Хостелдер туристер тұрағынан гөрі мигранттар мекеніне айналған

Хостел – еліміз­дің ірі қалаларында қалыптасып қалған бизнес түрі. Елордадағы 200-дей қонақүйге түнемелік ақысы әлдеқайда арзан хостелдер кәдімгідей бәсеке тудырып тұр. Тек бір кінәраты – олардың көбінің әлі стандартқа сәйкеспейтін тұстары жетеді әрі туристерден гөрі, еңбек мигранттарының мекеніне айналып кеткенге ұқсайды, деп хабарлайды аталған мәселенің мән-жайымен танысып, зерттеу жүргізіп көрген Астана ақшамы тілшісі.

Осыдан бір жылдай уақыт бұрын, желтоқсан айында Астана қаласының Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Малыбаевтың халыққа есеп беру кездесуінде қала тұрғындарының бірі тұрғын үйлерді жайлап алған хостелдер туралы мәселе көтерген болатын (informburo.kz, 7 желтоқсан, 2016)

«Пәтерлерде хостел ашуға қандай заңға сүйеніп рұқсат беріліп отыр? Соңғы кезде терроризм мен экстремизм оқиғалары көбейіп кетті, ал біз көршіміздің кім екенін білмейміз. Бір пәтерде 20-30 адам тұрады. Не хостелдерге тыйым салу керек, не заңды өзгерту керек» деп тыныштығына алаңдаған астаналық тұрғынға берген жауабында Бақытжан Әсембекұлы мұндай проблеманың бар екенін мойындап, хостелдердің қызметін реттеуді жергілікті мәслихатқа ұсынатынын, тіпті тиісті министрлік арқылы көтеретінін жеткізген болатын. Содан бері бір жыл өтті. Алайда booking.com, apartamenty.kz сайттарынан Астанадағы екі хостелдің бірі – көп қабатты тұрғын үйлерде орналасқанын байқадық.

Түн қатып, түнемелік іздедік

Мән-жайға іштен қанығу үшін әрі арзан түнемелікте бөтен жандармен бөлме бөлісіп жатудың қандай екенін өз басымыздан өткермек боп хостелдердің біреуіне қонуды ұйғардық. Таңдауымыз Республика даңғылы мен Абай көшесі қиылысындағы «Мерей-Интерконтиненталь» элит класс кешеніндегі шағын хостелге түсті. – Сіз қанша күнге келдіңіз? Бір айға ма, әлде?.. – вахтер келіншек есіктен кірер-кірместен сұрақтың астына алды. – Бір ай болса қанша аласыздар? – Айына – 25000 теңге. Аптасына – 10000. Ал бір түнге – 2500 теңге. – Әуелі түнеп көрейін. Досым келген соң ақылдасып шеше жатармыз. Жорта фотосурет өңдеумен айналысатын фрилансер-дизайнердің рөліне ене қойдым. Бақсам, басқалары да өзім секілді «пролетариаттың ұл-қыздары» екен. Тұрғын үйлерге лифт орнатушы тараздық Нұрбайдың елордада жүргеніне үш-төрт айдың жүзі болыпты. Әуелі сол жағалаудағы хостелдердің бірінде тұрып көрген. Қазір салып жатқан құрылысы Республика даңғылы бойында болған соң, бір апта бұрын осында көшіп келіпті. Дәурен атты бәкене бойлы, қырықты маңайлап қалған сампылдақ жігіт Қазақстан коммунистік партиясының белсенді мүшесі болса керек. Косарев көкесі, Ахметбеков ағасымен банкетте қалай бокал түйістіргенін айтып бір мақтанып алды. Ал менің сәл-ақ алдымда келген Азамат атты қызылордалық жігіт өзін «фотосалонда істеймін» деп таныстырды. Сосын «Фото өңдеуді маған да үйретші» деп жабыса кетті. Қысқасы, несін айтасыз, біз түскен хостелде бейсауат жүрген турист көрмедік, есесіне «тұрақты тұрғын» – ылғи еңбек мигранты

Тыйымы көп, тұрлауы жоқ

Вахтер әйел салғаннан «келісім шарт толтырамыз» деді. – Бір-ақ күнге бола ма? – Иә, бізде бұл – міндетті. Қолың сұғанақ, тәртібің нашар біреу болсаң қайтемін? Келісімшартта көрсетілген талаптарға көндікпесең, бір-екі ескерту жасап шығарып саламыз. Ақшаң қайтарылмайды. Барлық шарт пен ережені мұнда тізбелеп отыруға орын тар. Мәселен, үй ішінде аяқ киіммен жүруге; арақ ішіп, шылым шегуге; басқалардың мазасын алуға, түнгі он бірден кейін шулауға болмайды. Ыдысты жуып, артыңды жинап жүру керек. «Бірақ ұдайы бұлай бола бермейтінін хостелдегі вахтерден бастап, «тұрақты тұрғындардың» әңгімесіне дейін аңғартады: «Өзің момын жігіт сияқтысың. Әйтпесе, талайлар жүр ақшасын төлегесін «права качать» етіп» деп вахтер әйел басқаларға көзін аларта қарайды. – Бастысы, «крысалар» болмаса болды, – дейді Нұрбай. – «Крысасы» несі? Мынадай үйде тышқандар бола ма не? – деп жан-жағыма алақ-жұлақ қарап қоямын. – Жоға, ұрлықшыларды айтамын.

