Қайткенде адам құқы қорғалады?

Азаматша Тамара Ашаева Құқық қорғау қызметтері орталығына келіп, өзін толғандырып жүрген мән-жайды хабардар еткенде, расында, жанын жаралаған осы бір мәселенің тез шешіліп сала беретініне сенімсіз еді. Өйткені өзінің және жалғыз ұлының жағдайы мүшкіл болатын. Оның мүгедек ұлы ауыр халде жатқан. Баласының ауруы күннен-күнге меңдеп бара жатқан соң Тамара дәрігерлерге бір емес, бірнеше мәрте хабарласқан.

Ал дәрігерлер міндеті науқастың ауруын анықтап, оған сәйкес медициналық ем-дом көрсету еді. Мүгедек болса, әлеуметтік сараптамаға жолдама беріп, қаншалықты дәрежеде еңбекке жарамсыздығын, яғни мүгедек екендігін анықтап берулері тиіс болатын. Бірақ, неге екені белгісіз, дәрігерлер баланың мүгедектігін анықтау үшін науқас жанды медициналық және әлеуметтік сараптамаға жібермепті. Ақ халаттылардың осындай жайбарақаттығы мен салғырттығы салдарынан ауру бала мамандандырылған клиникаларда ем ала алмаған. Оны айтасыз, тіпті мүгедектерге берілетін ақысыз дәрілер мен тиісті медициналық көмекті көрмеген. Себебі, дәрігерлер бұған жеткілікті дәрежеде мән бермеген. Мұндай салғырттық мына заманда біздің елімізде бола қоймаған шығар деп ойлауыңыз да анық. Өкінішке орай, бұл шындық оқиға. Ол шындықтың беті азаматша Т. Ашаева Бас прокуратураның ғимаратындағы Құқық қорғау қызметтері орталығына келгенде ғана ашылды.

Жалпы ашығын айту керек, мұндай келеңсіз жағдайлар аталған Орталық ашылған соң және Ашаева секілді құқы бұзылған немесе тиісті мемлекеттік заңды көмектерді ала алмай жүрген адамдар мұнда ат басын бұрған соң ғана белгілі бола бастаған еді. Ал Орталықтың басты мақсаты азаматтардың арыз, шағымдарына орай заңдылықты қамтамасыз ету. Әрине, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, жұрттың арыздануына себеп болатын келеңсіздіктер көңілге кірбің түсіретіндігі анық.

Дегенмен қызметін тиісті дәрежеде атқармайтын қызметкерлердің шалағайлығы халыққа арналып жасалып жатқан игі істердің бәріне дақ түсіре алмайды. Себебі, мемлекетіміздің қамқорлығы арқасында құрылған осындай орталықтар арқылы ғана жоғарыдағыдай келеңсіздіктер анықталып, жойылып жатқан жайы бар. Соның бір нақты дәлелі осы мысал дейміз. Бұл орталықтың ашылғаны күні кеше болса да, талай арыз айтып келген адамға, қағаз жүзінде ғана емес, нақты іс жүзінде құқықтық көмек беріліпті.

Орталық қызметкерлері Т. Ашаеваның шағымына сай Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасына хабарласыпты. Заңды өтініш жасалған соң Т. Ашаеваның ұлы Ұлттық кардиохирургиялық орталыққа қаралуға жіберіледі. Сөйтіп, ағымдағы жылдың 28-ші тамызында науқас бала медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтіп, оның мүгедектігі белгіленді. Енді мемлекет оған ай сайын 60 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлейтін болды. Көрдіңіз бе, егер бұл Орталықтың заңды көмегі болмағанда мүгедек бала мен оның анасының арғы жағдайын елестету қиын еді. Осы арада бір маңызды жайтты қаперге сала кеткен жөн дейміз. Біздің мемлекетіміз халыққа арнап барлық жақсылықты, жағдайды жасап жатқаны анық. Бірақ сол заңды жақсылықтар түрлі салалардағы өз ісіне салғырт әрі немқұрайлы қарайтын қызметкерлердің кесірінен көптеген кедергілерге ұшырайтындығы көрініп тұр. Демек, алдымен, сол адамдарды жауапқа тарту мәселесін қарау керек. Әйтпесе заңдарымызда еш олқылық жоқ дейміз, тек оларды орындауда салғырттық пен немқұрайлылық басым көрінеді.

