Германиядағы атақты қазақ

Шет елде туып-өсіп, әлі күнге дейін басқа мемлекетте күн кешіп жүрсе де, ұлттық құндылықтан әсте ажырамаған қазақтар аз емес. Солардың бірі – есімі бүкіл Еуропаға мәшһүр Германия дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Жәдік Шенол.

Ол ми-жұлын, жүйке жүйесінің ауруларын емдейді. Бүгінге дейін 4 мыңнан аса күрделі ота жасаған. Жеті тілді жетік білетін Киль университеті ауруханасының нейрохирургі Жәдік Шенол – Қазақстанда көп болмаса да, ана тілін ұмытпай, қайта ұлықтап жүрген азамат. Білікті қазақ – адамның ең күрделі әрі құдіретті ағзасы – ми мен мидың сан түрлі тамырына ота жасайтын неміс еліндегі бірегей маман. Қазіргі уақытта ол Азия елдері мен Америкаға жиі барып, жалпы алты құрлықтың түкпір-түкпірінде осы саладағы танымын тереңдету жолында тынымсыз тер төгуде.

«Нейрохирургиядан басталған тәжірибеме 20 жылға жуық уақыт болды. Мида ісік пайда болып, тамырына зақым келгенде, қан құйылған жағдайда нейрохирургиялық ота жасаймын. Гидроцефалияда, яғни жұлындағы түрлі ауруларға да ота жасаған кездерім көп болды» дейді Жәдік Шенол.

Германияда атын айтса ат үркетін танымал дәрігер – Әлия, Нәйла, Рана және Мұхаммад есімді балалардың әкесі. Жат елде дүниеге келгеніне қарамастан, қазақ тілін жетік білетін балалары қазақша әндерді де нақышына келтіре орындайды екен. Жалпы, қазақ балаларына бүйрегі бұрып тұратын Жәдік Шенол тіпті елден барған науқастарға тегін қызмет көрсететін көрінеді. Науқас тек барыс-қайтыс жолы мен ауруханадағы жатын орын, дәрі-дәрмектің шығынын өтесе болғаны.

Тілі немісше таза болғанмен, Жәдік Шенолдың түрі мен қою қара шашы еуропейдтік нәсілге мүлде ұқсамайды. Соны бірден байқайтын әлемнің әр түкпіріндегі науқастар «ұлтыңыз кім?» деп сұрағанда дәрігер «қазақпын» деп мақтанышпен жауап береді екен.

Дәукен ТҰРДАШ