Кабельді кімдер ұрлап жүр?

«Түрлі түсті металл қабылдаймыз» немесе «Мыс сатып аламыз». Қала ішіндегі жеке тұрғын үйлердің сыртынан осы мазмұндас жарнамаларды жиі кездестіруге болады. Тіпті, жылдан-жылға бұл кәсіп түрімен айналысушылар саны көбейіп келеді десек, артық айтқандық емес. Әрине, жұмыссыз отырғаннан гөрі, табыс тапқан тиімді ғой. Бірақ, алыпсатарлықпен айналысушылардың барлығы заңды түрде тіркелген бе? Қалдықтарды кім кәдеге асырып жүр?

Жер бетінде металдарды пайдалану осыдан он мыңға жуық жыл бұрын басталған. Қазіргі кезде оның сексенге жуық түрі табылып зерттелді. Металл тұрмыста да, шаруашылықта да кеңінен қолданылады. Балалардың ойыншығы, оқушыларға қажет құралдар сияқты ұсақ-түйек заттардан бастап, ғарыш кемелеріне дейін металдан жасалады.

Темірден басқа барлық металдардың өнеркәсіптік атауы түсті металдар деп аталады. Қазақстанда химиялық элементтердің периодтық жүйесінде оның барлығы өндіріледі. Ең көп таралғаны – мыс. Өзіміз күнделікті пайдаланып жүрген байланыс желілерінің кабельдері де осыдан құралады. Ал, жиі байқап жүргеніміздей, бүгінде нарықта түсті металл бизнесі қызып тұр.

«Осыдан бес жыл бұрын жиған-терген мысты сатып жіберетінмін. Қосымша пайда ешкімге артықтық етпейді. Шикізаттың қайда тапсырылатынын білмеймін, алайда, сол кезде бір келісі 1000 теңге тұратын. Қазір бағасы 1600 теңгеге дейін жетті деп естігенмін»,-дейді бізбен тілдескен Атырау қаласының тұрғыны Әлібек Иманғалиев.

Әрине, қол қусырып, жұмыссыз жатқаннан еңбек етіп, кәсіп ашқан дұрыс. Елімізде осынау бизнеспен айналысуға кедергі жоқ. Салық органдарына барып тіркелсеңіз болғаны, ешкім қолыңыздан қақпайды. Тек бекітілген арнайы техникалық талаптар сақталуы тиіс. Өйткені, жеке кәсіпкерлік нысандарына жоспарсыз тексеріс жасауға заңды түрде рұқсат етілмейді.

Алайда, жергілікті байланысшылар соңғы жылдары кабель (мыстан жасалған–авт.) ұрлау фактілерінің тым көбейгендігін жасырмайды. Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының Атырау техникалық торабы директорының орынбасары Таңатар Исмағамбетовтің айтуынша, әсіресе, үйлер мен жертөлелердің қабырғаларымен жүргізілген телефон кабельдерінің, сонымен бірге, әуе байланыс желі жолдарының ұрлануы айтарлықтай шығын келтіріп отыр.

«Біз кідіріссіз байланысты қамтамасыз ету мен ақауды қалпына келтіру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, мұндай оқиғалардың алдын алу бойынша жедел шаралар қабылдаймыз»,-дейді ол.

Өткен жылдың өзінде телефон кабелі ұрлануының 56 оқиғасы тіркеліп, 7 млн. 300 мыңнан астам теңгеге зиян келтірілген. Таңатар Исмағамбетов бұл оқиғалардың көпшілігі түнгі уақытта орын алатынын жасырмады. Тонаушылар жеке мақсаттарына пайдалану үшін үйлердің шатырына шығып, құдықтарға түсіп, байланыс сымдарын үзіп кеткен. Байланыс желілерінің зақымдалуы салдарынан абоненттер қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін телекоммуникация қызметтерінен (телефон, интернет, кабельдік телевидение) қол үзіп қалады. Соның салдарынан шұғыл қызметтерді – полиция, төтенше жағдай департаментінің қызметтерін, жедел жәрдемді шақыру мүмкін болмайтын шақтар да кездесіп қалады екен.

Кабельдерді қолды еткендермен күрес мақсатында атыраулық байланысшылар құқық қорғау органдарымен, криминалды полициямен қаскүнемдер жиі «аралайтын» аудандар мен көшелерге тұрақты рейд жүргізіп тұрады. Алайда, оңай олжа табуға машықтанып алғандар «кәсіптерін» тоқтатар емес. Көп қабатты үйлерде күнделікті қолданылып жүрген лифтінің де сымдарын кесіп, ұрлау деректері де азаймай тұр.

Рас, түсті металдың бәрі бірдей заңсыз жолмен келіп жатыр деуден аулақпыз. Тұрмыстық қажеттілікке жарамсыз болып қалған затты тапсырудың еш айыбы жоқ. Ал, иеліктегі кабельді ұрлау фактілерін болдырмауға тұрғындар да атсалысуы тиіс.

«Жалпы, тәжірибе көрсетіп жүргендей, домофон қондырылған үйлерде қылмыс аз кездеседі. Сондықтан, тұрғындар сақтық үшін пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп қауіпсіздікке назар аударғаны жөн»,-дейді облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев.

Р.S: Үкіметте заңды тұлғалардың түстi және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауы, сақтауы, қайта өңдеуi және өткiзуi жөнiндегi қызметтi лицензиялау ережесi бекітіліп, арнайы қаулы қабылданған. Бірақ, пайда табамын деп жүріп, біреудің мүлкін қолды еткен дұрыс па?

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Назымгүл Қайсағалиеваның айтуынша, былтыр Атырау қаласында 76 кабель ұрлау дерегі тіркелген. Оның 60-ы ашылып, іс сотқа жеткізілген.

Айбөпе Сабырова