генде қимылдайсың, сол арқылы денеңді сезе бастайсың. Денемді шаршатып, түрлі қимыл-қоз-ғалыстар жасап, жан-жақты эксперимент жасадым. Тибетте суық иогасының бар екенін естіп, суықпен де денеме эксперимент жасап көруге бекіндім. Осылайша, шынығып, қазіргі уақытта көріп тұрғаныңыздай, аязды күні де көйлекшең жүремін.

– Күннің суығында жейдемен жүргеніңізді көргенде қала тұрғын¬дары қалай қабылдайды?

– Әр адам әртүрлі қабылдайды. Кейбірі таңдана қарайды, енді бірі жанашырлық танытып, жылы орындарды нұсқайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Нұрдәулет КӘКІШ

Суретті түсірген: Сұлтан Сейіт