АҚШ-тағы ағылшын-қазақ азаматы

Өскемендегі №44 қазақ орта мектебінің (қазір лицей-гимназия) директоры болып істейтін құрдасым әрі сыйласым Таңатқан Түменбаевтан естіген осы бір ауызекі әңгіме арада біраз жыл өтсе де әлі күнге дейін есімнен шыққан емес. Қайта мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты немесе қазақ тілін оқып-үйрену, оқып-үйрету жолдары, соған деген ынта-ықылас, тіпті жалпы халқымыздың үлгі-ұлағатқа толы салт-дәстүр, қасиеті тілге тиек етіле қалған жерлерде әркез жадымда қаз-қалпында жаңғырып тұратын болды. Реті келе қалса айтып та жіберіп жүремін.

Енді, міне, сол шағын хикаяны жазбаша түрде өзімше мәнерлей жеткізудің сәті түскен сыңайлы…

– Шығыс Қазақстан облысының делегациясы құрамындағы Туссон аталатын қалаға баратындарға қосылдық, – деп бастаған еді Таңатқан әңгімесін 2000-2001 жылдардың бірінде Америкаға барған сапарының осы тақырыпқа қатысты тұсын ерекше бір ілтипатпен еске алып. – Қазақтардан Есім (Өскемендегі №3 көпсалалы қазақ лицей-гимназиясының директоры Е.Акибаевты айтады. Ол да бізбен құрдас, сыйлас азамат – М.Т.) екеуміз ғанамыз.

Қаланың көптеген мәдени-тарихи орындарын араладық, мектептерінде, басқа да оқу орындарында болдық, әртүрлі кездесулерге қатыстық, теледидарға түстік, газеттерге шықтық дегендей, әйтеуір, оншақты күннің қалай өткенін байқамай қалыппыз. Бәрі жақсы-ау, бірақ қазақша емін-еркін көсіліп сөйлейтін өз ортамызға не жетсін! Басқасын былай қойғанда, былқып піскен ет пен сорпа, тіпті, оны айтпағанның өзінде, кәдімгі сүт қатқан қазақы шай көзден бұл-бұл ұшты-ау… Елді сағындық.

Сондай күндердің бірінде, қайтар қарсаңда қалаға барғаннан бергі біздің топты тасымалдаушы шағын автобустың жүргізушісі әрі жолбасшымыз аудармашы арқылы Есім екеумізді осында тұратын бір бауырымыздың «ұстай алмай-ақ» жүргенін айтып, таң-тамаша еткені.

– Сіздердің қазақ деген ұлттан екендіктеріңізді теледидар, газеттер арқылы білген ол қайтсе де бір жолығудың ретін қарастыруда көрінеді. Ақыры сұрай-сұрай келіп менің ұялы телефонымды анықтап алыпты. (Бұл ретте ол жылдары телефон байланысының бұл түрі бізге енді ғана ене бастағанын ескерте кеткен жөн – М.Т.). қалай болғанда дакездестіруімді өтініп қояр емес. Қаласаңыздар, қолдарыңыз босап қалған қазіргі сәтті пайдаланып, бауырларыңызға жеткізіп тастайын. Алаңдамаңыздар, бәрі келісілген…

Осындай мағынадағы болған жайды мәлімдеп, ұсыныс жасаған жолбасшы-жүргізуші біздің таңданыс толы кейіптегі толқулы-қуанышты мақұлдауымызды естісімен телефон арқылы арғы жақтағы адаммен қысқаша тілдесті де, автокөлігін жүйткіте жөнелді. Сәлден соң әлдебір жерге келіп тоқтады. Машинадан түсті. Біз де түстік.

– Ассалаумағалейкум, ағалар! Хош келдіңіздер! Мен Сабыр деген осындағы інілеріңіз боламын. Сіздерді көргеніме өте қуаныштымын, – деп, жүргізушімен аз-кем тілдесе сала Есім екеумізге құшағын жая ұмтылып келіп, баурына басты жас мөлшері отыз бес-қырықтардағы алпамсадай азамат. – Қане, машинаға мініңіздер, үйге барайық.

«Айдаладағы Американың бір түкпірінде жүрген қандай бауырымыз екен?» деген ойдағы біздің таңданысымыз аңқылдай қарсы алған кескін-түрі даусыз американдық, мүлтіксіз тілі тап-таза қазақ жігітін көргенде бағанағыдан да асып түсті. Не айтып, не қойғанымыз есте жоқ, әйтеуір, елпілдей есігін ашқан машинасына отыра кетіппіз. Жолай өзін Сабыр атаған оның:

– Қалай, ағалар, сау-саламат жеттіңіздер ме? Алыстағы қазақ елі аман-есен бе? – дегендей нағыз қазақы амандық-саулық сұраған сауалдарына да аң-таң күйде жауап қайтарған болып келеміз. «Сен кімсің, қандай бауырымызсың?» деген сұрақ көкейді мазалағанымен, жөн-жосықсыз қойып қалмай, әліптің артын бағуды, әдептіліктен аспауды лайық көрдік.

– … Міне, үйге де жеттік, – деді Сабыр.

