Дер кезінде қойылған нүкте

1921 жылдың қысы, Одесса қаласында тұрам. …«Моряк» газетінде хатшымын. Жас жазушылардың біразы сонда істеді. Катаев, Багрицкий, Бабель, Олеша және Ильф бар… Ал жасы үлкен жазушылардан Андрей Соболь келіп тұрады. Тынымсыздау, алқам-салқам жүретін, жан адамға зияны жоқ кісі еді.

@egemen.kz

Бірде сол Соболь «Морякқа» бір әңгіме әкелді. Бір қарағанда тақырыбы қызықты, өзі де сөзсіз, талантты дүние, бірақ басы қайсы, аяғы қайсы ажырата алмайтындай сапырылысып жатқан бір дүние. Әңгімені оқыған соң, біраз бас қатырдық. Тура сол күйінде баса салуға болмайды. Түзеп, қайта жазып шық деуге Собольге ешкім батпайды. О кісі ондай-ондайыңа көне қоймайтын. Анау айтқандай авторлық тәкаппарлықтан емес (басқа-басқа, Собольдің ондай мінезін көрмеппіз), әсершілдіктен: жазып болған дүниесіне тез суынып қалатын да, қайта қарауға мүлде қызықпайтын.

Отырып алдық та ойландық: енді не істейміз? Бір жылдары Ресейде ең көп таралған «Русское слово» газетінің бұрынғы директоры, әйгілі баспагер Сытиннің оң қолы болған Благов деген үлкен кісі бізде корректор болып істеуші еді. Көп сөйлемейтін, бұған дейінгі өмірі ауырлау болған, секемшіл адам. Даурығысып жататын жастардың у-шу ортасына да көп кіріспей, байсалды қалыпта сырттап тұратын.  Собольдің қолжазбасын тағы бір оқып шығайын деп үйге алып кеткем. Түн қоюлана есік қағылды. …Ашсам, Благов тұр.

– Не ғой, – деді Благов.

– Собольдің әңгімесінің ойымнан шықпай қойғаны. Керемет дүние. Құртып алсақ, обал болады. Газетте көп істеген қасқырмын ғой, жақсы қолжазба көрсем болды, жабысып айырылмайтыным бар.

– Қайтеміз енді! – деймін мен.

– Қолжазбаны маған берсеңіз. Ар-ожданыммен ант етем, бір сөзін де өзгертпеймін. Осында қалсам деп тұрмын, Ланжерондағы үйге жетем дегенше, түгімді қалдырмай сыпырып кетер. Сіздің көзіңізше-ақ шолып шықсам.

– «Шолып шықсамыңыз» қалай? – дедім мен.

– «Шолып шығу» дегеніңіз – түзету деген сөз ғой.

– Айтып отырмын ғой, бірде-бір сөз алып-қоспаймын.

– Қалай сонда?

– Оны қазір көресіз. Благовтың сөзі қызық көріне бастады. …Не құпиясы барын білгім келіп барады. Ақыры келістім.

…Благов қолжазбаны таңертең ғана қарап бітті. Редакцияға келіп, машинистке бастан-аяқ тергізіп болғанша маған көрсетпей қойды.  Қолжазбаны қайта оқып шыққанда – тілім байланып қалды. Құйылып түскендей тұп-тұнық проза. Бәрі айқын, бәрі анық болып шыға келіпті. Баяғы бас-аяқсыз, бір-біріне мінгескен сөздердің көлеңкесі де жоқ. Бірде-бір сөз алынбаған да, қосылмаған да.  Благовқа қараймын. Ол шай түстес жуан папиросын сорып қойып, жымиып қояды.

– Мынауыңыз керемет қой! – деймін.

– Не істегенсіз?

– Бар болғаны бастан-аяқ тыныс белгісін түзеп шықтым. Соболь жарықтық бұл жағына сұмдық салақ. Әсіресе нүктелерді мұқият қарадым. Сосын абзацтарын. Бұл керемет дүние, қарағым. Тыныс белгісі жайлы Пушкин­нің өзі айтқан. Олар ойды екшеп, сөйлем құ­ры­­лы­мын реттейді, сосын жеңіл әрі дұрыс оқылуына ықпал етеді. Тыныс белгілері – нота таяқшалары сияқты. Сөздерді шашау шығар­май, тексті мығым ұстап тұрады.

Әңгіме жарияланды. Келесі күні редакцияға баса-көктеп Соболь кірді. Әдеттегідей бас киімсіз, шашы дудырап кеткен, көзі жанып тұр.

– Менің әңгімеме қол тигізген қайсысың? – деп салған жерден айғай салды.

Таяғымен газет тігіндісі жатқан үстелді бір салып қалды. Қою шаң бұрқ ете түсті.

– Ешкім тиіскен жоқ, – дедім мен.

– Тексті тексеріп көрсеңіз болады.

– Өтірік! – деп тағы айғайлады.

– Сандалма! Кім тиіссе де таппай қоймаймын! Бір жанжалдың иісі шығып-ақ қалды. Қорқақтау қызметкерлер бөлмеден жылыстап шығып кетіп жатыр.  Сонда ғана Благов ұстамды, тіпті, енжар дауыспен:

– Егер тыныс белгілерін түзеуді қол сұғу деп есептесеңіз, онда қол тигізген мен едім. Корректорлық міндетіммен. Соболь бірден Благовқа тап берді. Қолынан ұстап алып біраз сілкіледі, сосын құшақтай алды да қарттың бетінен мәскеушелеп үш мәрте сүйді.

– Рақмет! – деді толқып.

– Мынауыңыз мен үшін керемет сабақ болды. Тек енді тым кеш екені өкінішті. Осыған дейін өз жазуыма өзім қиянат жасап келіппін ғой, соны енді ғана ұққанымды қарашы. Кешкісін қайдан алғаны белгісіз, жарты бөтелке коньягін ұстап (ол күндері коньяк түгілі, ас-ауқат ажыратудың өзі оңай болмаған – А.Н) Соболь келіп тұр үйге. Біз Благовты шақырдық, Багрицкий де келді. Әдебиет жасай берсін деп, бастысы, тыныс белгісі үшін деп іштік. Осыдан кейін өз орнына және дер кезінде қойылған нүктенің оқырманға қаншалықты әсер ететінін ұқтым…

Константин Паустовскийдің  «Золотая роза» повесінен ықшамдап аударған 
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»