13 желтоқсан «Алашорда қайраткерлері күні» деп белгіленуі керек!

Бүгін – 13 желтоқсан қазақ ұлты үшін нағыз тарихи күн! Бұл күн қазақ күнтізбесінде «Алашорда қайраткерлері күні» деп белгіленуі керек! Өйткені 1917 жылы желтоқсаның 13-і күні Орынборда Екінші жалпықазақ съезі аяқталып, «Алаш» автономиясын жариялау туралы қаулы қабылданды.

Алаш автономиясы — 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында екінші жалпықазақ сьезі өтті. Сол съезде қазақ-қырғыз автономиясы, милиция құру, ұлт кеңесі, оқу мәселесі сияқты аса маңызды мәселелер қаралған болатын.

Осыған орай Астанадағы Оқушылар сарайында Алаш қайраткерлеріне арналған әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шараға Сұлтанхан Аққұлұлы мен арнайы шақырылған қонақтар, тыңдаушылар, оқушылар сарайының тәрбиеленушілері қатысты.

Аталмыш шара Елбасының «Ұлы дала тарихының жеті қыры» мақаласы негізінде тарихи сананы жаңғырту, ұлы даланың ұлы есімдеріне байланысты желтоқсанның тарихи оқиғалары, Алашорда қайраткерлерінің ұлт руханияты негізінде атқарған елеулі еңбектерін кейінгі ұрпаққа насихаттау, өз ұлтына деген мақтаныш сезімін ұялатып, жас ұрпаққа отаншылдық тәрбие беру бағытындағы тарихи тақырыпқа арналды.

Ерекшелігі: Жаңадан құрылып жатқан «Алашорда» үкіметі алғашқы сағатынан бастап ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болашағына зор көңіл бөлген. Жас ұрпақтың туған тіліне деген сауаттылығын арттыру үшін, ана тіліндегі оқулықтарды жасауға кіріскен. Бала тәрбиесіне, оқуына осындай қиын заманда жаңаша бетбұрыс болашаққа деген сенім еді. Білімді жастар, еліне салауатты да сауатты қызмет етеріне деген үміт болатын. Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде ата-бабаларымыздың ғасырлық мұрасын насихаттауға жол ашты.

Кеш соңында «Қолтаңба» бағдарламасы бойынша арнайы шақырылған қонақтар қолтаңба қалдырып, келушілермен фотосуретке түсті.

Мәселе: Алашорда тарихының ешқандай деректерінде 12 желтоқсанда Алашорда мемлекетінің жарияланғаны туралы тарихи деректер жоқ. Алашорда жылнамасында да бұл күнді кездестіре алмадық. Ендеше Алашода автономиясының нақты жарияланған күні 13 желтоқсан екенін негізге ала отырып, осы күнді «Алашорда қайраткерлері күні деп жариялау керек.

Тарихи күнге негіз ретінде төменде деректер келтірілді.

«Ресейде патша билігінің құлауы нəтижесінде қазақтың ұлтжанды қайраткерлерінің ұйымдастырумен Қазақ жерінде «Алашорда» деп аталатын қазақтың ұлттық үкіметі (1917 жылы 13 желтоқсанда) құрылып 1917–1920 жылдары өмір сүргені тарихтан белгілі».

1917 жыл, 27 қараша – Қоқанда Түркістан автономиясы (мұхтарият) жарияланды.

1917 жыл, 5-13 желтоқсан – Екінші жалпықазақ сиезі болды. Сиезде Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы жарияланды. Алашорданың төрағасы болып баламалы негізде Ә.Бөкейхан сайланды.

1917 жыл, 23 желтоқсан – «Қазақ» газетінде «Жалпы қазақ съезінің қаулысы» атты Алаш Орда үкіметін жариялаған жиынның құжаты шықты.

1917 жыл, 23 желтоқсан – «Қазақ» газетінде «Түркістан автономиясы» атты мақала жарияланды.

1917 жыл – «Сарыарқа» газетінде С.Торайғыровтың «Ғалиханның Семейге келуі» атты мақаласы жарияланды.

1917 жыл, 23 желтоқсан – «Қазақ» газетінде Ә.Бөкейханның «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласы жарияланды.

1917 жыл, 26 желтоқсан – «Сарыарқа» газетінде Алашқа қарсы адамдар туралы «Қазақтан шыққан арамзалар» атты макала басылды.

1917 жыл, 31 желтоқсан – «Қазақ» газетінде «Алаш бірлігі» атты мақала жарияланды.

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,
Астана қаласы