Күзгі жауын Алматының көшелерін тағы суға толтырды

Онсыз да көліктері кептеліп жататын қалада қозғалыс тіпті қиындап кетті. Бүгін таңнан басталған ақ жауын кешке дейін толастамай, қаланың төменгі жағы саналатын Райымбек даңғылы мен Төле би көшелерінде көлшіктер пайда болды. Осындайда асфальттың ойық-жырықтарын байқамаған көліктер бірінен соң бірі жол апатына ұшырады.

Жауынның зардабын тартқан жүргізушілер әдеттегідей көрген қиыншылықтарын шетінен ғаламторға жүктеп жатыр. Былайғы уақытта айналып өтетін жол ойықтары жауын суымен толып, бірқатар көлікер соған тұмсығымен қадалып қалды.

Себелеп жауған жауын түс ауғанша тоқтаған жоқ. Нәтижесінде Алматының арық жүйелерінің дұрыс жасалмағаны тағы бір дәлелденді. Райымбек даңғылының бойында қалыптасан шағын көлшік жүргізушілерді жолдан қалдырды.

Жауынның кесірінен ойық жолды байқамай, опық жегендердің бірі Азамат Әбуов. Күнделікті жұмысымен жүрген ол қапыда алдыңғы дөңгелегін асфальттың қырына ұрып алған. Енді дөңгелегін кемінде 4 мың теңгеге жөндетуі керек.

Азамат Әбуов, жүргізуші:

-Өте үлкен кептеліс болып жатыр. Жаңбырдың себебінен қалада су тасқыны. Көліктердің бәрі суға батып, темір колонкалар ашылып кеткен. Мен де бағана жұмыстан шыққан түсіп кеттім.

Жаңбыр екінтінің кезінде тоқтағанымен арықтарға сыймаған ағын су жан-жағына жайылып, телегей су сол күйі қалды.

-Жаңбыр жауса көшелері көлге айналатын Алматының дәстүрі бұл жолы да әдетінен жаңылған жоқ. Дәл мына біз тұрған қаланың орталық күре жолдарының бірі Төле би көшесінің бойы қас қарайғанша шалшық судан арылмады. Қалалық әкімдік те қалыптасқан жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты.