Ұлыстың ұлы күні дегеніміз-Мемлекеттің ең ұлы күні деген сөз

Ұлыстың ұлы күні дегеніміз-Елдің, Қағанаттың, Хандықтың, Мемлекеттің ең ұлы күні деген сөз. Көшпелілердің көңілі алаң болып, айрықша мән беретін кезі – наурыз айы. Бұл айда жыл басына меже болатын Ұлыстың ұлы күні өтетіні өз алдына, сонымен бірге көшпелі ел қыстан қысылып шығып, жазылып жадырар шақты тықырши күтеді. Сондықтан да, наурыз айын «өлінің әрі тартар, тірінің бері тартар, жуанның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер мезгілі» дейді. «Қыс ұзарып шелді жейтін, күн ұзарып түнді жейтін өзек шақ жетті», «жер ананың тоң кеудесі жібігенше, төс емшегі иігенше кетпен-шотың сайлы болсын, кер өгізің майлы болсын»- деп отырады табиғаттың қас-қабағын баққан қариялар. Қалай болғанда да, наурыз айы табиғаттың жаңғырар, біреудің екеу болар, тіршілік атаулының тірлік танытар мерзімі, жыл тоқсанның басы. Қобыланды жырында:

«Қаз жайлауын саз деймін,

Наурыздан соң жаз деймін»,- айтылатыны да сондықтан.

Ұлы дала көшпелілерінің Ұлыс тойын тойлайтыны байырғы грек пен қытай жазбаларына түскен. Грек тарихшысы Квинт Курций Руф (б.з.д.1 ғ.) өзінің «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілерінің ұлыс тойын қалай тойлайтынын тамсана жазған. Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балалардың саны бір жыл ішіндегі тәулік санына тең. Бүтін бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғайындай болып 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтіреді. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған.

Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн «Қызыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы-көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыру үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді, Жолай өзі сияқты ұлыс таңына ынтық жанды кезіктірсе, қасын көтеріп, назарын салатын көрінеді. Қызыр атаның назары түскен адамның басына Бақ қонбақ…. Қазақ тіліндегі «Қызыр дарымай, Бақ қонбайды» деген мәтел осынау байырғы наным-сенімге орай айтылған.

Ұлыстың ұлы күніндегі ең киелі рәсім-көкжиектен шапақ шашып шашырай шығып келе жатқан күнді қарсы алу дәстүрі. Мұндайда ақжаулықты аналар тостағанға ақ құйып алып шығып, күн көзіне қарата шашып, үш мәрте тізе бүгіп тағзым етеді. «Атар таңға, шығар күнге тәу-тәу, басымызға амандық, малымызға береке дарыта көр!» деп тілек тілейді. Ақ сақалды қарттар болса: «Е-е, Тәңірім, басымызға бақ қосып, жасымызға жас қосып, Ұлыстың ұлы күнімен тағы да қауыштырғаныңа мың алғыс! Тәуба! Тәуба! Тәуба!» деп, тілек қосып, алақанын шығар күннің шапағына қарсалап, маңдайына тәу етеді, Әлемдік діни наным-сенімдердегі шоқыну, қос алақанмен бет сипау дәстүрінің бастау тегі Тәңірге сиынып, шығар күнге тәу етумен сабақтас екенін айта кеткен жөн. (А. Сейдімбектің «Қазақ әлемі» кітабынан алынды, 227-229 беттер)