Нағыз алаяқтық

Атырауда жиі пайда болатын жарнамалық парақтар күлкілі бағалармен былғары және тері бұйымдарын сатып алуды ұсынады. «Тәркіленген мүлікті жаппай сату тек бір күн өткізіледі, бір қолға – бес бұйымнан!». Осындай сатылымдардың біріне «АЖ» тілшісі де барып қайтты.

Ойдан шығарылған бағдарлама бойынша

Мен тұратын ауданда жапсырылған парақтарда жазылғандай, Раменское қаласының (Мәскеу облысы, РФ) кедендік органдары тәркілеу туралы сот шешімімен, тауарлардың ГОСТ-қа сәйкестігіне алдын ала сараптама жүргізу үшін Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі федералдық агенттіктің («Росимущество») аумақтық басқармасына тауарларды табыс еткен

Тауарларды «Азаматтық өткізу қызметі» деген әлеуметтік бағдарламаның көмегімен өткізу туралы шешім қабылданыпты-мыс. Осыған байланысты Ресей өңірлері мен ТМД елдерінде тәркіленген мүлік (былғары күртелер, тон және аяқ киім) сатылымға шыққан. Ерлер мен әйелдерге арналған 78 атаудағы тауарлар саттыққа шығарылыпты. Былғары күртелердің бағалары 70%-ға, аяқ киімге – 50%-ға төмендетілген.

Интернеттен іздеп: РФ кедендік қызметі мұндай сатылымдарға ешқандай қатысы жоқ екендігі туралы әлденеше рет комментарий бергенін таптым. «Росимущество» өкілдері де әлденеше рет осылай мәлімдеген. Ресейлік сот приставтары тәркілеген тауарлардың Ресейге, оған қоса Қазақстанға еркін сатылымға түсуі мүмкін емес – заңға сәйкес, олар қатысушылар міндетті түрде тіркеліп, бәссаудада сатылады. Лоттар тізімі мен сатып алу ережесі «Росимущество» сайтында орналастырылады. Әрі қарай Ресейде ешқандай да «Азаматтық өткізу қызметі» бағдарламасы жоқ. Дегенмен, барып келу керек.

Қытайлық көпшілік қолданатын тауарлар

Бүкіл тауар алаңы 10 шаршы метр болатын кабинетке орналастырылған. Сол жақта қабырғаны бойлай әйел тондары мен күртелер, оң жақта ерлерге арналған тауарлар ілінген. Ортада терезенің алдында аяқ киімдер қойылған үстел тұр. Бөлме ішінде кісі толы. Әйелдер күртелер мен тондар ілген ілгіштерді сұрыптап, айна алдында үйіріліп жүр. Ер адамдар да олардан қалысар емес. Кейбір сатып алушылар туыстары үшін де заттар қарап, қоңырау шалып, оларға тезірек жетуді өтінуде. Бар болғаны бір күн!

Мен де бәрін қарап шықтым. Меніңше, бұлар табиғи материалдан жасалған сапалы бұйымдар емес, арзан жасанды былғарыдан жасалған көпшілік қолданатын бұйымдар. Сатушылар болса:

– Бұл жердегілердің барлығы табиғи былғарыдан жасалған. Бельгиядан, Нидерландыдан шығарылған тауарлар бар. Қараңыз, киіп көріңіз. Сапасына кепілдік береміз, – деді.

– Егер сондай болса, сапа сертификаты да бар шығар?

– Әрине.

– Қарауыма бола ма?

– Өкінішке орай, қазір жоқ. Бүкіл құжат сатылымды ұйымдастырушыларда. Біз бар болғаны сатушылармыз. Сізге олар келгенше күтуге тура келеді.

Рас, қанша күтуім керектігін сатушы жігіттер айта алмады. Ақырында маған таңдау жасап, бірдеңе сатып алуға немесе жұмыстарынан алаңдатпай кетуіме кеңес берді.

Мен кете қоймадым, «тәркіленген мүліктерді» тағы да қарап шығуды ұйғардым. Бұйымдардағы биркалар таң қалдырды: олардың бірінде бір бренд, екінші жағында басқасы жапсырылған.

Бағаларына келер болсақ, арзан пластмасса түймесі бар жасанды аң терісінен тігілген ажарсыз ішік заттаңбада көрсетілгендей, Пятигорск қаласынан шығарылған. Бағасы 180 мың теңге – бұл жерде 65 мың теңгеге сатылуда.

Бельгияда шығарылды деген күртенің бағасы 94 мыңнан 40 мың теңгеге дейін, швециялық тон – 107 мыңнан 38 мыңға дейін түсірілген. Қызықтырарлық баға, бірақ мен компьютерден биркаларда көрсетілген зауыт брендтерін іздеп, қытайлық интернет-дүкендерге сілтемелер алдым. Онда ұқсас тауарлар бірнеше есе төмен бағалармен сатылуда. Міне, саған сатылым! Енді талап қоятын ешкім жоқ, өйткені, алғыр саудагерлер «шапито циркі» принципі бойынша дерматин күртелерін алып, Қазақстанның басқа қалаларын аралап кеткен еді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттерді түсіргкен автор