Әлем құрметтеген тұңғыш президенттер

Әлемдегі бас-аяғы 200-ге жуықтайтын мемлекеттердің жартысынан астамы президенттік жүйедегі елдер екен. Солардың ішінде даналығымен, даралығымен шоқтығы биік болған тұңғыш президенттердің өмір жолы – өзгеге өнеге.

Джордж ВАШИНГТОН – әділ саясаткер

Джордж Вашингтонды кейде әлемдегі ең алғашқы президент деп те атайды. Осы уақытқа дейін 44 президент ауыстырған АҚШ мемлекеті үшін президенттік құзырдың маңызы ерекше. Тарихта «АҚШ-ты құрушы әкелер» деген құрметті атауға ие болған жеті адам бар. Сол топты АҚШ тәуелсіздігі жолындағы күрестің қаһарманы және Құрама Штаттардың бірінші президенті Джордж Вашингтон бастап тұр.

Ол тәуелсіз мемлекет құру үшін сан түрлі соғыста ерлік көрсетіп, ақыр соңында елін дамуға қарай алып шыққаны мәлім. Әр жыл сайын 22 ақпанда америкалықтар Джордж Вашингтонның құрметіне алаңға жиналып немесе үйді-үйінде дастарқан жайып, әділ саясаткерлерді ұлықтап отырады. Бұл мереке америкалықтардың шынайы ықыласынан туғанына ешкім таласпайды. Себебі олар Джордж Вашингтонның туған күнін АҚШ-та президенттік құзырет пайда болмай жатып атап өтетін.

Қазір аталған күнді тойлатудың символы – шие ағашы. Бала кезінде Вашингтонға әкесі кішігірім балта сатып әпереді. Вашингтон ойнап жүріп сол балтамен шие ағашын шауып тастайды. Әкесі қатты ашуланып «мұны кім істеді?» деп сұраған кезде Вашингтон: «Әке, мен өтірік айта алмаймын, мен істедім», – деп тура жауап берген екен. Содан бері шие ағашы америкалықтар үшін әділ саясаткер символына айналған.

 

Мұстафа АТАТҮРІК – жігерлі қолбасшы

Өз халқын тығырықтан алып шыққан рухани көшбасшы, білікті саясаткер, қолбасшы, тұңғыш президенттердің арасында түркиялық Мұстафа Кемал Ататүрікті атауға болады. Бұл есім әлем тарихындағы ең көп зерттелген 100 тұлғаның қатарында тұр.

ХІХ ғасырдың соңында әбден әлсіреп, ыдырау кезеңіне аяқ басқан Осман империясы І-дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшырайды. Іргесі шайқалып, мемлекет болу мүмкіндігінен біржола айырылып бара жатқан империяның жартысынан көбін Ыстамбұл, Ізмір, Бурса сияқты үлкен қалаларымен қоса, Батыстың ірі империалистік елдері басып алады. Өз тарихында ешқашан ешкімнің отарында боп көрмеген Түркияға енді біржола құрып кету қаупі төнеді. Осы уақытта түріктің бағына туған қолбасшы, 40 жастағы армия генералы Мұстафа Кемал паша әскерді басқарып, бірнеше соғысты ұтымды жүргізіп, Түркия өз тәуелсіздігін сақтап қалады.

Әрине, Ататүріктің еңбегі соғыстағы қолбасшылықпен ғана аяқталмайды. Оның мемлекет құрудағы, оны заманауи түрде ілгері дамытудағы рөлін аз уақытта айтып тауысу мүмкін емес. Мұстафа Кемал паша елді басқарған өмірінің соңғы 15 жылы ішінде көптеген реформалар жасады. Ол Батыс үлгісіндегі, Еуропа демократиясына негізделген, гүлденген, дамыған түрік мемлекетін құрып, оның болашағын баянды ету үшін көптеген жаңа істердің ұйытқысы болды. Осы мақсатпен М.К.Ататүрік жаңа түрік парламентін ұйымдастырып, Конституциясын дайындады.

 

Қараның қамын ойлаған РАДЖЕНДРА

Есімі әлемге әйгілі тұңғыш президенттердің қатарынан Үндістанның саяси қайраткері Прасад Раджендраны ерекше атауға болады. Өзі ақсүйектер әулетінен шыққанына қарамастан, үнді жеріндегі қара халықтың мүддесін қорғаумен болды. Үндістанды Британиядан азат ету жолында басын талай қауіп-қатерге тігіп, сан мәрте қамауда жатқанын бүгінгі үнді жұрты ұмытқан жоқ. Прасад Раджендра өзін үнділердің рухани көшбасшысы Махатма Гандидің ізбасарымын деп есептеген. Үндістан тәуелсіздік алғаннан кейін елдің тұңғыш президенті атана отырып, қолынан келгенше тиімді реформалар жасаумен айналысты.

 

Орыс жұрты ЕЛЬЦИНДІ қолдады

Тұңғыш президент мәртебесіне ие болған саясаткерлердің арасында әртүрлі тұлғалар бар. Мәселен, ресейліктердің Борис Ельцинге деген көзқарасы бір жерден шыға бермейді. Кейбір тарихшылар оны Кеңес Одағын ыдырату арқылы таққа отырған айлакер деп санайды. Дегенмен Ресейдің қарапайым адамдары тұңғыш президентіне шын сеніп, оны қатты құрметтегені мәлім. Борис Ельцин қайтыс болған күні халық оны ақтық сапарға қалай шығарып салғанын қазақстандықтар да телеарна арқылы көрген болатын. Кремльден Мәскеудің сыртына қарай жаяулатып жол тартқан қара-құрымда сан жоқ еді.

 

Еуропадағы ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ

Франция халқы Еуропа құрлығындағы алғашқы президенттің ІІІ Луи Наполеон Бонапарт болғанын мақтан тұтады. ІІІ Луи Наполеон Бонапарт – өз елінде ерекше құрметпен еске алынатын адам. Себебі ол ондаған жылдар бойы елде қатаң жүйе орнатқан бонапартизмнен кейін Францияны республикаға құрылымдауға атсалысты. Және оның аталған елдің тұңғыш президенті қызметіне бейбіт жолмен келуі де көп нәрсені айта алады.

Автор: Сәдуақас КЕБЕКБАЙ

Мақала «Алаш айнасы» сайтынан алынды.