Жүзден аса қылмыс ашылған

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев мәлімдеді.

«Қоғамдық орындар мен көшелерде, мас күйінде жасалған қылмыстар саны едәуір азайды. Ауыр санаттағы, орташа дәрежедегі және онша ауыр емес қылмыстардың ашылуы жақсарды. Жол қозғалысына бақылау күшейтіліп, соңғы 3 жылдың ішінде автопарктің 15 пайызға өсуіне қарамастан жол-көлік оқиғалары мен олардың зардаптары азайды», – деді ОІІД бастығының орынбасары Нұрлан Сансызбайұлы.

Сонымен қатар, облыс орталығында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында 272 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың көмегімен 28 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жүзден аса қылмыс ашылған. Қоғамдық тәртіпті сақтаудың тиімділігін арттыру мақсатында арнайы халықаралық тәжірибелер зерделеніп, елімізде алғаш рет біздің аймақта жаңа үлгідегі техникамен жабдықталған 14 патрульдік қызмет бекеті қойылды.