Шымкенттің 25 жастағы тұрғыны өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр

Шымкент қаласының тұрғыны Бағдат Жұмаділов өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр,- деп хабарлайды Хабар 24.kz. Себебі мемлекеттік деректер қорында ол «16 жасында көз жұмған» деп тіркеліпті. Бір қызығы, мұндай олқылықтың орын алғанына тоғыз жыл болған. Алайда осынша жылдан бері өзінің «өлілер қатарына» тұрғанынан бейхабар жігіт диплом алып, отбасын құрған.

Бағдат Жұмаділов Халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырғанына бір айдан асты. Өзінің тірі екендігін дәлелдей алмай әлек. 25 жастағы жігіт мемлекеттік деректер қорында «қайтыс болған» деген статуспен тіркелген. Сол себепті ол енді ешқандай құжат рәсімдей алмайды. Жуырда Бағдаттың ұлы дүниеге келді. Алайда нәрестенің құжат бойынша әкесі жоқ. Анасы амалсыздан Туу туралы куәлікті өз атына алыпты.

Ал Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жеке басты куәландыратын құжатқа жауапты қызметкерлер: «бұл олқылыққа біз кінәлі емеспіз», – дейді. Бағдат өзінің өмірде бар екендігін дәлелдеу үшін шаһардағы бірнеше мекемеге бас сұғып, мән-жайды түсіндірген. Ал мұндағылар оны кімнің «о дүниеге аттандырып жібергенін» анықтай алмай дал. Себебі арада көп уақыт өтіп кеткен. Дегенмен жаңа өмірге қайтару үшін қол ұшын созуда.

Бағдат Жұмаділов: «осы іске кінәлі адамды таппай қоймаймын», – дейді. Мақсаты – тірі екенін дәлелдеп, өлгендер тізімінен шығу. Сөйтіп жаңа өмірге қайта оралу.