Қару мен қаламды серік еткен

Отан қорғау – әр қазақстандықтың парызы. Алайда әскер қатарында болу, сап түзеп, сарбаз атану әрбір азаматтың еншісіне бұйыра бермейтін бақыт екені де рас. Сондай бақыттың дәмін татқан жандардың бірі – семейлік журналист, әскери қызметкер Асан Мырзаханов. 

Жалпы, мәдениет саласының қызметкерлері мен тілшілер тобына «Әскер қатарында болдыңыз ба?» деген сауал қойсаңыз, шыны керек басым көпшілігі ол жағынан ұятты екендіктерін айтады. Ал Асан Мырзаханов бұл сұраққа басын тік көтеріп, абыроймен жауап қататындардың қатарынан. Кейіпкеріміз отан алдындағы борышын 2006-2007 жылдары Алматы облысы Кербұлақ ауданының Сарыөзек қалашығындағы № 12740 әскери бөлімінде өтеген екен.

– Жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтаған соң Семей қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасынан әскерге шақырту қағазы келді. Бала кезімде сарбаз болуды армандаушы едім. Сондықтан бұл мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді. Балалық арманымды орындау үшін барынша талпындым. Соған орай айым оңынан туып, денсаулығым да жарамды болып, барлық тексерістен сәтті өттім. Облыс орталығы Өскеменнен аттанар шақта әскери өмір мені одан сайын қызықтырып, тезірек сарбаз болуға құлшынысым арта түсті. Ақыры барлығы сәтімен аяқталып, Шығыс Қазақстаннан 30-ға жуық жігіт отан қорғауға аттандық. Жас сарбаздар отырған пойыз Семей қаласы арқылы өтетін болғандықтан туған-туыстарыма қоңырау шалып, әскерге кетіп бара жатқанымды айтқанда, олар таңырқап, сенер-сенбестерін білмей қалды. Ауылдағы ата-анам, туыстар, достар – барлығы сәтті сапар тілеп, шығарып салды, – дейді Асан.

«Шынықсаң, шымыр боласың» дегендей, таңның атысынан кештің батысына дейінгі жүгіру, секіру сияқты жаттығулар Асанды да шыңдай түседі. Өзіне жүктелген міндеттерді жақсы орындағаны үшін оған әскери бөлімдегі артиллерия полкінің аға миномет дәлдеушісі лауазымы берілген екен.

– Сарбаздар сапындағы күндерім қызықты өтті. Әскери өмір адамды темірдей тәртіпке, жауапкершілікке, шешімді болуға, бір сөзді болуға тәрбиелейді. Әрине, ешқайсымыз да ондағы күн тәртібіне бірден үйренісе қоймадық. Әсіресе ауылда шай ішіп үйреніп қалғандардың басында бір кесе қара шайға шөлдері қанбайтын. Әскери өмірден де үлкен сабақ алып, көңілге түйгеніміз мол. Маған ең бастысы адам тануды үйретті. Сонымен қатар біршама достар таптым, – дейді ол тағы бір сөзінде.

Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келгеннен соң Асан радио мен газетте журналист болып қызмет етті. 10 жылға жуық қаламды серік еткен ол бүгінде қайтадан қару асынып, Семейдегі әскери бөлімдердің бірінде еңбек жолын жалғастыруда. Үйленген, қос құлынның әкесі. Әскерде көрген темірдей тәртіпті ұстануының арқасында ақпарат майданында тасы өрге домалаған азаматқа жемісті еңбек, отбасы бақытын тіледік.

Дәукен ТҰРДАШ