Ал енді өзге қайсыбір мемлекеттік органдар адам құқын бұрмалап жатқанда олардың ісінің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп, нақты заңды бағыт көрсетіп жатқан бұл неткен Орталық дейсіз ғой. Расында, бұл азаматтардың құқын қорғаудағы үлкен жаңалық болып отыр. Халықпен тығыз байланыстағы жұмыстың сапасын жақсарту мақсатында ағымдығы жылдың шілдесінде Бас прокуратураның ғимаратында Құқық қорғау қызметтері орталығы ашылғандығы туралы алдында да айтқанбыз. Енді оның тиімділігін нақты мысалдар арқылы ашып көрсеткенді жөн көрдік.

Құқық қорғау қызметтері орталығының негізгі мақсаты азаматтардан түскен шағымдарды жедел қарау, барынша жедел шешу болып табылады. Осы абыройлы істер арқылы азаматтардың құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдарға деген сенімін қалыптастыру, сөйтіп қандай салада болмасын әділдік пен адалдыққа, заңдылыққа жету үшін әкімшілік кедергілерді және бюрократияны жою. Бұл оңай шаруа емес, бірақ қолдан келетін игілікті іс екені айдан анық. Сондықтан да Орталыққа шағым айта келген жандарды онда тәжірибелі прокурорлармен бірге басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, адвокаттар, пробация қызметі және психологтар қабылдайды. Олар заңдардың қолданылу мәселелері бойынша кеңес береді және өтініштерді жинақтап жазуға құқықтық көмек көрсетеді.

Прокурорлар азаматтарды қабылдау барысында оларға байланысты ашылған нақты істерді алдыруға, төмен тұрған прокурорлардың процессуалдық шешімдердің заңдылығын тексеруге, сондай-ақ, прокурорлардың арызды «Электрондық үкімет» порталы арқылы басқа ведомствоға жолдауға мүмкіншілігі бар. Демек, кез келген арыз айта келушінің шағымы құқық аясында заңды болып табылып жаста, шешімін табады деген сөз. Тауып та жатыр. Ашылғанына 2,5 ай болған уақыт ішінде Орталыққа 3574 адам келіпті. Прокурорлардың жеке қабылдауында 1540 азамат болған. Қабылдау кезінде құқықтық көмек көрсетілуімен қатар, 920 ауызша түсініктеме берілген, 418 өтініш қабылданып, төмен тұрған прокуратураларға және уәкілетті органдарға 202 өтініш жолданған. Оған қоса 139 азаматқа электрондық қолтаңба беріліп, және басқа мемлекеттік органдарға 120 электрондық пен 225 бейне өтініш жіберілген. Ал адвокаттар 235 азаматқа тегін көмек көрсетіпті. Пробация қызметінің мамандары – 4 адамға, медиаторлар 13 азаматқа кеңес берген. Қабылдау барысында прокурорлар азаматтардың сұрақтарын шешу үшін барлық шараларды қолданып, соның ішінде қылмыстық, азаматтық істер бойынша тиісті уәкілетті органдарға өтініштерді, хаттарды дайындауға көмек береді.

Орталыққа арыз айта келген жандардың көбінің құқы негізсіз бұзылғандығы айқын аңғарылады. Олардың өтініші заңды болса да, соған қарамастан көпе-көрінеу бас тартылған екен. Ал адамдардың заңды өтінішін тиісті мемлекеттік қызметкерлердің неліктен бұрмалайтындығы белгісіз күйі қалып тұр. Мәселен, Е.Верещагина аталған Орталыққа Ақмола облысы ЕЦ-166/4 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан күйеуі И. Верещагинмен кездесуге рұқсат беруден бас тартқанына наразылық айта келген. Заң бойынша Е. Верещагина жазасын өтеуші күйеуі И.Верещагинмен кездесуге құқылы болған. Алайда, ЕЦ-166/4 түзеу мекемесінің қызметкерлері кездесуге болмайды депті. Сонда Е. Верещагина секілді қаншама адам, бірі күйеуімен, бірі ұлымен, бірі әкесімен, бірі ағасымен т.б. кездесе алмай іштей қапаланады десеңізші. Бірақ кім де болса тар қапасқа қамалған туысқандарымен қалайда кездескенді қалайды. Содан, амал жоқ, кездесудің небір жолдарын іздейтіні анық. Бұл теріс қылықтардың туындауына соқтыруы әбден мүмкін. Өйткені И.Верещагинаның өтінішін орындаудан бас тартқан тиісті қызметкерлер заңды білмеуі мүмкін емес. Алайда олар заң бойынша болмайды деген.

