18 мың ұйым мен 122 жоба

 

Қазақстанда азаматтық қоғам институттарының қызметін жақсарту өмір талабы болып тұр. Әдетте, мемлекет назарынан тыс қалмағанымен, шешілуіне мемлекет араласа қоймайтын шаруаларды реттеуге азаматтық қоғам институттары тартылатын. Әрі үкіметтік емес ұйымдар бұқара мен биліктің арасын жалғастыратын қызметті қоса атқаратыны тағы бар. Бізден озып кеткен елдердегі тәжірибе солай.

Ал, Қазақ елінде әзірге азаматтық қоғам институттары қуатты күшке айналды деуге келмейді. Бірақ, азды-көпті алға жылжу бар сияқты көрінеді. Әсіресе, құрылғанынан бір жыл енді ғана толған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бұл бағытта азды-көпті қызмет жасап бағуда. Бірақ, ресми тіркелген 18 мыңнан асатын үкіметтік емес ұйым қызметінің жемісін әлі жей қойған жоқпыз.

Негізі үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттен қаржы бөліп, азаматтық қоғам институттарын белгілі бір мақсатқа пайдаланып отыру 2005 жылдан бері жасалып келе жатқан, біраз жұрттың еті үйренген шаруа. Дегенмен, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың «ынтымағы» жарасқанымен, оларға бизнестің қосылмай жүргені де өтірік емес. Өйткені, бизнес «виртуалды» нәтижелер үшін қаржы бөлуді құп көрмейді.

Алайда, биыл әлеуметтік идеялар мен жобаларға бизнес құрылымларды тарту біршама жақсаратынға ұқсайды. Өйткені, қазан айының 30-31 күндері Атырау қаласында мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың үшжақты серіктестігін қалыптастыру мақсатында тұңғыш рет «Асар» атты форум өтпекші. Жылдың басында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев осындай форумның қажет екендігін айтып, ортаға ұсыныс тастаған болатын. Міне, сол бастама жүзеге асқалы отыр.

Форумның ең басты ерекшелігі бизнес өкілдерін әлеуметтік жобаларды, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруға үгіттеу екені анық аңғарылып тұр. Өйткені, әлеуметтік маңызы бар барлық бастаманы, барша үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттің қолдап отыруға мүмкіндігі жоқ. Егер әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға бизнес араласатын болса ұтатын түптің-түбінде халық болары да белгілі. Одан бөлек бизнестің де, мемлекеттің де, үкіметтік емес ұйымдардың да ұпайлары түгел болмақ.

Бизнес өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, қоғамға пайдалы іс қылғанын кейін мемлекеттің алдына көлденең тартуға мүмкіндік алса, мемлекет қоғамның қалтарыс-бұлтарысындағы мәселелерді шешудің жолын табады. Ал үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғам институттары ретінде өздерінше дами түсуге тырыспақ. Яғни, Атырауда өтетін форум қатысушыларыдң барлығына пайдалы болайын деп тұр. Алайда, форумда бизнестің әлеуметтік идеяларды қаншалықты қолдайтыны әзірге белгісіз.

Ал, Дін істер және азаматтық қоғам министрлігі форумға ұсынуға біраз жобаларды қазірдің өзінде іріктеп алған көрінеді. Тіпті, әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесін де ұйымдастырыпты. Рас, жәрмеңкеге өтінімдерді қабылдау қазанның алғашқы аптасында аяқталған. Қазір арнайы ашылған asar2017.kz деген сайтта үкіметтік емес ұйымдар ұсынған жобалармен танысу кезеңі жүріп жатыр. Осы сайтта тұрған жобалармен кез келген адам таныса алады. Әрі оны қолдап-қолпаштауға тек кәсіпкер ғана емес, кез келген азаматтың мүмкіндігі бар. Бастысы жақсы іске қолғабыс жасамақ болған ниет болса жетіп жатыр. Ал әлгі Атырауда өтетін форумда осы жобалардың ең үздіктері таныстырылады.

Айтпақшы, әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне 122 жоба келіп түсіпті. Ең көп жоба ұсынған өңір Кереку аймағы екен. Павлодар облысынан жәрмеңкеге 20 жоба ұсынылса, қостанайлықтар 17, Астана қаласы 13, Оңтүстік Қазақстан облысы 12, Ақмола облысы 9, Алматы мен Жамбыл облыстары 8, Алматы қаласы 7 өтінім беріпті. Атырау мен Қарағандының әрқайсысы 6, Батыс Қазақстан мен Қызылорда 4, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстары 3 ұсыныс әзірлеген көрінеді. Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстары бір-бір өтінім ғана беріпті. Сөйтіп, кәсіпкерлерге ұсынылатын жобалар сақадай-сай тұрса керек. Дегенмен, дәл осы деректерден еліміздің аймақтарындағы азаматтық қоғам институттарының белсенділігіне баға беруге болады.

Әдетте, үкіметтік емес ұйымдардың басым көпшілігі Алматы, Астана және Шымкент қалаларында шоғырланғаны айтылатын. Бірақ, «мемлекет-бизнес-ҮЕҰ» форумынан үміт күтетіндер өзге аймақтар болып отыр. Павлодар мен Қостанай облыстарындағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі жоғары екені байқалуда. Сөйте тұра, осы екі облысқа көрші отырған тағы екі аймақта азаматтық қоғам институттары сылбыр жұмыс істеп отырғанын да байқауға болады. Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан жәрмеңкеге бір-бір ұсыныс қана келіпті. Яғни, Қазақстанның солтүстігі мен шығыс аймақтарында үкіметтік емес ұйымдар ала-құла жұмыс істеп жатқандай көрінеді.

Әрине, бір ғана дерек арқылы тұтас аймақтар жөнінде тон пішуге болмас, дегенмен білдей бір министрлік ұйымдастырып, оған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау білдіріп отырған шараға жобалардың әлгі облыстарда ала-құла ұсынылуы бізді өзімізше болжам жасауға мәжбүрлеп отыр. Әйтпесе, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргеннен кейін үкіметтік емес ұйымдар белсене бастаған сыңай танытып еді. Бизнес те білек сыбана бастағандай түр байқатқан.

Мақалада «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тәрізді жобалар жасау айтылғаннан кейін қоғамда белсенділік байқалғандай еді. Сөйтсек, үкіметтік емес ұйымдар бизнеске сене қоймайтынға ұқсайды. Әйтпесе, 122 жоба дегеніңіз 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген Қазақстан үшін тым аз көрсеткіш. Кей облыстардан бір-бір, тағы біреулерінен екі-үштен жоба ұсынылуы осы 18 мың ұйымның аты бар да, затының жоқ екендігін байқатып қалатын сияқты. Әйтпесе, мемлекет әлеуметтік жобаларды қолдауға бизнесті көндіріп тұрғанда мұнша бейғам болмас еді.

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