Өрмекші адам

Астанада күнге шағылысатын биік әрі шыны ғимараттар жетіп артылады. Олардың мұнтаздай таза болып тұруы үшін міндетті түрде өндірістік альпинистердің жұмыс күші қажет. 

Өндірістік альпинизм өткен ғасырдың 30-шы жылдарында АҚШ-тағы зәулім ғимараттар мен электр станцияларының құрылысы салынып жатқан уақытта пайда болған деседі. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, аталмыш мамандық Кеңес Одағына 1941-45 жылдардағы соғыс кезінде жеткен. Ленинградты фашистерден азат ету кезінде альпинистер бригадасының құрамында болған Кеңес Одағының батыры Михаил Вобров арқанмен өрмелеп, өндірістік альпинизмнің қыр-сырын меңгерген деген дерек бар. Алайда тек 1980 жылдардан бері ғана әлем елдері қауырт қолдана бастаған аталмыш кәсіптік мамандықтың Қазақстанға нақты қай жылы келгені белгісіз. Дегенмен кейбір деректерге сүйенсек, 2000 жылдары ТМД елдерінің ешқайсысында, тіпті Ресейде де кәсіби альпинистерді оқытатын курстар болмаған-ды. Көп қабатты, шыны ғимараттардың көптеп салынуына байланысты 2008 жылы Қазақстанда арнайы оқыту орындары ашыла бастапты. Ал Астанадағы өндірістік альпинистерді дайындайтын «ПромАльп» ЖШС-тің оқыту курстары 2010 жылы ашылған. Оның арнайы курсын аяқтаған жүзден аса түлектің бірі – Қайратбек Тұрғанжантегі.

Қайрат Тұрғанжантегі:

Өндірістік альпинизммен әуестеніп жүргеніме 6-7 жыл болды. Тапсырыспен жұмыс істейміз. Бала кезімнен күреспен айналысқандықтан болар, арқанмен өрмелеу мен үшін кезекті жаттығулардың бірі сияқты. Биікте арқанға ілініп жүріп жұмыс істеуге кез келген жанның жүрегі дауаламайтынын білген соң осы жұмысқа деген қызығушылығым арта түсті.

Өндірістік альпинист үшін ең негізгі жабдық – тақымға киілетін бекіткіш (обвязка). Содан соң статикалық жіп, яғни арқан. Одан кейін түсетін құрылғы (осы арқылы жіп өтеді), карабин (отыратын жабдық), ілгіштер, шыны қабырғаларға жабысатын құрал сияқты басқа да ұсақ-түйек жабдықтар жетіп артылады. Жалпы, бір өндірістік альпиниске қажетті құрылғылар жинағы біршама қаржыны құрайды.

Қайраттың айтуынша, ат құлағында ойнап өскен ауыл баласы үшін арқанмен өрмелеудің аса ауыр болмайды.

Қайрат Тұрғанжантегі:
– Алдымен арқанды ғимараттың шатырындағы қолайлы бір жерге мықтап байлау қажет. Негізі альпинистерге арналған 1500-дей байлау түрі бар. Өте ыңғайлы болғандықтан, біз көбіне «булин» деп аталатын байлау түрін пайдаланамыз. Сол сияқты қазықбау шалуға да болады. Ең бастысы, жіп қаншалықты мықты байланса, арқан бойымен төмен түскенде өзіңе соншалықты сенімді боласың. Алайда алпинистің қателік жасауға құқығы жоқ. Қалт кетсең, не денсаулығың, не өмірің қатерге тігіледі я болмаса жердегі адамдарға зияның тиюі мүмкін. Сондықтан әр сәт мұқият боламыз. Қатты жел болғанда, жаңбыр жауғанда жұмысқа шықпай, ауа-райы болжамын бақылап жүреміз.

Қазіргі уақытта Астананың сәнін келтіріп тұрған сәулетті ғимараттардың бірі, ЭКСПО-ның басты нысаны – «Нұр әлем» шар тәріздес павильонының тұрғызылуына Қайраттың аз да болса өзіндік үлесі бар. 8 қабатты алып шардың қаңқасын құрастыру кезінде ол осы нысанда альпинист болып еңбек еткен. Сол сияқты Ақтау қаласы мен Астананың бірқатар нысандарында еңбек еткен ол Сарыарқа велотрегінің төбесіндегі су ағарларды ауыстыру сияқты бірқатар жауапты жұмыстарды да атқарған. Жалпы, өрмекші адамдарға артылатын жұмыс жетерлік. Мәселен, олар көп қабатты ғимараттардың құрылысы мен шыныларды жуу, керомаграниттерді ауыстыру, кей кездері лифтке сыймайтын жиһаздарды терезеден кіргізу сияқты түрлі жұмыстарды атқарады. Сол сияқты жаңа жыл мерекесі кезінде терезеден аяз атаны кіргізіп, балаларына тосын сый жасау үшін де ата-аналар өндірістік альпинистердің көмегіне жүгінеді.

 

 

Қайрат Тұрғанжантегі:

– Әзірге аяз ата болып көрген жоқпын. Алайда «ақылды үйлердің» тұрғындары кіру кодтарын ұмытып қалған кезде бірнеше рет арқанмен барып, терезеден ішке еніп, есіктерін ашып берген кездерім болды. Мен жұмыс істеген ең биік ғимарат 40 қабат болды. Әрине, биіктікті талғамаймын. Дегенмен жұмыр басты пенде болғаннан кейін, бәрібір қорқыныштың болатыны рас. Бірақ арқаның мықты болып, өзіңе сенімді болсаң, қорқатын дәнеңесі де жоқ. Үнемі «біссімлләні» айтып, тәуекелге бел буып, арқан бойымен кете береміз. Төменге қарағанымда жердегі көліктер сіріңкенің қорабына ұқсаса, адамдар кішкентай қыбырлаған жәндіктер сияқты болып көрінеді. Ал қаланың көркем ғимараттары мен әдемі бейнесін биіктіктен көру, әлбетте, басқаша. Алғашқы кезде, тіптен қызықты еді. Қазір көз үйреніп қалғаннан ба, аса таңсық болмай кетті. Дейтұрғанмен жаздың күні жасыл желектің жайқалып тұрғанында қаланың төбесінен қараған қатты ұнайды.

Нұр ДӘУЛЕТ

Суреттерді түсірген: Сұлтан Сейіт