Талай затымыз жоғалған. Кімнен көресің. Ал енді ішіп келіп, басты ауыртатындар болып тұрады… Вахтеріміз тұрақты клиенттердің сырын әбден біліп алғанға ұқсайды. Азын-шоғың ақшаңа бола асты-үстіңе түсейін деп тұрған жоқ. Шкаф жетпей тұр еді, түпкі бөлмеден өзімізге көтергізіп әкелді. Жаңадан келгендерге қайта-қайта «Домофонның кілтін сатып алыңдар. Мен бейуақта әрқайсысыңа тұрып есік ашып жүре алмайды екенмін» деп тікесінен айта салды. Шыдамын тексеріп көрейін деп, әдейі Азаматқа қосылып түн ортасында «Хаддерсфилд» пен «Манчестер Сити» арасындағы ойынды тамашаладық. Гол салатын сәттер келіп қалғанда, «Ооо, қане, қане» деп қиқулап қоямыз. Бір уақта вахтеріміз жекіп тастады. Амал жоқ, сықырлаған ағаш керуеттің екінші қабатындағы біздің ескі пойыздарда кездесетін көкжолақ матрасқа жуыла-жуыла түсі оңып, матасы селдіреп кеткен төсектысты қаптап, қисая кеттік. Таң атқанша маза болмады. Түн ортасында жұмыстан оралған біреудің аузынан арақ иісі мүңкіп сала берді. Оған төсекке басы тие қорылға басқан көршілерім «көрік берді»

Заң кәсіпкерлікке кедергі жасай алмайды

Аталмыш мәселеге байланысты қалалық Ішкі істер департаментіне сұрау салдық. Баспасөз өкілі София Қылышбекованың мәліметіне сенсек, учаскелік полицейлерге хостелдерден шағым жиі түседі. Жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 437-бабы бойынша (тыныштықты бұзғаны үшін) – 60 адам, 441-бабы бойынша (кейбір қоғамдық орындарда тыйым салынғанына қарамастан шылым шеккені үшін) – 80 адам, 492-бабы бойынша (көші-қон заңын бұзғаны үшін) 100 шақты адам жауапкершілікке тартылыпты. Сонымен қатар, жақында жергілікті полиция қызметі «Учаске» жедел алдын алу шараларын ұйымдастырып, тұрғын үйлерде орналасқан қырық шақты хостелді анықтады. Алайда София Әнуарбекқызының айтуынша, оларды тек әкімшілік құқық бұзушылық фактісіне ғана тексеруге болады. Сол себепті рейд нәтижесінде тұрғындарды ішкі істер органдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуге үндеу үшін, сондай-ақ, миграциялық бақылауды күшейтіп, іздеудегі жандарды тезірек табу үшін хостелдерден құжаты жоқ адамдарға орын бермеуді талап еткен арнайы хат (шығ. №30-30-4-59/30-5002. 13.11.2017 ж.) Астана қаласы әкімдігі атына жөнелтіліпті.

Алайда «Астана конвеншн бюро» мекемесінің бас маманы Даниил Шалумовтың айтуынша, хостелдердің қызметі 2016 жылы шыққан «Орналастыру қызметі туралы жалпы ереже» деп аталатын арнаулы стандарт (ҚР СТ 2847-2016) аясында реттеледі. Әдейі ашып қарадық. Онда тұрғын үйлерде орналасқан хостелдерге 20-25 адамға дейін рұқсат беретін «шағын хостел» санаты берілген. Дегенмен нормативтік нормаларда аталмыш стандартқа әлі күнге дейін сілтеме норма берілмеген. Сондай-ақ хостелдердегі тәртіпті, гигиенаны т.б. қадағалау жауапкершілігі ешқандай мемлекеттік органға толық жүктелмеген. Хостел нарығының жүйесіздеу дамып жатқанының да бір себебі осы.

Даниил Шалумовтың айтуынша, ЭКСПО-2017 кезінде қалада 95 хостел немесе 4,5 мың койка-орын болды. Қазір туристер ағыны азайған соң, олардың саны 65-ке азайды. Өңірлерден келген еңбек мигранттары мен күй талғамайтын бэкпэкерлер (сөмке асынып алып, жер-жаһанды шарлайтын саяхатшыларды осылай атайды – ред) қымбат қонақ үйден гөрі, осы хостелдерді қолай көреді. «Urban Hostel» иесі, жас кәсіпкер Мирас Қырғызәлінің бұл жөнінде ойы басқаша. «Егер хостелдер тұрғын үйге жапсарлас орналасқан болса, бөлек кіреберісі болғаны дұрыс. Сондай-ақ, кез келген коммерциялық бағыттағы ғимараттың эвакуациялық жоспары, апатты жағдайда шығатын қосымша есігі, өрт сөндіру, алғашқы медициналық қызмет инвентары болуы тиіс. Бірақ оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бір жағы тұрғын үйде орналасқан хостелдерге тыйым салған да дұрыс емес» дейді. Өйткені Кәсіпкерлік туралы кодекстің 5-бабы бойынша әр адам жекеменшік жылжымайтын мүлкін қандайда да бір заң рұқсат ететін қызметке пайдалануға құқылы. Мирастың хостелі бөлек ғимаратта орналасқан. «Отыз-қырық адамға еркін қызмет көрсете аламыз, ешкімнің мазасын алмаймыз. Алайда барлық хостелдерден мұндайды талап етілсе, нарықтағы баға өзгереді.

P.S: Хостел – еліміз­дің ірі қалаларында қалыптасып қалған бизнес түрі. Елордадағы 200-дей қонақүйге түнемелік ақысы әлдеқайда арзан хостелдер кәдімгідей бәсеке тудырып тұр. Тек бір кінәраты – олардың көбінің әлі стандартқа сәйкеспейтін тұстары жетеді әрі туристерден гөрі, еңбек мигранттарының мекеніне айналып кеткенге ұқсайды.

Әділбек ЖАПАҚ