Ауқатты тұратыны айтпай-ақ аңғарылады: машинамыз бірден сәулетті ғимараттың астынан салынған, бейтаныс бауырымыздың қолындағы пульттің әмірімен есігі сырғи ашылған кең де сәнді гаражға енді. Үйінің ішіне сол гараж арқылы-ақ көтеріле салуға болады екен. Есім екеуміз бір-бірімізге қараймыз: «Қайда келдік, кімге кездестік?»

Бізді Сабырдың зайыбы мен едел-жедел өсіп қалған жасөспірім ұл-қызы қазақша сәлемдесіп, ізетпен қарсы алды. Отағасы таныстырып жатыр: Сәуле, Арман, Маржан. Олар болса жымия күледі, үй иесіне ағылшын тілінде әлденелерді айтады. Тек осы тіл қатысулар ғана әлдебір жұмбақ сырдың шетін шығарғандай… соған қарамастан таңданысымызда әлі де шек жоқ.

– Әуелі ауқаттанып алайық. Мән-жайды содан соң айта жатармын, – деп қойды Сабыр біздің бұл күйімізді байқағанын білдіре құпия жымиып.

Түрлі тағамға толы қонақжай дастархан басында бұл жақта түсімізде ғана көрген қаймақ қатқан қызылкүрен шай құйылды, соңынан кәдіигі қазақы жайма салынған бір табақ ет тартылды. Қанымызға әбден сіңген төд тағамымызды әбден сағынып қалған екеуміз үй иесінің «алыңыздарын» қапысыз орындаудамыз. Таңданудан жалыққандаймыз. Тағы бір орындағанымыз – Сабырдың қазақ елі, тұрмыс ахуалы, осындағы көрген-білгеніміз, алған әсеріміз тұрғысындағы сауалдарына жауап беріп, ой-пікірімізді білдіру. Ал өз тарапымыздан мұндағы тыныс-тіршілікке, осы отбасы өміріне қатыстыларынан өзге ең басты білмегіміз жайындағы сұрағымыздың жауабын бауырымыздың әлгіндегі «мән-жайды содан соң айта жатармынынан» күтіп отырмыз…

Ақыры асыға тосқан ақиқат та ашылды. Сөйтсек, Сабыр бауырымыз қызмет бабымен Қазақстанның Алматы, Шымкент қалаларында бес жыл тұрып қайтыпты. Оралғанына екі-үш жыл өткен көрінеді. Жазғы демалыс кезінде зайыбы мен екі баласы да үнемі біздің елде отағасымен бірге болған екен. Айтпақшы, Сабырдың шын есімі – Стивен, ұлты ағылшын болып шықты. Отбасының өзге мүшелері де аттарының бастапқы әріптеріне лайықты жанама есімдерге ие. Былай қарағанда әзіл іспетті болса да, қазақ халқына деген айрықша құрмет аңғарылғандай. Жарасымды!

Ал Стивен-Сабырдың қоспасыз қазақылығының сырына келсек, сол бес жыл бойы халқымыздың мәйекті тіліне, дәнекті әдет-ғұрып, салт-дәстүріне ерекше сүйсіне қызығып, өз еркімен зерделей зерттеп, шынайы құштарлықпен оқып-үйрену үстінде болыпты…

– Әттең, тағы бір төрт-бес жыл тұрып қайтсам ғой, – дейді бауырымыз аз-кем өкінішін де аңғартып.

Бірақ оның аталған уақыт ішінде-ақ қазақ тілін осыншалықты терең меңгеріп, таза, жатық сөйлеу дәрежесіне жеткені, қазақы жөн-жоралғыға жетіктігі кімді де болса тәнті етпей, риза қылмай қоймас еді. Біз де сөйттік әрі ұлтымыз үшін іштей мақтандық…

– Расын айтсам сағынып жүр едім, сіздермен кездесіп, елдеріңізге тағы бір барғандай, қазақ халқының қалың ортасында болғандай, қазақша көсіліп бір жасап қалдым… елге сәлем айтыңыздар, ағалар! – деп толқи сөйледі Сабыр бауырымыз екеумізді межелі орнымызға жеткізіп салғаннан кейін кезек-кезек құшақтап. Есім екеуміз де тебіреніп тұрмыз.

… Біз қимай қоштастық.

Таңатқан досымның айтқан әңгімесінің ұзын-ырғасы осы. Соны еске алған сайын әр кез ерекше елжірей сүйінемін. Сүйіне тұрып күйінемін де. Сүйінетінім – қасиетті халқымның тілі мен ділінің кие-құдыретін сонау мұхиттың арғы жағындағы, айдаладағы мүлде жат елдің қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бір ұлының тани білгені, бас игені. Күйінетінім – біздің елде туып-өсіп, ғұмыр бойы қатарласа тірлік кешіп келе жатқан өзге ұлт өкілдерінің ілуде бірінен басқа барлығының дерлік, тіпті, оны қойып, көптеген өз қандастарымыздың санасына тым болмаса сол Сабыр-Стивен сынды азаматтардың «қолына су құюға» татитындай сәуленің жұрнағы себезгілемей-ақ келе жатқаны…

Мұрат ТАСТАҒАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

2006 жыл

«Мәңгі жас ғұмыр» кітабынан алынды