Зайсандағы зілзала. Президентке шай құйып берген қыз

Ол бүгінде Зайсан қаласында тұрады. Аудандық әкімдіктің ең бір шаруасы қарбалас, жауапкершілігі мол бөліміне жетекшілік етіп, туған жерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді. Сол кездегі аудандағы жалындаған жастардың алды болып жүрген оның Зайсан өңіріне арнайы келген Мемлекет басшысына өз қолымен шай демдеп бергенін, алғысын алғанын біреу білсе, біреу білмес.

Елбасының Зайсан ауданына жасаған сапары барысында орын алған осы оқиғаны бір жиында жерлестерімізден естіп қалып, толығырақ біле түсуге қызығушылығымыз артып Тұңғыш Президент күні қарсаңында Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаеваға арнайы жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Мен ол кезде институт бітіріп келіп, ауатком хатшысы, алқа хатшысы және автоколіктерді бағалау комиссиясының төрайымы болып жұмыс істеп жүргем. Өздеріңіз білесіздер, Зайсанда 1990 жылдың маусым айында дүмпуі 8-9 балға дейін жеткен жойқын жер сілкінісі орын алған болатын. Шығыстың төрінде жатқан шекаралық ауданның халқын сол кезде Құдай сақтаған шығар, жер сілкінісі үш ретінде де күндіз болып, тұрғындардың бәрі сыртта жүрді. Адамдар аман қалды. Тек Біржан есімді сәби ғана қираған ғимараттың астында қалып, қайтыс болды. Алайда ауылдардағы саман кірпіштен салынған үйлердің бәрі құлап, тұруға жарамсыз болып қалды. Сол шақтағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зәйділбек Құнияров, аудандық атқару комитетінің басшысы Әскербек Белгінов болды. Ал облысты Амангелді Сарин деген ағамыз басқарып тұрды. Облыстық деңгейде үлкен штаб құрылып жер сілкінісінің зардаптарын, ауыл-аймақтардың шығынын есептей бастады, – дейді Зумрад Дүйсенбайқызы.

Республиканың бірінші басшысының қарапайымдылығы сондай, болған жағдайды өз көзімен көру үшін бірден тікұшақпен Зайсан ауданына ұшып келеді. Зайсан сапарынан Алматыға қайтып оралған соң, барлық басшыларды жинап шұғыл жиналыс ашып, әр облысты Зайсан ауданының қирап қалған отыздан астам ауылына жаңа ауыл тұрғызып шығуды міндеттейді. Президенттің тапсырмасы белгіленген уақыттың ішінде тап-тұйнақтай орындалып, үйі құлап, көңілі құлазыған халық қайтадан еңсесін тіктейді. Тіпті, кейбір елді мекендер үй тұрғызған сол облыстардың атымен де аталып қалды. Мысалы, Зайсан қаласының қайтадан жаңарған бір ықшам ауданы күні бүгінге дейін Шевченко деп аталады. Енді бағанағы оқиғаға оралсақ.

– Президентпен бірге үлкен ресми делегация ауданға келіп түсті. Қауырт шаруаның арасында, көп жиналыстардың ортасында аудандық әкімдіктің екінші қабатындағы қазіргі орынбасардың кабинетінде үлкен дастарқан жайып, шай бердік. Мәртебелі қонақтарды жабылып күтіп жатырмыз, бәріміз 25-26 жастағы жас қыздармыз. Қалайда, Президентке шай құю орайы маған келіп қалды. Ол кезде Зайсанның май, сүт зауыты істеп тұр. Сүт қатқан қызыл қою шайды бабын келістіріп, әдемі кесемен баппен ұсынып жатсам, ол кісі маған бұрылып қарады да, жымиып «Мен қара шай ішуші едім» деді. Енді қайттық, шайдың бәріне сүт қатылған. Елбасыны тостырып, ойланып тұрар уақыт жоқ, есімді тез жинап, жүгіріп барып цейлон шайының бір қорабын бұзып, исін бұрқыратып қайта қара шай демдеп, әппақ шәугіммен жүгірген күйі қайта алып келдім. Ыстық шайды алыстан кесемен тасу мүмкін емес (күліп). Жанына барып әдеппен иіліп құйып бердім. Қатарынан екі-үш шыны шай ішті. Сондағы ризашылықпен айтқан «Рақмет, қарындасым» деген сөзі әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Бұл менің өмірімдегі кеудемді мақтаныш кернеген, естен кетпес оқиға болды. Екінің біріне бұйырмайтын дүние ғой. Әйтпесе, адам деген толып жүр. Үйге мақтанып айтып келдім. Үйдегі үлкендер де патшаға өз қолыңмен шай құйыпсың, енді жолың ашылады деп жақсы ырымға балады. Расында да үлкендердің айтқаны келді, бүгінде ауданның дамуына өзімізше үлес қосып, халыққа қызмет етіп жатқаныма қуаныштымын, – дейді біздің кейіпкеріміз.

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