Сейфуллиннің Семейдегі сыңары

Елімізге белгілі эстрада жұлдызы, сазгер Сейфуллин Жолбарыстың Семейде сыңары бар екенін білесіз бе? Егер білмесеңіз таныс болыңыз, ол – Қуаныш Еңсебаев.

Өжеттілігімен де, бойының аласалығымен де жұрттың көзіне түсіп, 20 жылдан бері сахна төрінде өнерімен танылып, елді баурап жүрген халықтың ерке ұлы Сейфуллинге Қуаныштың бар болмысы аумай ұқсаған. Алайда Қуаныш Еңсебаев пен Сейфуллин Жолбарыстың ешқандай туысқандығы жоқ, таныс та емес, бір-бірін ешқашан көрмеген адамдар. Сыңар жігіттердің жас мөлшерлері де шамалас. Қуаныш та Сейфуллин сияқты гитарада ойнап, әнді шырқата орындайды. Тіпті Қуаныштың таныстары оны эстрада жұлдызына қылықтарына дейін ұқсататындарын жоққа шығармайды. 1976 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Сәтбаев ауылына қарасты Ескісұлутал елдімекенінде дүниеге келген Қуаныш Шакорұлы отбасында 16 баланың кенжесі. Бала күнінен өнерге құмар болған ол барлық ауыл балалары сияқты ат пен итті жанындай жақсы көріп өскен.

2002 жылы Роза Қизатқызымен отасып, отбасын құрады. Бүгінде Арайлым және Ералы есімді екі бала тәрбиелеп отырған Қуаныш отбасының қамымен түрлі жұмыс істеп, өнерден біршама алыстап қалған. Алайда қолына домбыра мен баян немесе гитара түссе болғаны, жиын-тойларда шырқата ән салып қоятын да әдетінен әсте жаңылмаған. Сонымен қатар үйінде бірнеше алабай иттерді асырап, олармен аңға шығу – Қуаныш Шакорұлының хоббиі. Ал эстрада жұлдызымен әлі күнге дейін жолығудың сәті түспеген екен.
– «Тау мен тас кезікпейді, ал адам мен адам кезігеді» дейді.

Сондықтан Сейфуллин Жолбарыспен алдағы уақытта бір жолықсам деген ойым бар. Тек күнделікті тіршіліктен қол тимейді. Дегенмен бұйырған күні жолығып та қалармыз, – дейді Қуаныш Еңсебаев. – Қызым Арайлымның кішкентай кезі-тұғын.Бір күні ол анасы екеуі ауыл жаққа қыдырып барған еді. Сол кезде теледидардан Сейфуллин Жолбарыстың ән айтып жатқанын көріп, қызым қайта-қайта «міне, менің әкем» деп теледидарды нұсқап, Сейфуллинді маған ұқсатып, туысқандардың барлығын күлкіге бір қарық қылған екен.
Нұрдәулет КӘКІШ