Жетес бидің тоқтамы

Төле би тоғыз жасында сексенге келіп отырған Жетес биді іздеп келеді. Екі-үш күн қонақ болған соң, Төле би қайта еліне жүрмек болғанда, Жетес 6и оған бата береді.

Сөзінің соңында:

– Балам, басқа бұйымтайыңды айта отыр. Бата басқа бітер, қына тасқа бітер. Жолға шығып өкінбе, ақылың болса төгілме, атамда бір сөзім қалды деп түкірме. Тағы немді қаладың? — дейді.

Сонда Теле би:

– О, қасиетті ата! Ат берсеңіз — өліп қалады, тон берсеңіз — тозып қалады. Оданда өлмейтін, тозбайтын тағы бір бұйымтайымды айтайын, — дейді.

Жетес би:

– Әп, бәрекелде! Айта бер! — дейді.

Төле би:

– Әр он жастың арасын бір белес десек, соны неге ұйғарып, неге баладыңыз? — дейді.

Сонда Жетес би:

– Онға келдім — ойнадым,
қызығына тоймадым.
Жиырмаға жеттім — бойладым,
онда да 6алалықты қоймадым.

Есейе келе, жақсы сөзге сүйіндім,
жаман сөзге күйіндім,
барымды бойға киіндім,
сулу қыз-келіншектерге шүйілдім,
жауларыме түйілдім.

Отызға келдім — алтайы қызыл түлкі болдым;
қыран бүркітке алдырмадым,
құмай тазыға шалдырмадым,
қатар құрбының көңілін қалдырмадым.

Қырыққа келдім — арғымақтай аңқылдадым,
Тау тағысындай саңқылдадым,
ақ алмастай жарқылдадым,
құз қыранындай шаңқылдадым,
барымды жоқ деп сарқылмадым.

Елуге келдім — биік қырға шықтым,
арғы жағының алыс-жақынын байқамадым,
дәулетімді шайқамадым.

Алпысқа келдім — алты тарау жолға түстім,
қайсысының алыс-жақынын білмедім.

Жетпіске келдім — жеңілгенімдІ білдім,
бала мен келінге билігімді бердім,
айтқанына көндім,
айдауына жүрдім.

Сексенге келдім – оң жағым от,
сол жағым су,
алдым жар,
артым құз,
қалай қозғалсам да тірлік деп біле алмадым, — депті.

Р. КЕРЕЕВ,
«Ақтөбе» колхозы,
Шу ауданы,
Жамбыл облысы.

«Мәдениет және тұрмыс» журналы, № 1,
1976 жыл, қаңтар

Сурет: anatili.kazgazeta.kz