Жаңа жылды тойлау дұрыс па?

 Желтоқсан айы жаңалықтар мен мерекеге толы ай. Тәуелсіздік мейрамынан кейін, бірден еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін жаңа жылды асыға күтетіні шындық. (тіпті тәуелсіздік мерекесіне дейін де шырша құрып, жаңа жылға қызу дайындық басталып кететіні рас) Ара-кідік «Жаңа жыл біздің мейрам емес, тойлауды доғару керек.Мұсылмандардың мерекесі – Наурыз» деген ойлар айтылып жүр.

Әрине, бұл өте сауатты һәм дұрыс пікір. Бірақ бүкіл әлем елдері келер жылды күтіп, шад-шадыман көңіл күймен тойлап жатқанда, тым-тырыс ұйықтап жатқанымыз қалай болар екен?

Тіпті, бәзбіреулерден «Жаңа жыл ішімдік ішіліп, зина жасап, күнәға бататын мейрам» дегенді де естіп жатамыз. Сонддай күнә жасап жүргендер жаңа жылды күтіп, дәл сол мезетте ғана ішімдік ішіп қояма екен? Осыған қатысты Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Жұлдызбен сырласу» журналында өз пікірін білдіріпті, үзінді келтіре кетейік:

«Біреулер жаңа жылды ысырып тастап, наурызға көшіп кетейік дейді. Бұл ұшқары пікір. Бүкіл дүние жаңа жылды тойлап отырғанда, бізге де жаңа жылсыз болмайды. Ал, түрік дүниесі наурызды өзінше тойлайды. Ораза айт, Құрбайн айт бар. Құрбайн айт мерекесіне бір күн демалыс берді, ораза айтқа да бір күн демалыс бергенін қалар едім. Өйткені, отыз күн ауыз бекіткен адам әлсірейді, аздап күш жинау керек дегендей.

Мысалы, бұл мейрамдар кезінде қытайдағы қазақтар үш күн демалады. Көктем мейрамдарына қарсылығым жоқ. Мұсылмандардың мейрамын ерекше жақсы көремін. Қазір мейрам көбейіп кетті. Жарайды бола берсін, еш қарсылығым жоқ….» – деген екен.

Жалпы,  «Тәуелсіздікке дейін жаңа жылға дайындықты доғару керек» деген ескертулер Үкімет пен әкім-қаралар тарапынан айтылса да, бұл үрдіс баяғыдай. Бұл жалғаса да береді. Жазушының айтып отырғаны да осы. Әр мерекені өзінің деңгейінде тойлай білген дұрыс шығар. Сіз қалай ойлайсыз?

Қожан ШЫМЫРБАЙ