Ата заңның 31 бабы бар, бірақ…

Көктем мен  күзде  Астана тұрғындарын  үнемі біраз мәселе алаңдататыны бар. Ол- көшелердегі балшық мәселесі. Көктемде қар ерігенде, күзде қалың жаңбыр басталғанда  көшелерді лай-батпақ басып кететінін кез келген астаналық біледі. Әрине,  қаланың орналасқан орны мен мұнда аса ірі  құрылыс жұмыстары  жүріп жатқанын ескерсек,  түсіністік танытып, қала әкімдігін айыптамауға  болар еді. Бірақ,  қала басшылығы мен  тиісті құзырлы органдардың назарынын тыс қалған, тіпті кейде салғырт-салақтықтың салдарынан  болып жататын келеңсіздіктердің бар екендігін көргенде бұқараның назы орынды екендігін аңғарамыз.

Әдетте, құқық бұзушылық тек қылмысқа,  қоғамдық тәртіпке ғана қатысты  болмайды. Адам құқының кез келген саласына қатысты дүние бұл. Мәселен,  тұтынушы құқы деген бар, азаматтық құқық, адам өміріне қолайлы орта қалыптастыруға байланысты қалыптасатын құқық деген бар. Қысқасы,  құқық деген ұғымның ауқымы кең. Қазақстан Республикасы Конституциясының 31 бабының  бірінші тармағында: «Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды» делінсе, екінші тармағында «Адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін деректер мен жағдаяттарды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады»,-делінген. Яғни, билік органдары адамның өмір сүруі мен  денсаулығына қолайлы жағдай жасауы қажет. Алайда,  қоғамда  кейде кереғар жағдай   қалыптасып  жататыны  бар.

Мәселен, Астана  қаласы Темірбек Жүргенов  көшесіндегі абаттандырудың аяқталмауы  тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр. Бірнеше жыл  бойы оқушылар мектепке балшық кеше жүріп, әрең барады. Жол бойындағы кейбір белгілер қажет емес жерге қойылса, бірқатары  азаматтарды мазақтағанмен бірдей етіп  орнатылыпты. Бұл мәселені  мәдениеттанушы Серік Ерғали фейсбук әлеуметтік желісінде көтерген. Автор өз  жазбасында: «Астана басшылығы назарына! 3 жыл бұрын салынған мына тым жақсы аллея абаттандырудың ақылсыздығынан Жүргенов көшесінің тұрғындары 74-мектеп пен аялдамаға өту үшін мыңдаған адам Махамбетше айтсақ, толарсақтан саз кешулеріне тура келеді. Осы азаптан құтқарыңыздар, мырзалар!» депті.

Жаяу  жүргіншілер жолының шала қалуына  байланысты бүлдіршіндер саз кешіп жүр. Жол  жиегі арнайы қоршаулармен қоршалған, алайда  жаяу жүргіншілердің жолдан кесіп өтуіне рұқсат беретін  жол белгісі қойылған. Жолдың бір жағы тәуір абаттандырылғанымен, келесі жағы  шала қалған. Тротуар аллеяны  ұзыннан-ұзақ кесіп өтіп жатқанымен, адамдардың серуен  құруына ғана арналған тәрізді. Азаматтардың серуен құрып, демалуымен қатар  тұрмыс қажеттіліктерін өтеу де  бар екендігін  тиісті мекеме  басшылары ескермеген  тәрізді.

Жалпы, жағдай тек қана абаттандыру мәселесіне ғана  қатысты   болмай тұр. Мұнда жол қозғалысы  ережелері бұзылған,  қоршаған ортаны қорғау мәселесі де бар. Бір сөзбен атйқанда Конституцияның 31 бабы бұзылып тұр. Өкініштісі, бұл келесіздіктер белгілі бір органдардың мүддесіне қызмет етіп тұр. Аллеяны кесіп өтетін арнайы жол салынбағандықтан азаматтарды әкімшілік құқық бұзушылық туралы айыптауға мүмкіндік  бар.

Жол полициясы қызметкерлері жолдан  рұқсат  етілмеген жерден өткені үшін азаматтарға айып сала алатын болса,  табиғат қорғау инспекторлары «көгалды таптады» деген айып таға алады. Алайда, ең алдымен  азаматтардың құқықтары тапталып жатқандығы  ескерілмей отыр.  Әсіресе,  мұндай келеңсіздіктерге жауапты органдардың жауапкершілігі назарға алынбай қалған. Іс жүзінде Конституцияның 31 бабының екінші тармағы бұзылып отыр. «Адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін деректер мен жағдаяттарды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады»,-делінген бапты ескеріп отырған ешкім жоқ. Одан бөлек түрлі кодекстер мен заңдар бар екендігі анық.

Дегенмен, конституциялық   норманың бұзылуы бұқараны алаңдатуы  тиіс. Бір ғана  көшеден алынған мысал азаматтардың құқық  бұзушылық мәселесін тек құқық қорғау  қызметіне қатысты әрекеттермен ғана  байланыстыратынын аңғартып тұр. Біз алға тартқан мысалдағы жағдай өзге салалардағы құқық бұзушылыққа да   төзбеу керектігін көрсетеді. Алайда, дәл осы жағдайды тұрғындар қатардағы тұрмыстық келеңсіздік деп бағалайтын тәрізді. Ал біз Астана  қаласы әкімдігі мәселені  шешетіндігінен  үміттенеміз.

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