Астанадағы бір күндік шығын – 680 доллар

Қорықпаңыз, бұл шығын елордалық тұрғын емес, туристің шығыны екен. Бизнес-туристің Астанадағы бір күндік шығыны орта есеппен 680 АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС директорының орынбасары Махуас Хелена мәлімдеді.

Бірақ бұл – 2006-2016 жылғы статистикалық мәлімет болып шықты. Соңғы екі жылдың көрсеткіші әзірге жарияланбапты. Журналистерге арналған «Іскерлік туризмді дамыту үшін кәсіпкерлік қызметтерді қолдау» тақырыбындағы семинарда Махуас Хелена «Астана Конвеншн Бюро» компаниясы туралы айтты.

– «Астана Конвеншн Бюро» – қалалық әкімдікке қарасты компания. Онда 4 департамент жұмыс істейді. Соның бірі халықаралық деңгейдегі шараларды өткізуді ұйымдастырса, енді бірі туристерді қаланы аралатуға аранлған екі қабатты автобустарды жалдап, шаһар меймандарын экскурсияға шығару сияқты шаруалармен айналысады. Жалпы, компания туризм саласында, сол сияқты газ-мұнай саласында да жұмыстар жүргізеді, – дейді ол.

Оның айтуынша, халықаралық деңгейде өтетін конференция, форум сияқты түрлі шаралар қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға зор серпін береді. Ал Астанада ондай шараларды өткізуге лайықты 30-дан аса көрікті орындар мен туристер аялдайтын 200-ден аса отель бар.

– Париж, Прага, Вена, Барселона қалалары осындай шараларды өткізуден көш бастап тұр. Бір жыл ішінде әлем елдері өткізген іс-шаралардан түскен қаржының ортақ есебі 11 триллион долларды құраған екен. Міне, халықаралық шараларды өткізудің пайдасы осындай, – деп сөзін толықтырған Махуас Хелена, – жалпы, Астана – туристерге тартымды қала. Елорданың туристерді тартуда мүмкіндігі мол. Мысалы, заманауи үлгіде салынған Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай мен «Нұрлы жол» теміржол бекеті жолаушыларға өте ыңғайлы. Осының арқасында Қазақстанды транзитті ел ретінде дамытуға болады. Астананың Орта Азиямен қатар, Екатеринбург, Баку, Тбилиси сияқты халықаралық іс-шара өткізу жағынан деңгейлес бірқатар әлем қалаларының арасында көшбасшы шаһарға айналуға мүмкіндігі бар, – дейді.

Нұрдәулет КӘКІШ