Астанада ПИК қызметі электронды жүйеге көшуде

Астанада е-ПИК жобасы жүзеге асырылуда. Бұл автоматтандырылған ақпараттық жүйені енгізу арқылы тұрғындар мен ПИК-тер арасындағы байланысты нығайтып, өзара тиімді әрекетестікке әкеледі. Сондай-ақ ол кооперативтердің қызмет көрсету сапасы мен ашықтығын арттырады. Жалпы, кез-келген қалада көппәтерлі тұрғын үй иелері мен кооперативтер арасындағы мәселелер, ондағы қызмет көрсету сапасы қашанда өзекті. Тұрғындар үшін ПИК-тердің сапалы қызмет көрсетуі, инфрақұрылымды дамытып, халықтың тұрмысына қажетті қызметпен уақтылы қамтамасыз етуі – басты талап екені анық.

Осы орайда  «Астана қаласының Тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ мен «Astana Innovations» АҚ-ның бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобасымен таныстырып өтейік. Жобаның техникалық жағынан жабдықталуы мен ақпараттық жүйенің жұмысы, тиімділігі туралы «Astana Innovations» АҚ Техникалық жобаларды сүйемелдеу департаментінің менеджері Бахтияр Жақыповпен болған сұхбатта толығырақ сұрап білдік.

Бахтияр Маратұлы, е-ПИК қызметі халыққа несімен қолайлы болмақ? ПИК-тер қызметінің сапасын арттыруға қалай септігін тигізбек?

Ең алдымен жлбаның техникалық жағына тоқталғым келіп отыр. Е-ПИК жобасының аясында ПИК қызметкерлеріне өз тұрғындарымен, халықпен тығыз жұмыс жасауына жағдай жасалып отыр. Ақпараттық жүйе арқылы қарапайым қызметтер жүзеге асырылады, ПИК тарапынан хабарландыру, тұрғындар тарапынан өтініштер мен арыздар, ұсыныстар әкімдікке  қызмет ететін  ұйымға арыздану сынды істерді  жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ ПИК-тер өз есептерін әр түрлі формада белгілі бір тұрғынға, пәтер иесіне жолдап отыру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар әр өтінішке берілген жауап, атқарыған қызметтің сапасы қадағаланады. «Астана қаласының Тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ осы жүйе арқылы сапасыз қызмет атқаратын ПИК-терді анықтап, тиісті шаралар қолдана алады. Қорыта келгенде, бұл – тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, ашық ақпараттық кеңістікті қалыптастыратын online-портал. Сонымен қатар замануи үрдістерді ескере отырып, жобаның мобильді қосымшасын да дайындап отырмыз. Бұл, әрине, жобаның ыңғайлығы мен қолжетімділігін арттырары сөзсіз.

ПИК қызметінің бұрынғы жүйесі тұрғындар талабынан неліктен шыға алмай келді?

Әрине, біз ПИК қызметін жоюдан аулақпыз. Керісінше сол қызметті жетілдіріп, заманауи үрдіске сүйене отырып, жұмысты автоматтандыруға ұмтылып отырмыз. Бүгінгі таңда нарықтағы ПИК қызметін толығымен талапқа сай емес деп айтуға келмейді. Уақыт талабына сай жұмыс жүргізіп, түрлі инновациялық құралдар, түрлі сайттар арқылы жұмысын жүргізіп отырған ПИК-тер де жеткілікті. Әрине, көптеген мәселе қаржыға тіреліп келгені білгілі. Ал біз тек тұрғын мен ПИК-тің өзара байланысын нығайтуға қызмет жасап отырмыз.

Жаңа жобаның жұмысы қалай жүзеге асырылады? Тұрғындар тәулігіне 24 сағат бойы өз ұсыныстарын жолдай ала ма?

Әрине, біз ПИК-ті тәулік бойы қызмет атқаратын call-орталыққа айналдыра алмаймыз. Дегенмен кез-келген тұрғын өз өтінімі немесе ұсынысын қалдырып, оның орындалуын бақылап отыруына мүмкіндік бар. Яғни, «назарға алынды», «жүзеге асырылады», «қабылданды», т.б. сынды ақпарат жолданады.Адам факторы болған жерде, тұрғынның өтініші немесе оның сұрап отырған қызмет түрі ұмытылып кетуі әбден мүмкін еді. Ал автоматтандырылған жүйеде оның барлығы айқын, бір жолға қойылған.  Порталдың ақпараттық қызметінен өзге де, түрлі қаржылық-есептік мәселелер бойынша да тұрғындарға толық мағлұмат беріліп отырады. Жалпы заң бойынша, әр ПИК немесе басқарушы компания тоқсан сайын тұрғындар алдында есеп беруге міндеттеледі.

Бақтияр Маратұлы, «Электорнды ПИК» жобасының пилоттық түрі ағымдағы жылы қаламыздың кей аудандарында қызмет ете бастады. Астаналық ПИК-тер қалай таңдалып алынды? Жалпы тұрғындардың көзқарасы қандай? Жүйе қаншалықты қызығушылық тудырып отыр?

2016 жылдың желтоқсанында Астана қаласының Тұрғын үй инспекциясы басқармасымен бірлесіп жобаның қызметі, құрылымы, мақсатын анықтаған болатынбыз. «Электорнды ПИК» жобасының концепциясынАстана қаласының әкіміне ұсынғанда, Әсет Өрентайұлы жыл сайынғы қоғамдық тыңдауда қалаға осы жоба енгізілетіні туралы айтты. Әрине, техникалық жабдықталуы, қызмет түрлері өзге де мәселелер шешілді. Аталмыш жобаға республиканың барлық өңірінен  IT саладағы бірнешекомпания қатысты. Бүгінгі таңда солардың ішінен«Astana Opencity» ЖШС –  astana.opencity.kz порталы, «Елорданы тұрақты дамыту орталығы» ЖШС- smartksk.kzпорталы, «Retail Solutions» ЖШС – turmys.kz,«Smart Net» ЖК – reception.kz порталы мен «Cloudmaker» ЖШС – topksk.kz порталдары таңдалып алынды. Бұл компаниялар мен порталдыр қаланың 3 ауданындағы әрбір пәтер иелеріне қызмет етеді.

Жобаның қаржылық жағына тоқталғымыз келеді. Тұрғындардан  қосымша ақша талап етіле ме?

«Электорнды ПИК» – тегін  негізде әзірленген   инвестициялық жоба болып табылады. Әзірлеуші компаниялар есебінен болғандықтан, тұрғындарға қаржылық салмақ түспейді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Қожан ШЫМЫРБАЙ