Ал И. Верещагина аталған Орталыққа келіп арызын айтқан соң, оның шағымын тексеру барысында өтініш иесіне кездесу беруден негізсіз бас тартылғаны анықталған. Тіпті соқырға таяқ ұстатқандай, сотталған И.Верещагин жақсы да үлгілі тәртібі бойынша жұбайымен кездесуге құқылы болған. Ендеше екеуінің кездесуіне кім кедергі келтірді дейсіз ғой. Сөйтсе, әлгі мекеме қызметкерлерінің кесірінен бұл ақпарат арнайы бөлімге берілмеген екен. Содан аталған Орталықтың арнайы мамандарының араласуы арқасында ғана бұл кемшіліктер жойылып, Е.Верещагина күйеуімен кездесуге мүмкіндік алады. Әрине, мұның бәрін ұсақ-түйек іс деп қарауға да болар. Бірақ сол әр ұсақ-түйек істің артында адам тағдыры тұр ғой. Тиыннан теңге құралатыны секілді, ұсақ-түйек құқық бұзушылықтан ірі қылмыс құралады. Ал оған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздері жол берсе, онда не болады?

Сондықтан өтініш берушілердің дәлелдерін тексеру үшін прокурорлар қылмыстық істердің де құжаттарын зерделеді. Соған сай бірқатар істер оңды шешімін тапты. Мәселен, Орталыққа Жандосовқа қатысты көлік жүргізуге құқығы жоқ жүргізушіге көлікті басқаруға бергені салдарынан Берікованың қайтыс болу дерегі бойынша қылмыстық істің тиісті тергелмеуіне байланысты Бердалин шағым келтірді. Өйткені, іс қылмыстық әрекет жоқ деген себеппен 3 жылда 8 рет тоқтатылған. Мұны мұқият тексеріске алған Орталық қызмет өкілдерінің нұсқауы бойынша Ақтөбе қаласының прокуратурасымен Жандосовқа қатысты қылмыстық іс ақталмайтын негіздерге байланысты ҚПК-тің 35-бабы 1-бөлігінің 3-тармағына сай қысқартылған.

Еңбекақысын алалмай жүрген азаматтар да бұл Орталыққа жүгінген. Соның бірі азамат Н.Салжановаға «Интеграл Групп» ЖШС-гі 5 млн. тенге жалақысын төлемеген екен. Соған байланысты оған сотқа арыз жазуға көмек көрсетілген. Бұдан басқа да заңды еңбекақысын алалмай жүрген 26 адам Орталыққа арыз айта келіпті. Олардың арызы бойынша жұмыс берушімен арадағы жүргізілген құқықтық түсіндіру шаралары негізінде тиісті еңбекақы төленетін болған. Міне, осылайша ашылғанына аз уақыт өтсе де Құқық қорғау қызметтері орталығы әзірге азаматтардың құқын қорғауда өзге органдардың жіберіп жатқан кемшіліктерін түзетіп жатыр.

Бұл қашанға дейін созылары белгісіз. Әрине, мұндай Орталықтың болғаны да дұрыс шығар, бірақ мемлекеттік органдар о баста-ақ заңды бұзбай, құқыққа сай қызмет етсе, бұл әлдеқайда тиімді болып, әрі биліктің беделін көтере түсер еді ғой. Сонда азаматтарымыз өзінің құқы сөзсіз қорғалатынына сенімді болар еді. Өйткені, осы Орталықтың қызмет көрсетуінің өзі адам құқы бұзылатындығын да көрсетіп отыр емес пе. Демек, оны түзеу үшін құзырлы билік өкілдері араласуы қажет. Бұл әрі сыбайлас жемқорлықты болдырмауға да септігін тигізуі мүмкін. Ендеше біз Орталықтың тезарада халықтың алғысына бөленетініне, сөйтіп мемлекеттік органдардың қызметіне ел сенімін қалыптастыратына да сенгіміз келеді.

Александр ТАСБОЛАТОВ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері