Әділдік талап ету орынды, бірақ…

 

 

Қазақ  қоғамында   құқық  бұзушылыққа төзбеушілікті қалыптастыру  күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Өйткені, елі ішінде «ұсақ-түйек» саналатын  құқық бұзушылыққа көз жұма  қоғамның  құқықтық сауаттылығын төмендеуіне,  адам құқының  аяққа тапталуына, қылмыстың өршуіне де алып келуі мүмкін. Алайда, «ет бұзылса тұз себесің,  тұз бұзылса не себесің?»  демекші  құқық бұзу мәселесінде азаматтардың  құқын қорғауы  тиіс органдардың өкілдері ағаттық жасаса не істеу керек? Міне,  мәселе осында  болып тұр.

Жақында, әлеуметтік  желілерде Астана қаласындағы Медициналық және әлеуметтік беймімдеу орталағында болған оқиғаның  бейнетаспасы тарап кетті. Онда астаналық  полицейлер мен   Наркология  және психотерапия орталығы қызметкерлерінің  жас азаматты ұрып-соққаны бейнеленген. Іс жүзінде оқиға  биылғы жылдың 15 наурызда  болған. БАҚ  наурыз айында аталған орталықта 29 жасар Николай  Кривенко есімді азаматтың мерт  болғанын жазған  болатын. Әрі тиісті органдар тергеу-тексеру жұмыстарын  жүргізіп, іс сотқа  жеткен. Алғашқы сот тыңдауы  25 қазанда тыңдауы өтпекші. Сот полиция қызметкерлері мен  адам өліміне қатысы болған фельдшер, мекеменің санитарларының әрекетіне қатысты істі қарамақ. Оқиғаның  қалай өрбігені,  күдіктілерге қатысты  соттың қандай шешім шығарары алдағы күндері белгілі  болары сөзсіз.  Алайда, мәселенің  тағы бір қыры  бар. Ол – оқиғаға қатысты  бейнетаспаның әлеуметтік  желілерге  жариялануы. Міне, бұл жағдай қоғамда түрлі пікірталасқа себепші  болып  отыр.

Астанадағы Наркология  және психотерапия орталығының  бас дәрігері Ольга Комарова баспасөз өкілдеріне  берген  мәлімдемесінде  оқиғаның аталған  орталықта болғанын растап отыр. «Өкінішке қарай,  бұл оқиға айықтырғышта болған. Ал ол бізге қарасты мекеме. Мен қызметкерлердің әрекетін ақтамаймын. Сол кезде бас дәрігер міндетін Гаухар Бектаева атқарды. Ол тергеу ісіне  қолынан келгенше көмектесті, біздің қызметкерлердің кінәсін айғақтайтын  бейнетаспаны ұсынды. Бұл тергеу органдары істі әділ қарасын, сотта әділ төрелік жасалсын  деген ниеттен туған әрекет болатын. Бірақ,  бейнетаспа интернетке тарап кетсін деп берілген жоқ»,-депті Ольга Комарова. Сонымен қатар, дәрігер  мерт болған азаматты полиция қызметкерлері ұстаған  күні агрессиясы өте  жоғары болғанын да айтқан. Әрі өзге де бірқатар  мәліметтер беріпті. Соның ішінде  дәрігер ұсталған кезде Н.Кривенко деген азаматтың мас  болмағанын, бірақ есірткі  қолданған болуы мүмкін екендігін айтқан. Әрі қылмысқа қатысы бар қызметкерлердің бірінің жаңа үйленгенін,  екіншісінің  қарт анасы бар екендігін де  сөз арасында қыстыра кетіпті.

Дегенмен,  бұл жердегі басты мәселе  бейнетаспаның интернет желісіне жарияланып кетуіне байланысты  болып отыр.  Белгілі  қоғам қайраткері Мұрат Әбенов facebook-тағы  парақшасында: «Жазықсыз адамды  аяқпен тепкіліп, таяқпен ұрып  өлтірген полициялар қатаң жазалансын. Ондай  болмаса заңға деген сенім  қайдан  болады азаматтарда»-деген  пікір білдірсе,  актер Нұртас Адамбай: «Қоғам бірігіп, Астана қаласы наркологиялық  орталағында өлтірілген Николай Кривенконың  өліміне кінәлілерді  әділ жазалауға қол жеткізуі керек! Ашығын айтқанда, мен жас жігіттің ажал құшқан сәті  бейнеленген  бейнетаспаны енді ғана көрдім.  Бұрын тек осы оқиғаға байланысты тек  фотолар ғана бар еді.

Қазақстандықтар,  бұл жағдай бүгінде біздің елде болып жатыр! Оның орнында біздің кез келгеніміздің болуымыз мүмкін еді!

Өз басым тағылған «қызметін асыра пайдалану» және «оқыс жағдайда зәбір көрушінің  өліміне себеп болу, қасақана денсаулыққа  ауыр зақым келтіру» деген айыптар әділдіктің бетіне  түкірумен  бірдей! Бұл дегеніңіз адам өлтіру! Адамның басынан тепкілеп, сойылмен  ұру дегеніңіз «оқыс жағдай» емес!»,-деп жазыпты. Яғни,   қоғам  өткен наурызда болған оқиғаға байланысты қайтадан алаңдай бастады.  Ендігі  мәселе сот процесінің әділ өту-өтпеуіне байланысты өрбитін сыңайлы. Өйткені, адам өліміне қатысы бар азаматтар туралы ақпараттар таратылған кезде бұқараның  жанашырлығын оятатындай сипатта берілуін қоғам алдағы уақытта оларға  тағайындалатын жазаға әсер ету тәсілі ретінде қарастырады. Соған алаңдаулы.

Рас,  оқиғаға қоғамның алаңдаушылық білдіруі құқық  бұзушылыққа азаматтардың төзбестік танта бастағанын аңғартады. Алайда,  бейнетаспаның толық  күйінде   интернетте жариялануы ең алдымен мерт болған азаматтың туыстары үшін моралдық соққы болса, екіншіден сот процесіне  қоғамдық пікір арқылы қысым жасау тәсіліне ұқсайды. Сөйтіп,  құқық бұзушылыққа төзбестік танытқанымызбен кейбір әрекеттеріміз арқылы жеке бастың құпиясына қатысты  құқықты аяқ асты етіп отырған жайымыз бар.  Мұның өзі  құқық  бұзушылыққа төзбеу мәселесінде радикалды  ұстанымдарға  жол бермеу керек екендігін  көрсетеді.

P.S. Абырой  болғанда  YouTube  желісіне  жүктелген әлгі  бейнетаспа YouTube-тің зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылықты суреттейтін графикалық мазмұнға қатысты саясатын бұзғаны үшін алынып тасталыпты.

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